Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі болашақ офицерлерінің қатары «Қаржы полициясының қатардағы қызметкері» атағы берілген Қаржы полициясы академиясының тыңдаушыларымен толықпақ. Осыған орай өткен сенбіде аталған академияға биыл қабылданған 125 тыңдаушы салтанатты түрде ант берді.
Аталмыш шарада арнайы сөз алған Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы, генерал-майор Қайрат Қожамжаров курсанттарды құттықтай келе, «Сіздер үшін бүгін қуанышты күн. Бүгіннен бастап академия сіздердің екінші үйлеріңіз болғалы отыр. Мемлекеттің болашағы үшін халқымыз бен Елбасына адал қызмет етулеріңізге шын жүректен тілектеспін», – деді.
Мұнан кейін 1-курс тыңдаушылары атынан сөз алған Жасұлан Ергеусізов бұл оқу орнына түсу көп жастың арманы екенін және осы ретте курстастарын дәріске барынша ден қоюға шақыратынын жеткізсе, ата-аналар өкілі Г.Батырбекова өрендердің ата-ана еңбектерін ақтап, оқуда озат, елімізге адал қызмет ететін офицерлер болуларына деген аналық ақ тілегін жеткізді. Жиылған жұртшылық алдында Ант қабылдау рәсіміне арналған салтанатты шеру өтіп, оқу алаңында академия тыңдаушыларының қызметтік оқу-жаттығулары көрсетілді.
Еліміздің құзырлы органдарына қызмет етуді және мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін сақтауды өзінің борышы деп таңдаған қаржы полициясы және кеден органдарының болашақ қызметкерлері төрт жыл бойы академияның профессор-оқытушыларынан экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ оны ашу мен тергеуге қажетті заңдық және экономикалық білімдерді меңгеруге мүмкіндік алады.
Қаржы полициясы органдары қызметінің бағыты бойынша халықаралық және ведомствоаралық байланысты дамыту мақсатында еліміздің Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мен Тәжікстан Республикасы Мемлекеттік қаржыны бақылау мен сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі арасында аталған Қаржы полициясы академиясында оқыту үшін екі жақты келісім-шарт негізінде биылғы жылы бес тәжікстандық тыңдаушы қабылданып отыр. Академияға оқуға қабылдану келешек қаржы полициясы мен кеден қызметінің сардарлары өміріндегі ең маңызды оқиға болып табылады. Бұл академияға тыңдаушы қатарына ресми қабылдану алдымен жалпы білім беру мектептеріндегі бірыңғай ұлттық тестілеуді жақсы тапсыруымен ерекшеленсе, медициналық және психологиялық тексерулер де назардан тыс қалмайды. Сондай-ақ, дене шынықтыру нормативтерін тапсыру мен кешенді тестілеуден тұратын үш деңгейлі конкурстық іріктеуден өту қажет.
Сымдай тартылған салтанатты рәсімдегі курсанттар осындай білімі мен біліктерін ұштастырып, оқу орнына түскен ұландар деп айтуға толық негіз бар. Олардың мемлекеттің құқықтық тәртіп пен экономикалық қауіпсіздігінің тиімділігін арттыруға үлес қосамын деген ізгі ниеттерін де бұйыртса, осы білім ошағында қалыптастыруға мүмкіндіктері мол.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы,
Қосшы ауылы.