• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Қыркүйек, 2011

Кіші фестиваль АҚШ елшілігінің қолдауымен «Еуразия» кинофестивалі аясында өтті

329 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары Қа­зақ­­стандағы АҚШ елшілігі елі­­міздің кинематография са­ласындағы мәдени ша­ра­лар­ды өткізуге атса­лы­сып жүр. Бұған дәлел ретінде VII халықаралық «Еуразия» кинофестивалі аясында АҚШ-тың Қа­зақ­стан­дағы елшілігінің қолдауымен Америка деректі фильм­дерінің фестивалі өткенін айтуға болады. – «Еуразия» кинофестивалі аясында өткізіліп келе жатқан деректі фильмдердің көрсетілімі – екі ел арасындағы ынтымақ­тас­тықтың мысалы. Мұндай мәдениетаралық алмасулар жөніндегі бағ­дарлама әрқашан елшіліктің маңызды жұмыстарының бірі бо­лып табылады, – дейді АҚШ-тың Қазақстандағы елшісінің мә­де­ниет, БАҚ, білім жөніндегі кеңесшісі Джефри Секстон. Бұл сөзді ол Америка деректі фильмдерінің фестивалінің ашылуына орай Алматыдағы «Алматы тауэрс» бизнес-орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтты. Бұл жиынға америкалық режиссер Александру Ротару, кино маманы Дайен Карсон, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісінің мәдениет, баспасөз және білім жөніндегі кеңесшісі Джефри Секстон, АҚШ елшілігінің мәдениет жөніндегі атташесі Сюзан Кастер және «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің арт-директоры Гүлнар Әбікеева қатысты. Жергілікті журналистер осы кездесу барысында «Камера ұс­та­ған балалар» фильмінің режиссері Александру Ротару мен тә­жі­рибелі кинотанушы Дайен Карсонмен сұхбаттасты. Олар «Еуразия-2011» фестиваліне құрметті қонақ ретінде қатысуда. Кинофестиваль аясында өткен кіші кинофестиваль Қазақстан үкіметінің, Алматы қаласы әкімдігінің, «Қазақфильм» киносту­дия­сы­ның және Қазақстан Кинематографистер одағының қолдауымен ұйымдастырылды. Бұл фильмдер азаматтық құқықтар, соғыс ардагерлеріне меди­ци­налық қызмет көрсету, қоршаған ортаны қорғау және сөз бостан­дығы сияқты сан алуан тақырыптарды қамтиды. Бір айта кететін жайт, америкалық режиссерлар мен кинематография саласының білгірлері биыл жыл бойы Грекияда, Өзбекстанда, Үндістанда, Бангладеште және әлемнің басқа да ондаған елдерінде болып, АҚШ деректі фильмдерінің фестиваліне қатысады екен. АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі көрермендерге «Біз әлі осында тұрамыз», «Америкадағы ең қауіпті адам», «Өз көзіңе өзің сен», «Камера ұстаған балалар», «Мұқабадағы қыз», «Нигер’66» фильмдерін ұсынды. Фильмдер Алматыдағы Silk Way City кинотеатрында орыс тіліндегі субтитрлармен жүрді. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.