• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
21 Қыркүйек, 2011

Адам туралы аңыз

1021 рет
көрсетілді

Жақаев – 120

Ол феодализмде туып, социализмде салтанат құрып, капитализмге бет бұр­ған қоғамда аңызға айналды. ХІХ ғасырдың соңғы онжылды­ғында Сыр топырағының дария бойын жайлаған Қарғалы деген жеріне кіндік қаны тамып, жігіт шағында кедейлер құрған артельге мүше боп кірді. Қазір бір кездегі «Қызылту» колхозы өз атында. Ауылдағы мешіт те «Ыбырай мешіті» деп аталады. Ол – бұрынғы­ларға белгілі, ал қазіргілерге елес секілді еренғайып бейне. Ыбырай шын мәнінде кім еді? 1891 жылы феодализмнің кең жай­лауын­да шыр етіп дүние есігін ашқан ол кетпен ұстаймын деп ойлаған жоқ. Қылшылдаған жиырма алты жасқа дейін мал бақты, мақта екті, ата-баба­сының шыққан жері Сарыарқаға әлде­неше рет кіре тартып барып, астық әкеліп, жұрт қара бидайға тісін тигізді. Бала күндерінде немере інісі Боқайдың Сыз­дығы екеуін әкелері төте оқуға берген-ді, бірақ молданың көк шыбығы мен сабақтан соң талғажу қылар ащы аталаның дәміне шыдай алмай көнтер­лі бала бір күнде қашып кетті. Сөйтіп, көрші оңтүстік жақтан көргенін істеп мақта екті, бірақ көлкіген Сыр суын егіске шығара алмады. Осылай әр істің басын бір шалып жүргенде заман өзгерді, бай-манаптардың жүні жығы­лып, көшеге қызыл ту ілінді. Бұл – феодализмнің қол бұлғап кетіп, социалистік дәуірдің келуі еді. Ыбырай өзі туған он тоғызыншы ғасырмен қошта­сып, жиырмасыншы ғасырдың жаңа тіршілігінде көп нәрсеге тосырқай қа­ра­са да тосын істерге бет бұра бастады. Артельге мүше болды, көрші­сі Сейтімхан ұста жасап берген қайың сапты кетпенді қара тірліктен аяған жоқ, артель басшысы қайда жұмсаса сонда барды. Аталаны ащысынбай, көк шы­бық­ты ауырсынбай қалып қойған інісі Сыздық төте оқуды тәмамдап, сауатын ашып кеп, артельді басқарды. Сөйтіп жүргенде колхоз құрылып, Мәскеуде алты ай оқып, білімін толықтырып келген Сыздық жина­лыста сол колхоздың атын қойды. «Еңбек­ке шықсақ Қызыл ту ұстап шыға­мыз, соғысқа шықсақ Қызыл ту ұстап шығамыз, колхоздың аты «Қызыл­ту» болсын» деді алқалы жиында көкшіл көзі күлімдеп тұрып. Бұл қостап, інісінің арқасынан қақты. Ыбырайдың жалпақ жауырыны сол жолы жиналысқа қатыс­қандарды жалт қаратып еді. Ол бозбала шақ – жастық дәуренін­де өз ортасына аса бір сіңімді болмады. Қызойнақта да, ақсүйекте де қара кү­ші­мен көзге түсіп, ауыр қимыл-қоз­ғалы­сымен ортада оғаш көрініп қала берді. Таудай боп дүңкиген бозбала қызойнақ­тың көркі болмағанымен, белдесуде бәрін жығып, еркектер ернін тістеп жүреді екен. Ыбырай жар сүю мен перзент сүю­де де малшынып ләззатқа бөленген жан емес. Оның ауыр мінез-құлқына сай өмірі де өзіне сондай ауырлықты сыйлағандай. Алғашқы жары Балқия ерте бақилық боп, артында жалғыз ұлы Ақылбек қалды. Ол 1942 жылы Отан үшін оққа ұшты. Кейінгі жары Бибажардан дүние есігін ашқан жалғыз перзент Сейітбек – артында қалған тұяқ. Ол да агроном, жер жанын аялаған диқан. Өмірдегі жалғыз перзентінен кейінгі қимасы – қара кетпені еді, ол да мұражайда тұр. Ыбырайдың бағын жандырған социалистік қоғам. «Қызылту» колхоз боп құрылған 1929 жылдан бастап қара жұмысқа араласты. Тағы да мақта екті, бірақ ыстық жердің өскіні Сыр топырағын өгейси берді, қаупая боп қурап қалды. Алып Сырдарияның суын өмірге пайдалану түбірлі мақсат бол­ды. Өйткені, «сулы жер – нулы жер», бар суды үлкен егіске неге пайдалан­бас­қа? «Қызылтудың» Қаратау беткейін алып, Сәкеннің «Бандыны қуған Хамитын­дағы» Кудря бауының бойын жағала­тып, облыс аумағындағы алып құрылыс – ұзындығы 105 шақырымға созылған – Шиелі каналын қазу бас­талды. Осы еңбек майданы оның кетпенші атын шығарды. Топырақты зембілге салмай бірден жағаға атты, жұрт сияқты де­малуды білмеді. Сөйтіп, он күн сайын берілетін сыйақы – он метр шыт матаның көбін өзі алды. Қызыл тілге тұсау бар ма? Колхоз бастығы Сыздық Боқаев сыйақының көбін ағайынына беріп жатыр деген сыпсың сөз шықты. Омбының ауыл шаруашы­лығы акаде­мия­­сын бітіріп келген аудан­дық жер бөлі­мінің бас агрономы әрі уәкіл Әнес Алтын­беков жарма жағалап жүріп Ыбырайды сырттай бақылады. Сөзге сараң, іске жомарт адамды көрді. Кетпен­шінің жалпақ жауырыны мен батпандай білегіне, құмбыл қимылына қай­ран қалды. Болашақта егілетін күріш танап­тарын күтіп-баптау үшін осы бір сөзге сараң, іске жомарт адамды іштей қалады. Солай болды да. Әнес Ыбырай­дың бақыты боп жолықты. Әнес диқан­ды, диқан дән мен жер сарапшысын түсініп, бір-біріне бас иді. Әнес Ыбырай­дың еңбегін бағалап, атын әйгіледі, «Ыбырай Жақаевтың күріш өсіру тәжіри­бесі» деген тақырыпта кандидат­тық диссертация қорғап, Сыр күрішін өмірден өткенше мәпелеп өтті. Әнес Алтынбеков­тің артын­да қалған күнделігінде сыр ғып жазған сөздері мынадай: «Ыбекеңнің еңбеккер­лігін сөзбен айтып жеткізу мүм­кін емес. Ыбекең рекордтық өнім алған жерін тоғай томарынан кетпенмен арылт­ты. Сонда бір күндері 16 нормаға дейін орындайды. Өзі сушы, өзі себуші, өзі со­қашы, өзі отақшы, өзі тегістеуші, өзі тұ­қым­ды сұрыптаушы және өзі бағалаушы. Ыбекең: «Айтып берген нұсқаудан орындап көрсеткен нұсқау мың есе құнды», дейді. Жер айдау сапасы туралы сұраған шәкіртіне ол соқаға өзі отырып терең-саязын, тағы басқа сапасын нақты орындап көрсеткеніне сан рет куә бол­ған­быз. Ол «өз қолыңнан келмесе қалай үйретесің» дегенді басты бағыт етіп ұс­тайды». Сонда диқан күріш егудің әліп­песін үйретіп, атыз деген тарам-тарам тармақтарды ең әуелі топыраққа сызып көрсеткен Қиыр Шығыстан ауып келген корей шалы Ким-Ман-Самның әруағы алдында бас имеді дейсіз бе? Ғалым одан әрі диқан бойынан көрген ғибратты былай­ша жеткізеді. «Ыбекеңнің байып­тау сезімі зор. Ол кейбір зерттеу тілейтін құбылысты өз байыбымен дәл табады. Мысалы, ол агрономдық ережеде 130 кілә тұқым себу керек деген норманы екі есеге дейін көбейтіп қолданды. Рекорд жасаған жылы азот тыңайтқышын 5 центнер беру керектігіне қарамастан, оны 9 центнерден берді. Өсімдікпен тіл табысқандай үш рет бөліп берді. Бір жерге жоспарланған 12 центнер азоттың 25 пайызы артық деді. Топырақты лабораториядан өткізгенде оның жорамалы дұрыс болып шықты. Тыңайтқышты 12 центнер берген жер қаупая болып кетті. Ал 25 па­йыз кемітіп берген жер одан анағұрлым артық өнім берді. 4 қазан, 1971 ж.». Ыбырай тағдыры – дәуірмен тамыр­лас. Ол өмірде шамшырақ болам деп ештеңеге бойұсынбаған, жалған сөйлеу – ол үшін күнә. 1941 жылы ел басына күн туғанда соғысқа шақырту келіп аудандық әскери комиссариатқа барады. «Елу бірдемін деп айт», деп колхоз бастығы Сыздық құлағына құйып жібереді. Түс ауа келіп: «Елу бірдемін деп айта алмадым, кететін болдым», деп жиналып жатқанда, Сыздық атына міне шауып, аупарткомның бірінші хатшысы Қара­көзов­ке келіп, ер-азамат аздығын, күріш егетін адам жоқтығын айтып, бір жасты жаба тоқып алып қалады. Ол соғыста да бұғып қалар жанаяр болмас еді, бірақ қара кетпенді қолға алып, қазақы салы егіп, күріштің атын әлемге паш ете алар ма еді, кім білсін дейміз де, қаһарлы 41-жылы жарты ғасыр жасаған адамның иманды келбетін көз алдымызға әкелеміз. Қанды қырғын жылдары Ыбырайдың да, «Қызылтудың» да аты шықты. Үй орнындай дәу томарды қос өгізбен сүй­реп, себілген дәнді сумен араласты­рып, «Ылай омаш» жасап келе жатқанда өгіз­дің біреуі зорығып омақаса құлайды. Ол төрт аяқты жануарды сирағынан сүйреп жағаға шығарып тастап, орнына өзі жегіледі. Атыз жағалап жүрген аупарткомның бірінші хатшысы Қаракөзов қатар жегілген адам мен өгізді көріп, зәресі ұшып тұра қашыпты. Аупарткомға келіп, көргенін айтқанда ол уақыт пен еңбектің алдында құл боп жүрген баяғы соғыстан алып қалған жігіт боп шықты. Осыдан бастап Ыбекеңнің есімі жиналыстарда атала бастайды, соғыстағы ерлермен салыстырып, еңбек майданының ері ретінде көрнекі сөзге қуат болады. Ыбырай күріштің бабын тауып, баладай мәпелей білді. 1944 жылы 12 гектар егістің әр гектарынан 148 центнерден өнім жинады. Майданға аттанған жалғыз ұл Ақылбек­тен қалған танаптың әр гектарынан 172 центнерден өнім алды. Бәрінің дөңгелек есебі – 1824 центнер. Бұны дән сырын зерттеген қасқа маңдайлар әлемдік рекорд деп бағалады. Осыдан алынған 172 мың сом қаржы түгел Қорғаныс қорына аударылды. Қанды қырғын күндерінде Жоғары Бас қолбасшы Сталиннен Ы.Жақаевтың атына арнайы жеделхат келді. Онда: «Сізге Қызыл Армия атынан алғыс айтамын», делінген. «Правда», «Известия», «Красная звезда» секілді одақтық басылымдар қара қазақтың жанқиярлық еңбегі жайлы толғана жазып, оның мол өнім алу сырын талдап-тәптіштеп, жұрттың көзін бұрын болмаған бір кереметке жеткізді. 1946 жылы КСРО Мемлекеттік сый­лығы беріліп, 1949 жылы алғашқы Социалистік Еңбек Ерінің Алтын Жұлдызын тақты. Осының бәрі де оның болмысына әсер етпеді. Ол кеудесін керіп жүргенді қаламайтын жан еді. Оның бұл кірпияз болмысына ел басшысы Дінмұхамед Қонаевтың көзі жетіп, қайран қалды, диқанның турашылдығына тәнті болды. Ыбырай Жақаевтың еңбек жолы ел ағасы Д.Қонаевпен тығыз байланысты. 1947 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сінің Төралқа мүшесі ретінде төрге қол­тықтап шығарған Жұмабай Шаяхметовтен кейін диқанды біртуар еңбек адамы деп біліп, әкесіндей құрметтеген Дінмұхамед Қонаев еді. Қонаевпен кездескен тұста Ыбырай туралы сұрағаным бар. «Мен Ыбекеңді жетпісінде екінші Алтын Жұлдызға ұсынып едім, күңкіл көп болды, – деп қысқа қайырды Диме­кең. – Сексен жылдығында ұсынғанда Саяси Бюрода: «Егер Қазақстан Украина секілді күріштен мол өнім алсын десе­ңіздер, Ыбырай Жақаевқа екінші Алтын Жұлдыз беріп, күрішшілер қозға­лысын өрістету керек», деп мәселе қойдым. Бас хатшы Брежнев Ыбекеңді Қазақстанда жүрген кезінен білетінін айтты, ондай адамдар сирек деп баға берді, ол қолдаған соң басқалар да қол көтерді». Сонда 1971 жылы екінші мәрте Социа­лис­тік Еңбек Ері атағын алуына байла­нысты колхоз клубында өткен салтанатта, өзіне сөз бергенде: «Бір рет бердіңдер ғой, екінші рет не керегі бар еді, онан да мына отырған кетпенші қыз-келіншек­терге бермедіңдер ме?» деп ол залды нұсқаған көрінеді. Ол қол шошайтқан қатарда отырған Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, жас механизатор Жадыра Таспамбетова кейін Еңбек Ері атанды. Бұл да ұмытылмас сәт, әліге дейін айтылып жүрген ауыздағы сөз болып қалды. Тіршілікте Ыбекең мен Димекеңнің арасы ажыраған жоқ. Меңліахмет ақсақал дүниеден қайтқанда қара шаңырағына келіп көңіл айтты. Сонда Димекең әкесінің көзіндей көретін Құранды құрметпен сыйлады. Димекең зейнетке шыққан соң «Қо­наев және Жақаев» деп тақырып қойған қолжазбамды көрсетіп алайын деп ол кісінің үйіне келдім. Мен оқыдым, ол кісі тыңдап, қосарын қосып отырды. Зердесі қандай терең, сексеннен асса да өмірдің ұңғыл-шұңғылын ұмытпапты. Қызылор­да­дан КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат боп сайланған тұсқа келгенде: «Ол кезде менің қасымда автотранспорт министрі Гончаров болған. Қызылорда – Жезқазған тас жолын салуға аманат алдым және орындадым», дегендей толықтырулар көп-ақ болды. Бір күн оқып, екінші күні соңғы нұсқасын көрсеткенімде: «Енді добро дейік. Бірақ, тақырыбын «Жақаев және Қонаев» деп Ыбекеңді алға шығар. Ол кісі менің әкеммен қатар ғой», деп соңғы өзгертуін жасады. Есіктен таң қалып шықтым. Екі болмыстың бір-біріне ұқсастығына таң қалдым. Ыбырай сөзге сараң еді, бірақ айтса кесіп айтатын. Айтқан сөзі іске асып, ел жадында қалатын. 1970 жылы Алматы облысының Балқаш ауданы күріш егіп, Ақдала алқабын игеруді бастады. Орта­лық комитеттің бірінші хатшысы Д.Қонаев: «Жақаевты шақырып, топырағын көрсетіңіздер», деп алдын-ала нұсқау берді. Диқанның мың шақырым жерден ат арытып келгенде топырақ уыстап тұрып айтқаны «Суы мөлдір екен», деген жалғыз ауыз сөз болды. Мұны естіген Қонаев күріш мамандарын шақырып: «Суы мөлдір болса не болады?» дегенде: «Күріштің арқасында күрмек су ішеді», деген мәтел тікелей суға байланысты айтылған, – депті бір академик. – Лай су күріштің құлағына кіріп кетіп саңырау боп қалады да, күрмек қаптап кетеді. Таза су күрмекке жол бермейді». «Онда істі бастаңдар» депті елағасы. Ақдала алқабы осылайша игеріліп, Жетісу жұрты күріш дақылымен осылай бетпе-бет жүздесті. Ол бей-берекет басқосуларға баруға құлықсыз болатын. 1973 жылы Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Әнуар Әлімжановтың тікелей қолдауы­мен «Әдебиеттегі еңбек адамының бейнесі» деген тақырыпта пленум өткен. Сонда екі мәрте Социалистік Еңбек Ерлері Ыбырай Жақаев пен Жазылбек Қуаныш­баев арна­йы шақырылып, төрде қатар отырды. Әуелі Ыбырайға сөз берілді. «Диқанға кетпен керек, жазушыға қалам керек. Осы екеуіне абай болайық», деп мінбеден түсіп кетті. Осы сөзді жазу­шылар көпке дейін айтып жүрді. Олар өзара басқосқанда: «Өзіңе не керек екенін білесің бе?» деп әзіл-шыны аралас бір-бірінің бетіне қарайтын. Сол жолы Әнуар Әлімжанов­тың Ыбырайды алғаш көруі екен. Кейіпкерін пойызға қолтық­тап шығарып салды. «Диқан туралы хикая» деп аталған шығармасындағы өзі көрмей сомдаған кейіпкеріне кеткенше таңғала қарады. Ыбырай әзілге жоқ адам еді. Оның бір айтары бар, қара сөздің қадірін түсірмейтін, бірақ тіл жалдап біреуді алдай алмайтын. Тоқсанға толарда қосағынан айырылып, Жамбылдағы інісі Жазылбек Қуанышбаев көңіл айтып келіп, қайтарында сөзінің соңын әзілге шаптырып, тетелес ағасын жұбатыпты. «Ыбеке, қамықпаңыз, әлі-ақ аяқтанды­рамыз», деп қолын иығына салса, кірпігін жиі-жиі қаққан ол: «Жаның ашыса, екі қатыныңның біреуін бермейсің бе?!» дегенде, інісі жымыңдап күле беріпті, дейді. Ол сөз майын тамызған әңгімешіл емес, бірақ ұрымтал тұста тап басып, қалт жібермейтін. Бір ауыз сөзбен тосылдырып қойған кездерін әркім әр жерде айтып отырады. КОКП ХХІІІ съезіне делегат болып қатысып, Кремльдің кең сарайында күнұзақ тік шаншылып отырып шаршаған диқан алыстағы ауылын, ұстаусыз қалған қара кетпенін ойлап, қонақүйге құр сүлдері келген бетте қасындағы Қазақстан Комсомолы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібековке: «Шәй қой», дейді екен. Өзағаңның мінезі тік әрі күйеулігі бар, бір күні: «Неге шәй іше бересің?» десем: «Мәскеудің суын аяп отырсың ба?!» дегенде, сасып қалдым» деп жымиғаны бар. Ол – диқан ретінде күріш пен күрмектің айырмасына қатты мән берген жан. Делидегі күріш тұқымын сұрыптау орталығында осы бір бағалы дақылдың жер бетіндегі он екі мыңнан аса сорты сақталған. Олардың арасында алпыс күнде және алты айда пісетін сорттар бар. Соның ішінде өнімділігі­мен әлемдік рекордтық сорт деп ерекше танылған «қазақы салының» орны биік тұғырда. Бұл – Ыбырай өсірген күріш, төл тәжірибесімен өмірге келген өскін. Сыр топырағынан жаралған күміс дән күріш атасы – Делидің төрінде мәңгі сақталады. Күріш барда Ыбырай аты өшпейді. Өйткені, ол өзіне ұстаз тұтқан ұлты корей Ким-Ман-Самнан кейін күріштің атын шығарып, алақанымен аялап, балаша мәпелеген адам. Өмірдің де күріші мен күрмегіне іштен тынып қарап, адамдардың іс-әрекетіне айырма жасап отыратын абыз еді. Қазақ тілінің тәуелсіздік алғаннан кейін шыққан ең жаңа түсіндірме сөздігінде күріш пен күрмек сөзі қатар тұр. Күріш суда өсетін дақыл болса, күрмекті күріш арасында өсетін арам­шөп және соның дәні деген анықтама беріліпті. «Күріштің арқасында күрмек су ішеді», деген атам қазақтың мәтелі әркімнің жүрек қоржынында, ол – өмірдің бейнесі. Ыбырай болса күріш пен күрмекті таразы басына тең салып, сарабдал салиқамен салмағын сара­лаған зерде иесі еді. Мініс атының мойнына күрішке обал болады деп, күрмек толы дорба ілетін. Бұл – еңкейіп, еңбекпен өсірген перзентіндей ақ күрішке деген құрмет. Ол өмірде ерінбеген адамдарды ардақтап өтті, адамды алалауды білмеді, еңбек еткен­нің еңсесі биік деп білді. Келіп-кетіп тұратын ақын інісі Әбділда Тәжібаевты шын жақсы көрді, екеуінің нағашылы-жиен боп сөздері жарасты. Ақын сексенінде «Ағатай!» деп жыр арнады. Ағатай! Не деген мұнша төзімді ең, Көрмедік бірде көлеңке, қайғы көзіңнен. Ортайған Сырдың ағынын кейде жетектеп Шықтың-ау алып шөлдеген жерге өзіңмен... – деп, екінші Алтын Жұлдызды тақ­қан салтанатта өлең оқып, басын иді. Ыбырай ауылына келген вьетнам­дықтар рекорд жасаған жердің топы­рағын қалтаға сап еліне алып қай­тыпты. Бұған сол кездегі колхоз төр­ағасы Мұхит Смайылов куә. Олар киелі топырақты өз мұражайларына қоймақ­шы. Топыраққа тағзым деген осы. Вьетнам, Үнді елдері қара шалдың басқан топырағын қадір тұтса, қайран елі – қалың қазағына оның жанкешті төзімі өмір сабағындай тағы­лым. Ыбырайды барлық азапты шақтар­дан алып шыққан – төзімі. Оның қайыстай қатты төзіміне қара кетпені серік болды. Қашан болмасын кісі таңғаларлық төзімі мен қайың сапты кетпені қабат айтылады. Ол туралы аз жазылған жоқ. Адам төзімі туралы ақиқаттан туған аңыздың да кейінгілерге ғибраты болар. Қуандық ТҮМЕНБАЙ, жазушы. Алматы.