Биыл Қазақстан халқы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын үлкен экономикалық және саяси өрлеу жағдайында атап өткелі отыр. Адам өмірі үшін елеулі, ал мемлекет тарихы үшін қас қағым сәт қана саналатын бұл кезең өткенімізді сараптап, келешегімізге көз жіберіп алатын елеулі белес екені анық. Халқымыз «Елу жылда – ел жаңа» демекші, заманалар алмасқан зор өзгерістерге толы, ғасырға пара-пар 20 жыл ішінде 80 жылдан асқан тарихы бар Бесқарағай өңірі де жылдан жылға жаңарып, көркею үстінде. Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдауларын аудан жұртшылығы аса зор ынта-ықыласпен, ертеңгі күнге деген нық сеніммен қабыл алды.
Бесқарағай өңірінің шұрайлы жері – астықты алқап Балапан өлкесі. Иә, соңғы жылдары қуаңшылықтың зардабын шеккен шаруа адамдары күпті көңілде жүргені де шындық. Жер – ауыл шаруашылығында ең басты өндіріс құралы екенін егіншілер жақсы біледі. Дегенмен, Балапан алқабында 214 шаруа қожалығы 35 мың гектарға егін септі. Әрине, 53 мың гектар алқап үшін аз көрсеткіш. Оған қоса, 90-шы жылдардағы экономикалық құлдырау кезінде бөліп алған жерлер иесіз қалып, жусан басып кеткені де шындық. Және жер иеленгендердің көбі ұсақ шаруалар, жаңа техникалар алуға олардың мүмкіндіктері де жоқ. Сондықтан қазіргі басты міндет – оларды ірілендіріп, егістікті толық игеру. Ауданда суармалы егістіктер де бар. Олар да толық игерілмей жатыр.
Осы өңірді өркендетуге байланысты көріп-білген, көкейге түйген ойларымызды облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен Глуховка округінде өткен облыстық семинарда ортаға салдық. Онда кәсіпкер Ержан Балтабаевтың егістігінде тамшылата суару әдісі тәжірімделді. Осындай семинар-жиын аудан егіншілерімен Канонерка округінің «Лана» шаруашылығында (төрағасы Теміржан Әділов) өтті. Биылғы жылдың 7 қыркүйегіне барлығы 12,01 мың гектар егін жиналды. Оның ішінде 5,80 мың гектар бидай, 0,79 мың гектар арпа, 0,318 мың гектар сұлы, 0,073 мың гектар жүгері, 5,03 мың гектар жердің масақ сабағы жиналып, 8,96 мың тонна дәнді дақылдар бастырылды, әр гектарға шаққанда орташа түскен түсім 7,4 центнерден айналуда. 0,25 мың гектар көкөніс алқабы да жиналып, түскен түсім 5,01 мың тоннаны құрады. Әр гектарға шаққанда орташа түсім 200 центнерден айналды. Ал 0,13 мың гектар бақша дақылынан 2,8 мың тонна өнім алынды. Әр гектарға шаққанда орташа түсім 215 центнерді, 0,15 мың гектар картоптан, түскен түсім 2,92 мың тоннаны құрады.
Ауданда егіншілікпен қатар, мал шаруашылығын өркендетуге, оның өнімдерін ұқсату ісін дамытуға да тиісінше назар аударылып келеді. Қазіргі кезде аудан бойынша 430 шаруа қожалығы мал өсірумен шұғылданады және 7 бордақылау алаңы бар. Бордақылау алаңында бүгінде 800-дің үстінде ірі қара бордақылануда. Мал өсіргісі келетін ауыл тұрғындарына алдағы уақытта барынша жағдай туғызылатын болады. Осы ретте асыл тұқымды мал өсіруге бағытталған бағдарламаны халыққа кеңінен айтып, түсіндірдік. Онда субсидия алу жолдары да сөз болды. Қазір жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Баскөл, М-Владимировка ауылдық округтерінің кәсіпкерлері қолдап отыр.
Ауданда 7 шаруа қожалығы 11 бас асыл тұқымды ірі қара малды келісім-шарт бойынша сатып алды. Атап айтқанда, бұл іске М-Владимировка округінен «Дружба» (төрағасы А.Захаров), Долоннан – «Қасқыр» (төрағасы С.Қалишев), Башкөлден – «Айжан» (төрағасы С.Қалишев), «Бернгардт» (төрағасы А.Бернгардт), Семеновкадан – «Қалижан» (төрағасы Ж.Саукенов), «Алдонғар» (төрағасы Т.Аушахманов), Сосновкадан – «Ринат» (төрағасы О.Баймұхамбетов) белсене қатысты.
Кәсіпкер Арбиев деген азамат несие алып, «Сарықамыс» учаскесін иеленіп, 12 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды. Онда бордақылау алаңын салды, мал азығын дайындайтын, мал қиын шығару толық механизацияландырылды. Осындай игілікті істердің нәтижесінде ауданда биыл мал басы мен құс саны едәуір өсті. Ірі қара – 43 159 бас, оның 16 356-сы сиыр, қой мен ешкі – 60 296 бас, шошқа – 3 606, жылқы – 8 890, құс – 41 114 бас болып отыр. Үстіміздегі жылдың өткен 7 айында ауыл шаруашылығының өнімдері: ет – 2 729,2 тоннаға, сүт – 26 663,3 тоннаға, жұмыртқа – 2 066,5 мың данаға жетіп, жоспар 100 пайызға орындалды.
Тәуелсіздік мерейтойын лайықты қарсы алуға байланысты іс-шаралар бағдарламасы жасалған. Онда атқарылатын істер нақтылы көрсетілген. Еліміздің торқалы тойына аудан кәсіпкерлері өз тартуларын жасауда. Солардың бірі, жақында облыс орталығында «Қазақстанның ең үздік тауары – 2011» атты жыл сайын өтетін байқау-көрмеде Глуховка ауылдық округінен «Қалиханұлы» шаруа қожалығы (төрағасы М.Каликов) «Өнімнің жаңа түрлерін шығарғаны үшін» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, дипломға ие болса, Долон ауылдық округінен кәсіпкер Болат Шамамбай домбыра жасаудан облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
«20 жарқын іс» бағдарламасы бойынша да айтарлықтай игі істер атқарылды. Жуырда Нұрлыбек Баймұратов атындағы орта мектепте «Балдырған» шағын орталығы ашылды. Аудан кәсіпкерлерінің қолдауымен оқушылар жазғы демалыстарында Астана қаласына және басқа жерлерге саяхат жасады. Тәуелсіздік жылдарында Беген орта мектебі мен аудан орталығында 50 адамдық емхана жаңадан салынып, бой көтерді. Ауданның 24 мектебі толық интернет торабына қосылды. Көптеген ауылдарда «Таза су» бағдарламасы бойынша су жүйелері жөндеуден өтті. Ауылдар абаттандырылып, көркейіп, көріктене түсті. Ана тілінде білім алатын шәкірттер саны да үздіксіз өсу үстінде. Сонымен қатар, мәдениет саласы да өркендеп, дамуда. Ауданда көркемөнерпаздар үйірмесі әр ауылда тұрақты түрде жұмыс істейді. Үстіміздегі жылдың шілде айында Өскемен қаласында «Оралханның көктемі» атты V аймақтық әншілер байқауында аудандық мәдениет үйінің қызметкері Гүлдана Оразбекова арнайы жүлде – «Жезтаңдай» әнші номинациясы бойынша марапатталды. Ауданда 11 мешіт жұмыс істейді. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «20 жарқын іс» акциясы аясында «Менау әжелер қорының» президенті Мақсұт Өмірхановтың бастауымен және аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысы дүркіреп өтті. Онда ауданның Тәуелсіздік жылдарындағы табыстары ақындардың басты тақырыбы болды.
Жақында «Туған жерге – тағзым» акциясы бойынша Семей ядролық полигонының жабылуының 20 жылдығына арналған іс-шара Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының депутаты, облыстың Құрметті азаматы Омарбек Байуақовтың бастамасымен «Бесқарағай және полигон» атты телемарафон да жоғары деңгейде өтті. Онда 2 миллион теңгеден астам қаржы жиналып, 20 мүгедек балалардың әрқайсысына 20 мыңнан ақшалай көмек көрсетілді. Тәуелсіздігіміздің 20 жылы ішінде Бесқарағай ауданының әлеуметтік-экономикалық даму жолдарын ауданның Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, журналист Асылбек Қожахметұлы «Тәуелсіздік таңы» атты жақында жарыққа шыққан кітабында кеңінен жан-жақты баяндаған.
Қорыта келгенде, Тәуелсіздік мемлекетті нығайтуға, өміріміздің барлық саласын дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Тәуелсіздік – біздің басты құндылығымыз. Сондықтан 20 жылдық мерейтойды атап өту әр қазақстандық үшін ерекше мән-мағынаға ие. Бесқарағайлықтар бұл мерейтойды жемісті жетістіктерге жете отырып, өз үлестерін қосып, лайықты қарсы алады деген сенімдемін. Енді, міне 24 қыркүйекте аудан жұртшылығы Өскеменде «Туған жерге – тағзым» акциясы бойынша ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізіп, ән мен күйден шашу шашпақ.
Қалихан БАЙҒОНЫСОВ, Бесқарағай ауданының әкімі. Шығыс Қазақстан облысы.
Суретте: аудан әкімі Қ.Байғонысов (ортада).