• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Қыркүйек, 2011

Қазақ елі

559 рет
көрсетілді

Бүгін мен болашақ туралы ой

 

Мадьяр даласындағы қазақ додасы

Өлген соң да ораламыз рух боп, Шайқасамыз шығып келіп көрден біз.                          Шандор Петефи. Қостанай мен Торғай даласын еркін кезіп шаршаған кезімде, Арқалық қаласына дем алуға тоқтадым. Бұл қалада мен сонау ХХ ғасырдың сексенінші жылдары болған едім. Жаңа облыс орталығы қанатын кеңге жайып, лезде өсіп, көркейіп келе жатқан кез. Облыс басшысы қазақтың табанды азаматы Еркін Әуелбеков. Бүкіл облыс жұртшылығынан жиылған қазақтың көне дәстүрлі қолөнер бұйым­дарынан тамаша өлкетану музейі ашы­лыпты. Бұл істің басында халқын жанындай сүйген Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз тұрып еді-ау. Бұларға кейіннен іскер, намысшыл Мәркен Шәйжүнісов қосылған. Халқын аялай сүйген сол бір асыл адамдар естен кетпес. Бүгінде Торғай тозған. Ертедегі салтанат жоқ. Елдің күйі де жадағай көрінді. Батырлар табан тіреген, ту тіккен, қайран дала талып жатыр. Әбден шаршап-шалдыққан мен де, қонақүйдің төсегіне жамбасым тиген соң, ұйықтап кетіппін. Бір түн, бір күн жастықтан басымды көтере алмай талықсып жаттым. Аяқ пен бел сырқырап орнымнан тұра алар емеспін. Он бес күн бойы медиен даланы талмай аралап келіп құлаған тән сыр беріп жатыр. Жас кезімде қазақ даласын айлап, Алатаудан Маңғыстауға, Алтайдан Бетпақдалаға дейін сандалғанда қалай шыдағанбыз деп ойладым. О, ол жастық еді! Жүректе нала, көңілде қобалжу жоқ бақытты шақ болған. Арман қуған албырт кездер-ай!... Өз-өзімді зорлап орнымнан көтерілдім-ау. Суық судың астында ұзақ тұрдым. Дене сергіді. Ой серпінді ағым алды. Қонақүйдің астындағы шағын ресторанға түстім. Дәл қазір, бір тостаған қызыл шарап ішіп жан шақыру керек еді. Ресторан залында адам жоқ. Даяшы да он бес минуттан соң әзер келді-ау. О, менің асығып-аптықпайтын маңғаз елім!... – Кешіріңіз, сіздің келгеніңізді аңғармай қалдым, – деді даяшы қыз. – Оқасы жоқ, қайда асығамыз. – Ас мәзірін қарадыңыз ба?... – Қарайтындай еш нәрсе жоқ екен, жаным. Котлет, бифштекс, азу, орыстың белгілі бот­қалары ғой. Маған жылқының еті керек. Сонан соң бір тостаған француздың қызыл шарабын әкеліп бер. – Ой, аға, бізде шетел шарабы деген  болмайды. Қымбат шөлмектерді ұстамаймыз. Қазір ресто­ранға адам келмейді ғой. Қонақүйде венгр жігіті мен сіз ғана тұрасыз. – Онда жылқының еті болса... – Аспазшыдан сұрап көрейін, аға. – Көр. Сол сөзді айттым да сілейіп отырып қал­дым. Апырмай, нендей ауыр сөз еді? Көрге кірген кісінің, көрден құтылып шыққаны бар ма? «Көр» деген сөзді аңдап қолданған дұрыс болар. Жазушы әр сөзіне сақ болуы керек деп ескерткен француз Сартр ағамыздың ойын да еске сіңіру керек-ау! Ресторан залына ұзын бойлы, батыр тұл­ғалы жігіт енді. Даяшының венгр жігіті дегені осы болар деп мөлшерледім, сонан да жас жігітке дастарқанымды мегзеп: – Мүмкін болса, менің қасыма отырыңыз, – деп тілек айттым. – Рахмет. Отырайын. – Венгриядан келген сіз бе?... – Иә, менмін. Атым – Ласло. – Менің есімім Роллан. Даяшы келгенше ол екеуміз осылай жөн сұра­сып алдық. – Торғай даласын жиырма бір күн араладым, аға. – Шаршаған боларсың? – Түк те шаршағам жоқ. Ата-баба жерін аралау бақыт қой. Мадьяр туыстарымды да көптеп таптым. – Қайырлы болсын! Торғай даласында мадьярлар баршылық. – Молаларын да көрдім. Мінәжат жасадым. Қазақтың салтымен қой сойғызып, құран бағыштаттым. Даяшы келді. – Аға, француз шарабы жоқ. Грузиндікі бар. Жылқы еті жоқ, колбаса бар. – Грузиннің шарабын ішпеймін. Колба­саңды жемеймін. Қазір колбаса жесең, түнде ол сені жейді. Онда нан мен май бар ма? – Бар, – деп қуанды даяшы. – Маған бифштекс, ірімшік, қаймақ беріңіз, – деді Ласло. Сонан соң маған бұрылып: «шарап ішкіңіз келе ме?» – деді. – Дала кезіп шаршаған соң, бір тостаған француз шарабын ішіп, жылқының етін жегім келген, – дедім мен. – «Тоқай» шарабына қалай қарайсыз? Фран­цуздың шарабынан артық болмаса кем емес. Менің келіскен райымды байқаған жас жігіт лып етіп көтеріліп, жеңіл басып залдан шығып кетті. «Өз елімізде өз тамағымызды жасатып, іше алмай жүрген не қылған ұлтпыз?...» деп ойла­дым мен сол сәт. Қазақ елін аралаған сайын көңіл құлазып қалып жататыны бар. Юрист, экономист оқуын таласа оқығанша, бұ қазақ жастары аспазшы, электрик, сантехник, моторист сияқты мамандықтарды неге меңгермейді. Бұл ұлттық мүдде ғой. Ұлттық мүддені ұлт қорғамағанда кім қорғайды, құдай-ау? Біз сияқты, еңсесін енді көтерген, бойын тіктеген халыққа керемет істерді жасап қой­дық, озық елдердің қатарына қосылдық деп алакеуде айғайға барып керегі не? Алда тұрған үлкен мақсаттарымызды, сол үшін бел шешіп кірісер үлкен мүдде аясын, ел үшін күресте қазақ халқының атқарар жанкешті істерін айтуымыз керек қой. Халықты той-томалақ  емес, болашақ бақытымыз үшін жан салар ізденіс пен ұмтылысқа толы еңбек алаңына жинауымыз керек емес пе? Қазақ елін жайлаған жүзден аса ұлттар мен ұлыстардың әр қайсысының артында қалың жұрты бар. Қазақта қазақ елінен басқа несі бар? Жер астының байлығы жаттың қолында. Жер үстіндегі байлық жемқорлардың уысында. Сонда бұл қазақ Айға барып жан сақтай ма? Не істейді? Көрер күніміз не болмақ?... деп мен Абай атамша күңіреніп біраз отырдым. Ресторанның тар залын еңсесімен басып, еңгезердей Ласло дастарқан басына келіп жай­ғасты. Қолындағы торсықтай дәу бөтелкені алдыма қойды. – Роллан аға, мынау «Тоқай» шарабы. Кечкеметтен арқалап әкеле жатырмын. – Мынауың бес литр ғой, шамасы. Маған бір тостағаны да жетеді. – Шамаға қарап ішерміз. Қалғанын Қос­танайдағы ат зауытының жігіттеріне апарып беремін. Қазір бір табақ ып-ыстық жылқы еті келеді. Тобағабыл деген ту­ы­сым әкеледі. Жи­ырма бір күн бойы мені мадьяр елімен таныс­тыр­ған сол жігіт. – Жақсы жігіт бол­ды ғой. – Тобағабыл жі­гіттің төресі десек бо­лады. Айтулы көкпар­шы. Нағыз дода иесі. Аға, таныстық үшін бір тостаған шарап ішейік. – Болсын, Ласло ба­уырым. Ертеде қып­шақ­тар Дунайдан атта­рын суарған ел еді, қа­зақ пен мадьярдың ту­ыстығы артсын! Ға­сыр­лар өтсе де, кеңістік пен уақыттың бода­нын­да жоғалып кетпеген, түтіні өшпеген түркі халқы аман болсын! Бір тостаған венгр шарабын мақтап оты­рып тауыса бергенде, нән ағаш табаққа жыл­қының ыстық етін тол­тырып әкелген То­ба­ға­был ініміз көрінді. Көзі өткір, кеудесі бір құлаш, батыр бітімді аң­қыл­даған жас жігіт екен. Ағалап тұрған жайсаң жігітке сүйсіне қарап қалыппын. Екі мадьяр – бірі қазақ, бірі венгр жігіт біріне бірі сай екен, мол пішілген кесек тұл­ғалы, ірі азаматтар. Тобағабыл өткір кездігімен жылқының етін сәнімен, рет-ретімен турап отыр. Турап оты­рып, Ласлоның өмірбая­нын да тәптіштеп айтып берді. – Ласло бауырыңыз, Лондонда оқу бітірген, университеттен соң Америка, Австралия сияқты елдерде кәсіпкерлікпен айналысқан. Билл Гейтстің командасында талай жыл қызмет атқарған. Компьютерді ерттеп мінген милы жігіт. Кечкеметте болған ат додасына қатысып, бүйірі қызған, ат спортына ғашық болған. Сонан компьютерді ертоқымға ойланбай ауыстырған жігіт, – деп күлді Тобағабыл. – Түгелдей ауыстырғам жоқ, компьютер болмаса ақшаны қайдан таппақпын. Ат спорты жа­зылмайтын ауруыма айналды. Мадьярдың қаны бойымды буды білем, Роллан аға. – Ласлоны Торғай даласымен алып жүрдім. Еркін аралады. Бабаларының басына түнеді. Құран бағыштатты. – Қазақстанға бірінші келуің бе? – дедім мен. – Иә, тұңғыш келуім. Ертең Қостанайға жол жүреміз. Ат зауытын арнайы көруге бармақпын. – Онда атақты Набиолла Кикебаев деген ағамыз бар. Ұзақ жылдар ат зауытының бас­тығы. Ол кісі Венгрияда болып, ат додасына қа­тысқан. Ласломен сонда танысыпты, – деді Тобағабыл. – Ал Роллан аға, ет суымай тұрғанда, дәм алыңыз. Қазір, келініңіз қымыз әкеледі. «Тоқай» шарабын енді ішпесе де болады. Қостанайдың атшы жігіттеріне қалсын. – Тобағабыл інім, дұрыс айтасың. Алдыңда жылқының еті мен қымыз тұрғанда, өзге тамақ жолда қалады ғой. Көшпенділердің тамағына не жетсін, шіркін! Аздан соң, Тобағабылдың үйіндегі келін келді. Бір саба қымызды жігіттер көтеріп кіргізді. Сүйкімді жас келіншек жайдары жүзді, ашық көңілді адам екен. – Аға, мына дәм сізге бұйырды. Ласлоны тосқан ек, ол шаршадым деген соң, қинама­ғанбыз. Ағалар мен інілер ылғи да осылай тату-тәтті өмір сүруге жазсын. Татулықтан бұ тірлікте ыстық не бар дейсіз?! – деп ағынан жарылды. Ойда жоқта кездескен жастарға сүйсіне қарап мен отырмын. Жолаушы болған соң, жолда небір қызығы мен шыжығы қолтықтасқан кездесулер болып жатады. Небір адам тағдыры туралы айтулы әңгімелерді де осындай жиында естіп қалып отырасың. Қазақ елін асықпай емін-еркін аралағанда қанша салауатты, ойлы адамдармен табыстым. Табыстым да, туыстай жақын болып кеттім. Мектептерде оқушылармен, университеттерде студенттермен кездескенде қанша та­лапты, талантты жастарды таптым. Әлем жас­тарының маған жазған хаттарын жинасам, бір үлкен кітап болар еді. Сол хаттардағы жас­тардың арман-тілектері, жандарын күйзелт­кен ой-пікірлері тарам-тарам бөлікке бөлініп жатыр-ау. Ал мына Арқалық қаласының қонақүйіндегі кездесу бөлек еді. Мен жан-тәніммен Ласло айтқан үзік-үзік ой дүниесін темір таспаға түсірдім. Енді сол темір таспа сөйлесін. – Осыдан екі жыл бұрын Венгрияның Кечкемет қаласына түркі тілдес бауырларымызды жи­надық. Басты мақсат – ат додасы еді, – деп бастады сөзін Ласло бауырым. – Сол жиынға қазақтар да келді. Бірақ атсыз келді. Еуропаның төріне ат жеткізу оңай емес. Қазақстан мен Венгрияның арасы бес мың шақырым. Қазақ­тардың жүген ұстап, ертоқым құшақтап, қол­тықтарына қамшы қысып келгендеріне разы болдық. Қамшылары мықты екен! Бірақ біздің елде атты қамшымен ұруға болмайды. Заң солай. Сайыста жеңіле берген мадьярлар намыс­танды. Бойларын ыза буды. Менің де қаным басыма шапты. Әлдеқандай қазақтардан туған жерде жеңіліп жатқанымыз ұят еді. – Бар пәле ертоқымда. Атқа жайдақ отырып аударысу керек, – десті үлкендер. Есік пен төрдей көк атқа алпамсадай, сүйегі ірі жас мадьяр жігіті қарғып мініп, ортаға ойқастап шыға келді. Жас жігіттің көзі қанталап алған, бойында асау қан ойнайды. Қазақты қара жерге омақаса құ­латпай тартынар түрі жоқ. Ыза мен кекке толы асау жүрек бұлқынады. Жайдақ атқа отырып, аударыспақ ойна­майтын қазақтар сәл бөгелді. – Шық қазақ! Шық айқасқа! – деп айқай­ласты мадьярлар. Қазақтар намыстан өлердей болып сұлық қалған. Шымыр денелі қазақ жігіті де атқа қарғып мінді-ау. Аумақты алаңда екі ат біріне бірі қарсы шапты, екі жігіт ат жалына жабысып алып, оңтайлы сәтті тосты. Бұл нағыз дода еді. Доданың көкесі еді, аға. Мадьярдың жігіті ірі, кесек бітімді, қолдары да ұзын. Қазақ жігіті оның қасында әлсіздеу көрінді. Бірін-бірі ала алмай, нағыз текетірес енді басталды. Аттар шаршады. Екі жігіттің білегі талды. Аяқтары ұйыды. Көздерін тер ашытты. Мадьяр ірі, әлді болғанымен, қазақ жігітінің айласы мол, атқа бауырлай жатып алып айқас салғаны өзгеше. Бүкіл стадион: «Мадьяр, мадьяр, мадьяр, құлат, жерге жық», – деп айқайласты. Екі жігіт қолдарын айырып, тағы бір ұстасуға бет алғанда, қазақ жігіті шапшаң қимылмен венгрді жауырынынан жұлқа тартып, қара жерге топ еткізді. Есік пен төрдей көк ат көлбең етіп ойнақшып бөлек шыға берді. Бүкіл стадион үнсіз қалды. Мүлгіген тыныш­тық. Мадьярлар терең нокаутта еді. – Жаса, қазақ! – деп қалай айғайлап жібергенімді өзім де білмей қалдым. Атымды тебініп ортаға шыға келдім. Қазақ жігітінің қолын көтеріп, алаңмен айнала шаптырдым. – Жаса, қазақ! Жаса, қыпшақ! Жаса, мадьяр! Жаса, қазақ елі! – деген дауыстар стадионды ба­сына көтерді. Ел қол шапалақтауда. Жұрт мәре-сәре. Мыңдаған мадьярлар ер қазақ үшін қуан­ды. Мыңдаған мадьярлар ер қазақ үшін сүйсінді. Қазақ елінен келген тоғыз додашы жігіт ер-тоқымдарын құшақтап, жүгендерін иығына асып, қамшыларын тістеріне басып алаң орта­сында сап құрып тұр еді. Дунайдан аттарын суғарған қыпшақ баба­лардың асыл ұрпақтарының бүгін бағы асты. Мен сол жолы қазақтар үшін шын қуандым. Қазақ еліне сапар шегуге сол жолы мықтап бекіндім. Ата-бабаларымның кіндік қаны тамған топыраққа жетуге асықтым, – деп мүдірді Ласло. – Жағдай осы Роллан аға... Қазаққа деген мол құрметпен айтылған әңгі­ме рухымды өсірді. Тобағабыл інім де қуа­ныш­тан жарылардай болып әзер отыр. Әйгілі Серік Қонақбаев, Дәулет Тұрлыханов, Бекзат Саттарханов інілеріміз әлемдік спорт додаларында жеңіске жеткенде өлгеніміз тірілгендей қуанғаным қайда?! Сондай кездері намыс оты лаулап жанып тұрып алушы еді. Дәл қазір де, Торғай даласында сондай күй кештім. Қазақ­тың ұлттық спорт ойындарына сүлесоқ қарайтын қазақ шенеуніктеріне, орыс шенеуніктеріне деген ыза буы бұрқ етті. Қазақ елінің облыс-облыстағы спорт басқармаларын орыс тілді қала жігіттері басқарады. Нағыз қазақтың қолы жетпейді. Жеткендері жаңа айтқан қалада туып-өсіп, қазақы салттан, санадан ада, беймәлім біреулер. Мәскеудегі Лестгаф спорт академиясында орыстың ұлттық ойындары кафедрасын жандан­дырам деп жанын салған менің досым рязань­дық Виктор Холмогоровтың қапаланған сәттерін көріп, жаным ашушы еді. Орыс төбелесінің (рукопашный бой) айтулы майтал­маны күйінген­де арақты шелектеп ішетін. – Арақ ішпе, дамыл ал Виктор, мұнымен орыстың намысын қорғай алмайсың – деуші едім. – Роллан, 70 жыл Кеңес Одағы деген түсінік­сіз мемлекетте өмір кештік. Барлық республикалар болды, Ресей деген республика болмады. Орыстың намысы мен рухы жапа шекті. Империя үшін орыстың жанын құрбандыққа шалдық. Сұмдық! Орыстың қыздарын жәлеп жасадық. Жеті атамызды ұмыттық, жеті жұртымызды тап­тау­рын қылдық. Не салт-дәстүрімізді, не өнері­міз­ді өрге сүйрей алмадық. Орыс деген атау қалды, ал салт-дәстүр үшті-күйлі жоғалды. Ұлттық спортымызды көтерейік деп бой көрсетсек, бізге Американың регбиін, тен­нисін, футболын тық­палайды. Сұмдық! Қазақтың ұлттық спорты да шалажансар. Сендердің кейбір шенеуніктеріңе, ай­ғайшыл сая­саткерле­ріңе қазақтың жаны керегі жоқ. Ары мен ұятын олар ертеде өлтірген. Олар жаһанданудың жа­рапазаншылары, – деп Виктор одан әрі өзеу­рейтін. Сол Виктор Холмогоров Псковта орыс дода­сының қалай болатынын көрсетті. Салт-дәстүрін өз орыстарына ұсынды. Өкінішке қарай, оның өзі де, өнері де, орыстың салт-дәстүрі, орыстың спорт­тық ойыны ешкімге керек болмады. Өкімет зер салған дүние бөгде, бөтен еді. Виктор қапа­дан зар шегіп, ауыр нау­қастан жан тапсырды. Ясная Полянаға барған сапарымда, бір топ орыс жазушыларымен бірге Тверь қаласындағы мола­сының басына барып, бір­туар орыс батырының аруағына бас идім. Отан деп соққан алып жүрек тоқтады. Отан деп жанұшырған асыл жан әуелей аспанға ұшты. Тәні жерде. Соңына ерген көп шәкірттері бірлік болмаған соң, тоз-тозы шығып, әр қиырда күн кешіп жүр. Аянышты. Қазақ ұлы Мұстафа Өзтүрік те осындай жан еді. Қайран Мұстафа, қазақ деп жанұшырған жүрегіңнен айналайын, асыл інім. Жаның жәннатта болсын! Еленбей, ескерілмей өліп кетіп жатқан қазақ азаматтары қаншама?! Қайран, қайсар ерлер! Ласло үнсіз қалған. Тобағабыл да үнсіз. Өркенің өссін Ласло! Жүрегің мейірімге толы, жаның жақсылыққа үйір нағыз азамат екенсің! Бақытты бол! – Мадьяр еліндегі ат спортына енді барымды саламын. Венгрияға бүтіндей ораламын. Амери­каны да, Австралияны да тастаймын. Егер мемлекет басшыларымен келісе алсам, компьютерлік орталығымды Будапештке қоныстанды­рам. Менің фирмам үлкен фирма. Отан үшін өмір сүргеннен артық бақыт жоқ екенін енді анық түсіндім. Мадьяр қызға үйленем. Құдай бұ­йырт­са, топылдатып ұлдар тудырам. Менің әйелім батыр ұлдар табатын болады, – деді Ласло. – Ласло, менің жақсы көретін бір ақыным бар. Ол – Шандор Петефи. Соның өлеңін оқиын. – О, оны мен де жақсы көремін. Оқыңыз, Роллан аға. Сізді маған Тәңірім жіберген болар. – Бірімізді бірімізге табыстырып жатқан Көк Тәңірі емей, кім дейсің, бауырым?!. Тұр мадьяр! Басың көтер! Сынатпа! Қасіретті қалың елді жылатпа! Не ұлы бол, не құлы бол заманның Ермін десең, қару ал да мін атқа! Бұл жолы ант етеміз Басқаша: Ешқашанда құл болмаймыз! Ешқашан!   Бір кездері төтеп берген тасқынға Қасиетті, қадірі жоқ бастың да! Аруақтар да айырылды сабырдан Бұл жолы біз ант етеміз Басқаша: Ешқашанда құл болмаймыз! Ешқашан!   Ашу-кектің алау-оты қоздасын! Бес қаруды тат баспасын, тозбасын! Оңбайды адам елі менен жұртынан Жоғарырақ қояр болса өз басын! Бұл жолы біз ант етеміз Басқаша: Ешқашанда құл болмаймыз! Ешқашан!   Бір сілкінсін жалқауың мен енжарың. Атқа қонсын өзің түгіл, жан жарың! Шынжыр емес, сыңғырласын қылышың, Кісен емес, жарқылдасын қанжарың! Бұл жолы біз ант етеміз Басқаша: Ешқашанда құл болмаймыз! Ешқашан! Тобағабыл көзіне жас алды. Ласло ойлы, түсі қату. Терезеден таңның саумал жарығы құйылып тұр еді. – О Алла, бұл не деген құдіретті ақын! Өлең­дері неткен терең еді, – деп күрсінді Тобағабыл. – Қазақша қалай-қалай жыр төгеді құдай-ау! Керемет! Сізбен кездескеніміз қан­дай жақсы болды Роллан аға. Өркеніңіз өссін!... Аузын ашса жүрегі көрінетін аңқылдаған асау Тобағабыл інім жадырап отыр. – Аға, тағы бір өлеңін оқыңыз, қазақ таңын мадьяр Петефидің сөзімен атырайық. Шығасың ба? Шықпайсың ба майданға? Қол жинасаң, құйыламыз қайдан да! Қумайсың ба қазыларды безбүйрек Жұрдай болған жүректен де, мидан да!   Қайда кеткен мадьярдың қуаты?! Қас-дұшпанын өз қанына жуатын?! Әлде біздер жасықпыз ба? Аналар – Таусылған ба қайсар ұлдар туатын?! Отанының бақыты үшін жанын садағаға тіккен, өмірден моласыз өткен ұлы Петефи ақын Қазақ елінің даласын шырт ұйқыдан оятты. Даяшы қыз дастарқан қасына келіп: – Таңғы ас ішесіздер ме? – деп сұрады. – Тамақ ішпеймін, рахмет. – Маған бір тостаған кофе беріңіз, – деді Ласло. – Аман-есен таңды атырдық. Уақыттың қалай өткенін байқамай да қалдық. Роллан аға, мынау менің визиткам, уақыт талғамай хабарласа беріңіз. Сізді қашанда аңсап жүретін боламын. Петефи жыры үшін сізге мың да бір рахмет. – Петефиге рахмет, – дедім. – Қазақшалаған қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырзалиев аға­мызға рахмет. – Келесі жаз тағы келемін. Сонда сізбен қазақша еркін сөйлесуге уәде беремін. Міне, қолым!... – Ласло, сен өзі нағыз жігіт екенсің. Жарадың! Елге келген соң хабар бер. Дұрысы, келерден бір ай бұрын ойыңды айт. – Міндетті түрде Роллан аға. Уәде болсын. Бір сағаттан соң үшеуміз қонақүйдің алдында қайта кездестік. Мен Ақтөбеге, Ласло мен Тобағабыл Қостанайға аттанбақ. Одан ары Кереку еліне сапар шекпек. Ат додасына өмірін арнамақ Ласло інім Павлодар мемлекеттік педагогика институ­тына бармақ. Институттың ректоры, атақты сам­бошы Жанмырза Ласлоны жеке күтіп алатын көрінеді. Бүкіл Қазақстанда ұлттық спорт кафедрасы сонда ғана ашылыпты. Қандай керемет! Жаса, Жанмырза інім. Уақыт тапсам, Кереку еліне де соғу ойымда бар еді. Ласло күлімсіреп қолын берді. – Көріскенше күн жақсы болсын, аға! Рахмет. Петефидің аналар туралы сөзі қалай еді? Есіме салып жіберіңізші. Әлде біздер жасықпыз ба? Аналар – таусылған ба қайсар ұлдар туатын. – Осы, осы еді керегі, Роллан аға. – Жаса, Ласло! Сенің көңіліңе алған ойыңды көктегі Тәңірім қолдасын. – Әумин аға, әумин! Айтқан сөзіңіз Құдайдың құлағына шалынсын! Дешті Қыпшақтың киесіне де жәйлі тисін!  

Қытай ұлы Ван

Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан.                                                         Абай. Ақтөбеден Алматыға ұшақ ерте ұшады екен. Әуежайға келгенімізде машина қояр жер таппадық.  Дәу, қап-қара «Джиптер» ығай-сығай болып сіресе тізіліп, өзгеге орын берер түрі жоқ. – Қытайлар, – деді Ғалымжан. – Бұлар Ақтөбеге алғаш келгенде «Нивамен» жүруші еді, енді астарынан «Джип» түспейтін болды. Ылғи қара «Джип» мінеді. Мен бірде Алматыдан Ақтөбеге ұшып келгенде де, ВИП-тің алдында жиырма-отыз «Джип» тіреліп тұр еді. Ұшақтан бір ғана қытай түсті. Ұшақ ішінде екеуміз біраз әңгіме-дүкен құрғанбыз. Менің сапарлас қытайымды бір «Джипке» мінгізді де, қалған жиырма-отыз «Джип» соңдарынан ағыза жөнелді. Сұмдық! – Қазірде бір-екі адамды шығарып салып тұрған болар шамасы. Кіргенде көреміз. Бұлардың сөздері айғай, құлағың тұнып кетеді,  – деді Ғалымжан. – Атам қазаққа Аллатағала сыйға тартқан жер байлығы енді американдықтардың, француз­дардың, немістердің, итальяндықтар­дың, қытайлықтардың қанжығаларына мықтап байланды. Иә, ол байлықтардың қызығын бірен-саран қазақтар мен шет жұрт көріп жатыр – дедім ыза болып. Бойымды қашан да сабырға жеңдіріп жүрсем де, осындайды көргенде намыс қаны атқып басқа шығады. Онан соң көп түндер ұйқысыз өтеді. Қазақтың болашағын ойлайсың, неше түрлі ойлар ақыл-есіңді алады. Қара жердің қойнына тартады. Ел байлығы да, жер байлығы да үкіметтің құзырында қалу керек еді ғой деген күмән мен үміт аралас шерменде ой тағатыңды үзеді. ВИП залға ендік. Қытайлар­дың дауысы. Олардан өзге адам көрінбейді. Құжат тексеру орнында орта жастағы қытай әйелі мен 12-13 жасар шамасындағы бала тұр. Үшіншісі мен, қазақ – Роллан Сейсенбаев. Он бес-жиырма «Джипке» мініп алып шуылдасқан қытайлардың шығарып салған­дары әйел мен бала ғана болды. Бала елгезек, шапшаң. Арқасына асқан жол дорбасында шағын компьютер, фотоаппарат, кітап, блокноты бар.

Үйдей аэробус-ұшақта адам аз.  Мен артқы орындықтардың біріне, оңаша кеттім. Ұшақ қалыпты биіктікке көтерілісімен, бала да артқа келіп отырды. Компьютерін аша салып, жұмысқа кірісті. Мен жазып отырған жазуымды үзіп, балаға қызықтай қарадым. Маған оның пысықтығы мен тәуекелшіл өзімдігі ұнады.

(Жалғасы бар).

Роллан СЕЙСЕНБАЕВ. Суретті салған Қанапия Телжанов.