• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
01 Желтоқсан, 2016

Қиын кезеңде қолтығымыздан демеді

354 рет
көрсетілді

...Менің есімнен осыдан 23 жыл бұрын, яғни, сонау 1993 жылы Нұрсұлтан Әбішұлының Құрманғазы ауданына алғаш келгені әсте шықпайды. Сол сапарында Елбасы «Мақаш» өндірістік кооперативінде мейман болған. Арнайы киіз үй тігіп, Мемлекет басшысына қонақасы бергенбіз. Мұндай бақыт екінің бірінің басына қона бермес. Рас, егемендіктің бастапқы белестері ғой, ауыл аса күйлі де емес еді. Елбасының жанын­да облыстың сол кездегі әкімі Сағат Түгелбаев, көршілес Астрахань облысының бұ­рынғы губернаторы Ана­то­лий Гужбин және басқа да лауазымды адамдар болды. Емен-жарқын әңгіме үстінде Нұрсұлтан Әбішұлы: – Біз той жасаймыз. Сол тойымызды кейде аста-төк рәсуаға айналдырып жібереміз. Осы жайды зерделеңіздер. Тойдың мәні болуы керек. Елге, халыққа тағылымды тәрбиесі қажет, – деп қадап айтып еді. Көптен көңіл бөлінбеген ауылдың ажары да Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмаған-ды. Елбасын бұл жай да айрықша толғандырып, көкейдегі ойын ортаға салды. – Қазір жағдай қиындау, – деді Нұрекең отырғандарды бір шолып өтіп, – бірақ, шаралар қабылдап жатырмыз. Таяу уақытта тығырықтан да шыға­мыз. Өз қолымыз өз аузымызға жетеді. Қой үстіне бозторғай ұялайтын кез де келеді. Әрине, сол кезде кейбіреу­лердің «Оған дейін кім бар, кім жоқ» деп сарыуайымға са­лынғандары да бар. Бірақ, Ел­басының бұдан жиырма үш жыл бұрын айтқандары тура келді. Ауызекі әңгімеде «Әулиенің айтқаны, көріпкелдің айтқаны» деп жатамыз ғой. Не десек те, Нұрекеңнің сонау тәуелсіздіктің бастапқы жылдары келешекке сенім артып айтқаны қазір орындалды. Десек те, бүгінгі жетістіктер тектен-тек келген жоқ. Ол – толассыз төгілген маңдай тердің, ерен еңбектің жемісі. Жасыратыны жоқ, сол жылдары қыста бүрсеңдеп, бір бөл­­меге тығылушы едік қой. Отын­ға жарымадық. Көмір алатын ақша да жоқ. Қырдан қи жинап, тезек тердік. Ал бүгін сол қиындықтың бәрі артта қалды. Барлық үйде маздап табиғи газ жанып тұр. Енелері ескі уақытын еске алса, келіндері оған сенбейді. Тіпті, таңғалады. Бұрын шелектеп су тасыдық. Біздің ауданның орталығы – Ганюшкин үлкен жолдың бойында орналасқан. Әрі-бері өткен көліктен басын шығарғандар – сырт елдің адамдары иінағашпен су тасып жүргендерді көргенде таңғалатын. Ал қазір осының бәрі көрген түстей десек, артық айтқандық емес. Бәрінің үйінде су құбыры бар. Иінағашты мұра­жайға тапсыратын кез келді. Қазір құм ортасындағы малшылар кешкілік үйінде болса, ертеңгілік аудан орталығын­да жүреді. Шаруасын бітірген соң көлігімен қай қажетін өтесе де, өз еркі емес пе? Қазір темір тұлпары жоқ үйді кездестіру қиын. Екінің бірі дала жолына ыңғайлы шетелдік көлікті мініп жүр. Бұл да – жақсы жағдай нәтижесі. Біздің «Мақаш» ко­оперативінде 400 шамалы үй бар. Солардың бәрі көлікке ие. Кө­шелерде жарқырап тұр­ған шамдар ше? Қазір қала маңын­дағы әр елді мекен түнде де күндізгідей жарқырап тұр. Міне, осының бәрі – Елба­сы­ның еңбегі. Елін ерен жетіс­тіктер мен жасампаздыққа жетелеген Елбасына деген елдің сенімінің нәтижесі. Баршаның жадында болар, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары әркім өзінің үлесіне тиген азын-аулақ малын та­лан-таражға салып алды. Ірі қарасын сатты, ұсақ малын таратты. Жасы­ратын несі бар, бір шөлмек араққа семіз қой­ын беріп жіберген кез болды ғой. Сөйтіп, байырғы мал бақ­қан жандар алдындағы төрт тү­лігінен айырылған. Сонда ауыл ша­руашылығы түзеледі деп кім ой­лаған? Бірақ, жақсы күндер келді. Ел Елбасына сенді, Елбасы еліне сенді. Халқы да сол сенім биігінен көрінді. 25 жыл – тұтас ғасыр үшін қас-қағым ғана сәт. Егер Ел­басы енді біздің ауданды араласа, онда жаңарған ауылды, өркендеген өлкені көрер еді. Өзім туралы айтсам, жеке­ше­­лендіру тұсында шашырап кете жаздаған шаруаны жи­­нақтап, «Мақаш» аталатын шаруашылық құрдық. Ісі­міз оңға ұласты, 1995 жылы асыл тұқымды еділ­бай қойын өсіретін кәсіпорынға айналдық. Содан 2000 жылы «Еділбай асыл тұқымды зауыты» атағын иелендік. Міне, қазір де шаруашылық ұжымы Елбасы тапсырмаларын абыроймен орындап келеді. Бір ғана мысал келтірсем, мақаштықтар «Қараөткел» жәрмеңкесінде топ жарды. Сонда аталық қойдың салмағының өзі 130 килодан артып, алтын медаль иеленді. Елбасы кәсіпкерлікке кең өріс ашты. Бұрын өз ісін бас­та­ған­дарды кім болса сол тек­серетін еді. Кәсіп иелері тек­серуші­лер­ден қысылып жү­ре­тін, жұмыс та алға баспайтын. Енді еркіндік берілді. Биз­нес иелері осындай еркіндік нә­тижесінде өрелі табыстарға же­туде. «Отандық өндірісті дамыту» бастамасы негізгі ұранымызға айналды. Мемлекет басшысы малды асылдандыруға үлкен маңыз беруде. Ол Елбасы бастаған азық-түлік қауіпсіздігін қалып­тастыруға да қатысты. Халықты әрі сапалы, әрі арзан жергілікті өнімдермен қамтамасыз ету қажет. Міне, Нұрсұлтан Әбішұлы­ның тікелей бағыт-бағдар беруімен еліміздің шалғайдағы қазақы ауылдарында да тұрмыс жақсарып, өндіріс қанатын кең­ге жая түсуде. Елін жанын­дай сүйген Елбасының қашан­да халқыма болсын деген ерен еңбегі ұлықтауға әбден лайық. Ең қиын кезеңде ел-жұртын қол­тығынан демеп, тәуелсіз Қазақстанды әлемдегі бәсекеге қабілетті әрі қуатты мемлекетке айналдыра білген Көшбасшы ерін елі де шексіз құрметтейді. Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Атырау облысы. Құрманғазы ауданы