• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
23 Қыркүйек, 2011

Тіл – отбасында оянып, Отан аясында дамиды

355 рет
көрсетілді

Газетімізде хабарланғанындай, кеше Көкшетаудағы Ш.Құсайынов атындағы Қазақ музыкалық драма театрында ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы және «Руханият» айының шеңберінде әрі Қазақстан халқы тілдерінің ХІІІ республикалық фестивалі аясында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V құрылтайы болып өтті. Оның жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының бірінші орынбасары Ералы Тоғжанов, Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко, Парламент депутаттары, барлық облыстардан келген қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен тіл жанашырлары және БАҚ өкілдері қатысты.   Бұған дейін Алматы мен Астана қалаларында өткен жиындардан кейін өңірлер арасында бірінші болып Көк­шетауда ту көтерген бесінші құрылтай қазақ мәдениетінің асыл мәйегі, табиғатымыздың алтын бесігі саналатын өңірге өзгеше рух бергені анық. Сондықтан, жер жүзіндегі қандастарымызды елең­деткен мәслихат-мә­жіліс­тің Тәуел­сіз­дік күрескері Абы­лай хан­ның ескерткішіне гүл шоқта­рын қоюдан басталуы айрық­ша тәлім төгіп тұрды. Шахмет Құсайынов атын­да­ғы Қазақ музыкалық драма театрына бастар жолдың қос қапталы қонақтарын қошеметтеген жұртшылық­қа, ұлттық киімдегі жастарға, шашуы мол әжелерге, биші қайыңдардан айны­маған өнерпаздарға лық толды. Көше­лерде тіліміз бен ділімізді дәріптеген көрнекі үгіт құралдары көз тартып, алаңдағы зәулім экраннан тарихымыз тізбектеліп, құдіретті ән-күй әуезі қалық­таған. Көкшенің берекелі күзі мерекелі думанға толып, ықылас сәлемдер мен қауышқан құшақтар жүрегіңді шымыр­латады. Осындай жоғары көңіл-күй әсеріндегі құрылтайды ашу құрметі халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті, академик Әбдуәли Қайдарға берілді. Бұдан кейін, Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың құрылтайға қатысу­шыларға құттықтауын оқып берген Президент Әкімшілігі Басшы­сының орынба­сары Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Тәуел­сіздігіміздің ең басты құндылығы – қазақ тілі екендігін атап көрсетті. Мемлекетіміз, тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев бұл тұрғыда сали­қалы саясат ұстанып, оның дамуына қажетті жағдайларды жасап отыр. Осы орайда, ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сынов­тың «Тілі жоғалған ұлттың өзі жоғала­ды» дегені көп ойларға бастайды. Тәрбие негізі отбасынан, балалар бақшасы мен мектептердегі терең тәлімнен қаланады. Қазір балалар бақшасының 87 пайызы, мектеп­тердің 80 пайызы қазақ тілінде тәлім-дәріс береді. Елімізде іс қағазда­рын жүргізудің деңгейі 2006 жылы 33 пайызды құраса, бүгінгі күні 85 пайызға жетіп отыр. Әйткенмен, көңілді тоқ санауға әсте болмайды. Елбасы алдағы он жылда бұл көрсеткіштерді 95 пайызға өсіруді міндеттеді. Арнайы бағдар­ламалар қабылданып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мұнда халық­аралық «Қазақ тілі» қоға­мына жүктелер жауапкершілік те мол. Мен Тәуелсіздік барда қазақ тілі өркендей беретініне сенемін деді ол. Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед құрылтайға жиналғандарды қызу құттықтай келіп, еліміздегі тіл сая­сатының діңгегі нықталғандығын тәуел­сіздік жыл­дарындағы табыстармен нақты­лады. Қазақ тілі халық тағдырындағы ерекше құбылыс ретінде еңселеніп келеді, деді ол.  1989 жылы мемлекеттік мәртебе алған тіліміз ел тәуелсіздігін жақындата түсті. Сол 1989-90 жылдарда мектептерде 910 мың бала таза қазақ тілінде білім алса, қазіргі дерек 1,5 миллиондық деңгейге жетті. Бұдан он жыл бұрын теледидар мен БАҚ-тағы ана тіліміздегі хабарлар мен жарияланымдар 50 пайызға жетпесе, бүгін­дері ол 80 пайызға көтерілді. Іс қағаздарының айналымы 80 пайызға өсті, яғни 10 есе көбейіп отыр. Алдағы мақсат та орасан. Бірақ біз алдымызға қоғам тыны­сындағы барлық жағдайлар ескерілген әрі орындалатын міндеттер қоямыз. Ел халқының 95 пайызы қазақ тілін білуі керек деген президенттік бағдарламаның жүзеге асатынына алғышарт­тар жасалған. Қазақ тілін оқыту бағдар­ламасын қайта құру ісі жалғасын табуда. Жыл аяғына дейін жаңа әмбебап сөздік 150 мың данамен жарық көретін болады. «Тіл туралы» жаңа заң дайындалуда деген ол онда қазақ тілінің ұйыстырушы міндеті алға шыға­рыл­ғанын, республикамыздың көп ұлтты дана халқының өзара түсіністігі мен шайқалмас құт-берекесі болашағымыздың іргесін бекемдейтінін тілге тиек етті. Құрылтайда халықаралық «Қазақ тілі» қо­ғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы «халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы екі құрылтай аралығында: Кеше, бүгін және алдағы міндеттер» тақыры­бында баяндама жасады. Жиналған қауым құрылтай қонақтарын қабылдап отырған Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченконың «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы жер-жерде Қазақстан халқының тілдері мерекеленіп жатқан күндері өткізіліп отыр. Мұның өзі еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі ма­ңызды оқиға болып табы­латындығы айқын. Жоғары деңгейдегі форумның Көкшетауда өткізілуі біздің өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстарды тағы бір сын көзінен өткізіп алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Ақмола облысында мемлекеттік тілді білетін тұрғындар саны 48 пайызды құрайды. Бұл көрсеткішті 2015 жылы 75 пайызға, ал 2020 жылы, Елбасы Жолдауында атап көрсе­тілгеніндей, 95 пайыздық межеге жеткізу көзделуде. Соңғы жылдары қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін балабақ­шалардың саны 40 пайызға көбейді. Мектептердің 63 пайызында немесе 403 мектепте оқушы­лардың қазақ тілінде білім алуына толық жағдай жасалды. Оның үстіне этномәдени бірлестіктердің 500-ден астам өкілі қазақ тілі курстарында оқып жүр. Мемлекет басшы­сының бастамасы­мен үштұғырлы тілді меңгеру жобасы жүзеге асырылып келеді. Жалпы, өңірлік тіл саясаты бағдарламасын орындауға өткен жылы бюджеттен 54 миллион теңге, ал биыл 60 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Бұл алға қойылған міндеттер межесінен көрінетінімізді айқын­дайды» – деген қазақ тіліндегі сөзін риза көңілмен қабыл алды. Бұдан әрі жиналған қауым Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының бірінші орынба­сары Ералы Тоғжановтың, «Қазақ тілі» қоғамы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Шаруа Пірматтың, халықаралық қоғам президентінің кеңесшісі Кемейдулла Төлебайдың, аты­рау­лық журналист Төлеген Берішбайдың сөздерін ынта қоя тыңдады. Форум халықаралық қоғам президенті Өмірзақ Айтбайұлының ұсынысымен екі құрылтай аралығында дүниеден озған қоғам белсенділерінің есімдерін бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Көкшетау құрылтайы қазақ тілінің мәртебесін көтеру туралы бүкіл қауымға арналған Үндеу қабылдады. Онда халық­аралық «Қазақ тілі» қоғамы халықтың түрлі әлеуметтік топтарымен, әсіресе өскелең буынмен қоян-қолтық жұмыс істеп, ана тілінің тағдыры – ел тағдыры екендігін ұғындыруды маңызды міндет са­найтыны, ұлттық әлеуметтік, рухани ұмтылысын болашаққа бағыттай оты­рып, төл құндылықтары­мызға негізделген озық тіл өркениеті іргетасын бекемдеуді мақсат тұтатыны айтылады. Елбасының халыққа арнаған биылғы Жолдауында көрсетіл­ген «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың са­нын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітіруші­лердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады» деген абыройлы міндетті орындауға халықара­лық «Қазақ тілі» қоғамы белсене атса­лысып, оның іске асуына қоғамдық бақылау жасайтыны, мемлекеттік тілді қоғам өмірінің барлық саласына жаңа ақпараттық технология­ларды пайдалана отырып, қолданысқа кеңінен ендіруге қамқорлықты жалғастыра беретіні де сөз болады. Сонымен қатар, ұлты қазақ азамат­тарды өз аты-жөндерін қазақ тілінің заңдылық­тарына сай ресімдеуге және дүниеге келген сәбилердің, кәмелет жас­қа толып, жеке куәлік алатын бала­лардың аты-жөндерін де қазақ тілінде ресімдеуге үндей отырып, қазақ елінің әрбір азаматын өз отбасында, араласатын ортасында, қызмет орнында қазақша сөйлеуге, қызметтердің қазақ тілінде көрсетілуін талап етуге, қазақ атына сай салиқалылық салтын сақтау арқылы мемлекеттік тілдің қоғам өмірінің бар саласында кеңінен қолданылуына үлес қосуға шақырады. Жиын соңына қарай делегаттар ҰҒА академигі Өмірзақ Айтбайұлын халық­ара­лық «Қазақ тілі» қоғамының президенттігіне бірауыздан қайта сайлады. Сондай-ақ, форумда президенттің орынба­сарлары да сайланды. Құрылтай делегаттары Қазақстан Республикасы халқының тілдері күніне арналған мерекелік көрмені тамашалап, оқу орындарындағы, кітапханалардағы, газет редакциялары мен облыстық теледи­дардағы кездесулерге қатысты. Форумға қатысушыларға арнап Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайдың бүгінгі ұрпақтары концерттік бағдарламалар ұсынды.

Құрылтайға қатысушылар лебізі 

Махметқали САРЫБЕКОВ, Білім және ғылым вице-министрі: Қазақ ті­лі­нің мемлекеттік мәртебесі заман тала­бы­н­ан туындап отыр. Бүгін республика Парламентінде талқыланып жатқан «Білім туралы» жаңа заң жобасы үлкен мүмкіндіктерге жол ашады деген ойдамыз. Жалпы, 1991 жылмен салыстырғанда, қа­зақ тілінде дәріс беретін мектептер саны 1053-ке артып, 3821 мектепті құрады. Ондағы балалар саны 1,5 миллионнан асты. Ал, жоғары оқу орындарында ана тілімізде білім алушылар 52,9 пайызға жетті. Білім ошақта­рын­да қазақ тілін оқытудың 5 деңгейлі сатысы енгізіліп, тәжіри­беден ойдағыдай өтуде. Білім көзі – оқулықта. Республи­камызда оқулықтар шы­ғаруға 137,7 миллион теңге қаржы бөлініп, ол мақсатты түрде игерілуде. Бұл бағытта жүзеге асырылатын шаруалар жеткілікті. Ал техникалық, кәсіптік білім оқулықтары мен көрнекі құрал­дары сұраныстан кемшін соғуда. Соған қарамастан, мектептердің, тілді оқыту мекемелерінің оқу­лық­пен, сөздіктермен қамтылуы, оның мазмұндылығы, тілінің жатықтылығы көңілден шығады деп ойлаймыз. Соңғы кездері мемлекеттік деңгейдегі маңызды бағдарламалар қабылданды. Бұл құжаттар негізінде ел күткен елеулі міндеттер жүзеге асырылатын болады. Мәселен, 2012-2014 жыл­дарға арналған «Ғылыми қа­зына» бағдарламасының берері толымды екендігін атап көрсеткім келеді. Мұнда шет мемлекеттердегі қазақ диаспорасының өтініштері мен мұқтаждықтары айрықша назарда ұсталады. Әбсаттар қажы Дербісәлі, Қазақстан мұсылмандары діни басқарма-сының төрағасы, Бас мүфти: Жалпы, тіл мен дін мәселесін бөліп қарауға болмайды. Руханияттың өзегі – дін. Сондықтан, дін мен ділдегі тіл әдебі осынау баға жетпес құн­дылығымыздың аясын кеңіте түсетіні белгілі. Мәдениеттіліктен өзек алатын шаруамыздың барлығы сыйластық­қа, өзара құрметке келіп тіреледі. Мен бұл жерде ұзақ пәлсапалық баянға бармай-ақ қояйын. Тілдің тұғырын даурықпамен, митингілетумен көтере алмайтынымызға көз жетті. Тиімді әрекеттерден бір ғана мысал келтірейін. Біздің мүфтиятқа Америкадан хат келді. Бізде іс қағаздары тек қана қазақ тілінде жүргізілетіндіктен, ол айлап қарал­май жатты. Ақырында, сонау мұхиттың арғы жағындағы елден, қазақ тілінде жазылған дәл сол мағынадағы хат келіп түсті. Біз оған бар ыждағатымызбен толық­қанды жауап қайтардық. Іс қағаздарын ана тілінде жүргі­зудің маңыздылығы мынадан да көрінеді. Бірде кеңсемізге фран­цуздық журналистер келіп, тіршілігімізбен таныспақ болды. Әдеппен қарсы алдық. Бірақ орыс аударма­шы арқылы сөйлеспек болғанына әдеппен жайымызды түсіндірдік. Ертеңіне-ақ қазақ аудармашысын алып келді. Айтпағым, қазақтың мәселесі – қазақтың өзінде. Қоғам қозғалысқа түсуі керек. Сонда нәтиже де болады. Нұрлан Оразалин, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы: Сәйкестікті қараңыз. Осы­дан тура 22 жыл бұрын, дәл бү­гінгі күні, яғни 1989 жылғы 22 қыркүйекте қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алды. Бұл ұсынысты қазір құрылтай төрінде отырған құрметті ақсақалымыз Әбдуәли Қайдар қасқайып тұрып қорғап қалғаны есімізде. Бұл рухани төңкеріс дә­режесіндегі оқиға болды. Айтпа­ғым, басты құндылығы­мызды қор­ғап қалу мәселесі. Қазақ тілінің проблемасы қалыңдап қалған еді. Ол реанимацияның алдында тұр еді. Қазір жағдай жақсарды. Бірақ көңіл тоғаймауда. Тіл алдындағы парыз бен қарызды безбендей алып жүрміз бе? Толық мәніндегі қанағатта­ну­шылық жоқ екендігі даусыз. Бүгінгі құрылтайда да өткір пікірлер ай­тылып жатыр. Келісеміз, әрине. Кедергіні бел шешіп күресу арқы­лы жеңетінімізді дәлелдеу де артық. Біразымыздың ошағымызда атасы таза, әкесі іскерлік, баласы шүлдір қазақ тілінде сөйлейтіні жиі кездеседі. Елбасымыз осыған қынжылыс білдірді. «Қазақпен қазақ қазақ тілінде сөйлесіңдер» деді, басқа ұлт өкілдеріне де «Қазақ тілінің ал­дында қарыздарсыздар» деді. Бұдан артық қалайша жеткізіп айтуға болады?! Жазушы ретінде кітапқа, өтімді кітапқа сұраныстың артуын қалай­мыз. Кітап – қозғаушы күш, ілім-білімнің қайнары. Бүгінгі күннің шындығынан қарасаң, баспалардың нантабарлық пиғылына қарның ашады. Жасына қарамастан әдеби ортаны қалыптастыру қажет. Тіл жасайтын, сөз жасайтын қалам­герлерге қолдау жасау керек. Осы тұрғыдан алғанда, «Қазақ тілі» құрылымы қоғамның сенімді тіреніші болатыны анық. Алла Платонова, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті­нің студенті: Қазақстан Респуб­ликасы­ның Конституциясында, респуб­лика­мыздың «Тіл туралы» Заңында және Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Қазақстан халқына Жол­дауында ұсынылған «Тілдің үштұ­ғырлығы» мәдени жобасын­да мемлекеттік тіл басты назарда тұр. Өйткені, қазақстандық патриотизмді және ұлтаралық келісімді ны­ғайтудың негізгі факторы осы мемлекеттік тіл болып табылады. Осыған орай, жерлестеріміз адалдық, адамгершілік, төзім­ділік, татулық, демократия­лық және жалпыадамзаттық ізгілік ұстанымын басшылыққа алғысы келсе, оны мемлекеттік тілді құрметтеуден бастауы керек деп санаймын. Мен пейілі кең қазақ халқын өз ұлтымнан кем көрмеймін. Облыстық, республикалық тіл сайыстарына қатысып, жүлделер­ге ие болып жүрмін. Болашақта баршамыз мемлекеттік тілде сөй­лейтініміз анық. Болашақ деге­німіздің өзі осы. Бұл – өрке­ниетті өмір талабы. Өзгеріс­тердің, ұлы мақсаттардың орта­сын­да, біз, жастар жүруіміз керек. Сөзімнің соңында егеменді ел болып, еңсесін көтерген Қазақ­стан Республикасының  мемлекеттік тілі – қазақ тілінің мәр­тебесін өркендетуге бір кісідей атсалысайық! Елге, жерге деген ыстық ықыласымызды ісімізбен дәлелдейік. Жүректен шыққан жылы сөз жаңаша өмірдің жар­қын бастауына нұр болып құйылсын дегім келеді. Бақберген АМАЛБЕК, Көкшетау.