Шынын айтатын болсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясын асығып та, толғанып та күткеніміз рас. Егеменді еліміздің дүние жүзіндегі алпауыт мемлекеттермен терезесін тең ұстап келе жатқаны, халықаралық қоғамдастықтың мойындап, ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа сайлануы әр қазақстандықтың жүрегінде үлкен қуаныш сезімін ұялатқаны түсінікті. Қазақстанда тұрып жатқан 130 этнос өкіліне ұлтына қарамай, дініне қарамай бірдей жағдай жасалып отырғаны Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында екені баршамызға белгілі жәйт. Сессияда ұсынылған Қазақстанның ел бірлігі доктринасы келешегіміздің стратегиялық бағдарламасы және теңдесі жоқ құжат болатыны ешкімнің көңіліне күмән келтірмес деп ойлаймын.
Сессия жұмысына облысымыздан Ассамблея мүшелерімен қатар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатынасып қайтты. Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясынан қатысып келе жатқан, түрі басқа болса да, тілегі бір Ертіс өңірінің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген Павлодар қаласының құрметті азаматы, әзірбайжан ұлтының өкілі Д.Махмудов, украин ұлтының перзенті М.Парипса, еврей ұлтының өкілі Ф.Свечинская және басқа да әріптестерім сессияға дайындықтың жақсы жүргізілгенін, оның барысында бос сөзден гөрі нақты ұсыныс көп айтылғанын атап көрсетті. Ал Доктринаны еліміздегі этносаралық бірлікті қамтамасыз етуде мемлекеттік саясаттық ұзақ мерзімді стратегиялық басымдығы деңгейіне көтеру бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Қазір Павлодар облысында жүзден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Ассамблея құрылар 1995 жылы үш этнос өкілі ғана өздерінің мәдени орталықтарын құрған болса, бүгінде облысымызда 19 этномәдени бірлестік этносаралық және конфессияаралық түсіністікті қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып келеді. Облыс ассамблеясының алты филиалы қалыптасқан, олардың ішінде еліміздің энергетика саласының алыбы болып табылатын Екібастұз қаласында және өңіріміздің ірі ауыл шаруашылығы дамыған, көп этнос өкілдері тұратын Шарбақты, Ақтоғай және Қашыр аудандарында қызмет істеуде. Сонымен қатар, әр этнос өкілдері орналасқан аудан орталықтары мен ауыл-селоларда өңіріміздегі этномәдени бірлестіктердің 47 филиалы бар.
Мәселен, Ақсу қаласында, Лебяжі ауданындағы Бесқарағай ауылында өткен Ассамблея күндері қатардағы этнос өкілдерінің еңсесін бір көтеріп тастағанын айту қажет. Осы кездесулерде әр этностың мәдениетін, салт-дәстүрін, қол-өнерін жан-жақты насихаттауға бар мүмкіндік пайдаланылды. Биылғы жылдың өзінде “Достық үйінде” неміс жастарының фестивалі, “Эльпида достарын шақырады” атты грек ұлттық бірлестігінің он жылдығына орай өткен республикалық фестивалі және Польша мәдениетінің күндері павлодарлықтардың естерінде көпке дейін қалары сөзсіз.
Доктринада айқын көрсетілгендей, тіл саясаты, білім беру мен тәрбие салаларында іске асырар шара-мақсаттар көп, біз оны облыс ассамблеясы сессиясында жан-жақты талқылап, нақты-нақты шешімдер қабылдайтын боламыз. Сессияда қабылданған үндеуді талқылау шеңберінде мен Шарбақты, Успен және Ақтоғай аудандарында көптеген этнос өкілдерімен кездескенімде көзімнің жеткені – әр этнос өкілдері Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сессияда айтылған қағидаларын толықтай қолдайтыны.
Ал біздің ең бір баға жетпес байлығымыз – бірлігіміз деп білеміз.
Идият ӘБДІХАЛЫҚОВ, Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары. Павлодар.