Жуырда Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Астанадағы ежелгі білім ордасының бірі саналатын Қазтұтынуодағының Сауда-экономикалық колледжінде қос бірдей игі шараның тұсауы кесілді. Оның бірі «Қазағымның әні – қазынам» атты әдеби-сазды кеш, екіншісі Қазақстан халқы тілдерінің ХІІІ қалалық фестивалі аясында өткізген «Тіл – тәуелсіздік тұғыры» атты Тіл апталығы.
Жиынды колледж директоры Мырзабек Төребекұлы салтанатты түрде ашып, кеш қонақтары Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы Дүкенбай Досжан, М. Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, белгілі ақын Несіпбек Айтұлы сондай-ақ, сонау Ұлыбританиядан тәжірибе алмасуға келген 8 колледж басшыларымен таныстырып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұл кеште көмейіне бұлбұл ұялаған халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары, халық әндерін орындаушы шеберлер К.Түлембаева, Г.Сарина, Д.Мұқан секілді күміс көмей, жезтаңдай әншілер тыңдарман қауымның делебесін қоздырып, бір қанаттандырып тастады. Ыстық ықылас-ынтасын ду қол шапалағы арқылы білдірген әрбір жанның көңілдерінен осылайша күй төгіліп сала берді. Бейнебір тылсым құдіреттің құшағына ұйып отырғандай. Әншейінде күбір-шуға ұласатын зал ішінде сілтідей тыныштық орнаған. Студент жастардың әрбірінің жүрегі «Әнді сүйсең, менше сүй», деп отырғандай сезіледі. Бұл әрине, қазақ өнеріне, халық әніне деген үлкен құрмет!
Ұлтымыздың ұлы тұлғалары Абай, Естай, Балуан Шолақ, Мұхит, Біржан сал, Нартай секілді ақын-жырауларымыздың әндерін шырқап қана қоймай, өлеңнің шығу тарихына егжей-тегжей тоқталып өту де ұмыт қалмады. Бұл жөнінде ақын Несіпбек ағамыздың: «Көбінесе радиода орындаушының атын айтады да, әнді шығарған адам ұмыт қалып жатады», – деген сөзі бұл жолы ескерусіз қалмаған сияқты. Әннің, кештің әсері бойға – қуат, сезімге шуақ төкті.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист.