• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
24 Қыркүйек, 2011

«Мәдениет» – мемлекеттің мәдениетін танытатын телеарна болмақ

1834 рет
көрсетілді

Болашағын ойлайтын ел дананың ісін балаға үлгі ететіні ежел­ден белгілі қағида. Шүкір, ел болып ен дүрмектің ішіне енгелі саяси-экономикалық ахуалы­мызды көтеріп қана қоймай, мәдени-танымдық кеңістігіміздің көкжиегін кеңейтуге де көп болып көңіл аударып жатқан жайымыз бар. Ұлттың үнжырғасы түс­песін деп тәрбиенің басын баламыз­дан бастадық. «Балапан» деген бүлдіршіндерге арналған телеарнамыз соның айғағы. Халқы­мыз хабардар болсын деп «Асыл арна» дейтін діни-танымдық бағдарламаны да іске қостық. Енді, міне, рухани байлығымыз бен бай мұрамызды түгендеп оты­рарлық, елге насихаттап жүрерлік «Мәде­ниет» дейтін тақырыптық жаңа арна кеңіс­тікке қанат жайғалы тұр. Осы қуанышты оқиға қарса­ңында жаңа арна жетекшісі Сағатбек ҚАЛИЕВПЕН әңгімелескенбіз. – Қазақтың ықылым заманнан келе жатқан мәдени мұрасын паш ететін «Мә­дениет» арнасы ашылады дегенді естіп қатты қуандық. Сәке, көрер­мен қауыммен қай кезде қа­уышуды көздеп отыр­сыздар? – Бұйыртса, үш күннен соң, 26 қыркүйектен бастап, кабелді телевизия арқылы эфирге шыға бастаймыз. Тәулігіне 16 сағат. Қазақстан арнасының база­сын­да шығарылғанымен, бұл негізінен тәуелсіз, дербес арна бо­лады. Осы арнаны ашпас бұрын: «эфирді толықтырып, ұстап тұра аламыз ба?» деген секілді пікірлер болғаны рас. Құдайға шүкір, еліміздің тірнектеп жи­на­ған алтын қоры мәдени ар­наны қамтамасыз етіп тұруға толықтай жетеді. Оның сыр­тында өзіміздің журналистеріміз де мәдени мұрағатымыздың бір бүйірін қомпайтатын деректерді тізіп, келер ұрпақтың бүгінгі қазынасын шып-шырға­сын шығармай теретін болады. 1958 жылы қазіргі  «Қазақ­стан» те­леарнасы ашылғаннан кейін, осы арнаның қасынан 1959 жылы қазақтың тұңғыш эстра­далық-симфониялық оркестрі құ­рылған. Әбілахат Еспаев, Қа­пан Мусин, Әсет Бейсеуов, Шәмші Қалдаяқов, бүгінгі Ескендір Хасанғалиев, Кеңес Дүй­секеевтер сол ресми қазақ эстра­дасына еңбек сіңірген тұл­ғалар. Сонау бағзыдан бергі сал-серілерден қалған мәдени мұра, жалпы түркі дүниесінің мәдени қазынасы, осының бәрін қамти отырып, бір арнаны қамтамасыз етпеу деген ойға сыймас нәрсе. Ал енді қазақ музыкасына сырттан келген мәдени байлық­ты айтар болсақ, ол мына опера жанры, музыкалық драма. 1930-1934 жылдардан бастау алатын опера және балет театры, ұлттық филармония, капелла мен камералық оркестрін алсақ та, осының бәрі мәдениеттің насихатталуға тиіс негізгі сала­лары. Сонымен қатар, қылқалам өнері, архитектура, жазба әде­биет, тіпті одан әріге баратын болсақ, қазақ даласындағы көне қалалар, мәдени ошақтар мен бағзы ескерткіштер, міне, осы­ның бәрі біздің мәдениет ар­насының қозғайтын тақырыбы. Көршілес Қытайдың, Еуропа­дағы Византияның көне мұра­ғаттарындағы Қазақстан тура­лы, қазақ ұлты туралы тарихи деректер мен бағзы қолжаз­балар, осы айтылғаны бар, мұның сыртындағы басқа да мәдениетке қатысты тақырып­тар бар, бір сөзбен айтқанда бір ғана елішілік мәдениет емес, күллі Еуразиялық мәдени қа­занда қайнаған жауһарларды сүзіп алып, қалың көрерменге ұсыну біздің арнаның алға қояр міндеті болмақ. Ресейдің «Культура» бағдар­ла­масы секілді етіп арна жасай беруге де болады. Алайда мәде­ниет жал­пыға ортақ дегенімізбен, біздің қазақтың мәдениеті мен менталитеті өзге жұрттан мүлде басқа. Бір ғана айтысты алайық, сал-серілердің, жыршы-жырау­лар­дың жыраулық дәстү­рін алайық, қазақтың төл өнерін ғана салмақтап көріңізші, тіпті түркі тектес бауырларымызға да ұқсамайтын, тек қазаққа ғана тән дүние, қазақ қана жасай алатын хас өнер! Бүкіл дүние жүзін ғылыми деңгейде қызық­тырып отырған мәдениет те осы қазақы төл таным. Қазақ опера­сының жұлдызы, біртуар бұл­бұл әнші Күләш Байсейітова, тұңғыш режиссеріміз Жұмат Шанин, қазақ операсын көкке көтерген Ғари­фол­ла Құрман­ғалиев, әнші Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержановтардан қал­ған классика­лық өнер туын­ды­ларын халыққа неге өз дәре­жесінде төкпей-шашпай ұсынбасқа?! – Қазақтың жазба және ауыз әдебиеті де өз алдына таңнан-таңды ұрып қазбалай беруді күтіп жатқан беті ашулы кен орны секілді ғой! Әдебиет саласы да толымды бір тақы­рыпты қамтитын бағыт болуға сұранып тұрған жоқ па?! – Әдеби қазынамыз да ауыз толтырып айтарлық. Ауыз әде­бие­тін қалыптастырған жыраулық дәстүр, айтыс өнері секілді ұлттық құндылықтырымыз бен бүгінгі классиктерімізді, әдебие­тімізге құнды еңбектерімен үлес қосып отырған замандас жазу­шыларымызды да тек насихаттап қоймай, олардың пікірлері мен мәдениетімізге қосар үлесін тас­паға түсіріп, сақтай білуіміз керек. Келер ұрпақ үшін, өзі­міздің елдік стратегиямызды, ұлттық идеологиямызды нақтылау үшін тұп-тура бүгін жасалатын еңбек­тер. Яғни, құндылықтарды жи­нақ­тау, мәдени еңбектеріміз бен туындыларымызды таспаға түсі­ріп, осы арна арқылы насихаттау негізгі бағытымыз ғана емес, келер ұрпаққа табыстар амана­тымыз да! – Тұсауы кесілгелі тұрған арна да «аудитория жинау» дейтін жасанды саясатқа жүгініп, өзге тілдерде шүлдірлеп кетпей ме? – Қазақ тілінде 80 пайыз, орыс тілінде 20 пайыз хабар тарататын боламыз. Бұйырса, жұмысты бастағаннан кейін, арна жұмысын 3 кезеңге жоспарлап, өз жұмы­сымызды одан әрі күрделендіре түспекпіз. Арнаның жанрлық сипаттарын, бағытын айқындау, сол сияқты басқа да арнаның бет-бейнесін танытатын техникалық-көркемдік жұмыстар бірінші ке­зеңде жүзеге асады да, жаңа жылдан бастап арнаның қаржы­лық мәселелері толықтай шешілген кезде – жаңа бағдарламалар, жаңа жобалар іске қосылады. Осы екі кезең арасында халықтың да ұсынысы ескеріліп, жан-жақты толыса түсеміз ғой деп ойлай­мын. Одан кейінгі үшінші кезеңде басқа арналармен иық тіресе жұмыс істей алатындай ауқымды жұмыс­тарды игеру көзделіп отыр. Бүгінгі таңда көрерменге ұсыну үшін жасап жатқанымыз он бес хабар. Бұл да, әрине, үлкен дүние, сүйекті жобалар. Осы хабарлар үшін бірталай керекті сюжеттер түсірілді. Хронометражы әрқилы, 20 минөттен бастап жарты сағат, бәлкім одан да ұзақтау уақытты қамтитын болады. Бастысы – көрерменді жалықтырмауға тиіс! Қазір монтаждалып, тұтас дүние жасалу үстінде. Спектакльдерді де телевизиялық нұсқаға ыңғай­лап, таспаға жазып жатырмыз. Осы он бес хабардың үшеуі орыс тіліндегі бағдарлама. Қалғаны ана тілімізде дайындалып жатыр. – Жөн екен! Ал хабарларды кімдер жүргізеді, теледидардан сүйкімді болып көрінетін теле­жүргізушілер ме немесе әр са­ла­ның белді тұлғалары ма? – Тағы да бір мән беретін мәселе, әр хабарды сол саланың сауатты маманы жүргізуі тиіс, біз осындай қағиданы берік ұстанып отырмыз. Мәселен, бір музыка­лық хабарымызды Юрий Аравин жүргізеді. Сол сияқты Флюра Мусина дейтін музыка қайраткері біздің қатарымызда жұмыс істейді. Ол кісі опералық музыканың тарихын, опера театрының тарихи қойылымдарын саралап, зерттеу хабарын көрерменге ұсынуға дайындап жатыр. Тағы бір «Кітапхана» деген хабарымызға жа­зушы Жүсіпбек Қорғасбекті жүр­гізушілікке шақырып отыр­мыз. Өздеріңізге белгілі, бізде жазба әдебиетінің бай нұсқасы бар. Оған классикалық аударманы тағы қосыңыз. Мәдениет пен өркениеттің ара байланысын, бір-біріне деген әсерін тілге тиек ететін «Өркениет» деген бағдарла­мамыз бар. Бұл хабарды жүргі­зуге белгілі журналист Нұртөре Жүсіпті шақырдық. Және де бүгінгі таң­дағы музыканы да естен шыға­р­мауымыз керек, сол себепті белгілі эстрада жұлдызы Карина Абдуллинаның да жас орындаушылармен хабар жүр­гізгенін қалап отырмыз. Осы айтқан кісілердің бәрі де өз саласының білгірлері, мәдени құндылықтардың ба­ға­сын білетін қайраткерлер. Сол сияқты келесі кезеңде эфирге ұсынылатын хабарларға Мұрат Әуезов секілді ұлт мәдениетіне еңбегі сіңген тұлғалар шақыры­лып отыр. – Сіздер алғашқы түсірі­лімдер мен монтаждық жұмыс­тарыңызды, жалпы техни­ка­лық шаруаларыңыздың бәрін «Қазақстан» ұлттық арнасы­ның техникалық базасында жасап жатырсыздар. Бір сұрақ, күні ертең «Мәдениет» арнасы «Қазақстанның» кабелдік үлгісі болып шықпай ма?! – Қазақстан арнасының техни­калық базасында жұмыс істеп отырғаннан кейін ұлттық арна­ның форматына ұқсап кетпеу жағына баса назар аудардық. Са­ла­лық журналистер мен мәдениет тақырыбын қаузап жүрген маман­дардың кеңесшілік қызметін пай­даланып отырмыз. Арнаның ал­ғашқы күнінен жастарды маман­дандыру үшін жас журналистерді жұмысқа қабылдап, олардың білікті мамандармен тығыз қарым-қатынас орнатуын жолға қойдық. «Қазақстан» арнасының көшірме­сіне айналып кетпес үшін «қазақ­стандық» журналистер сапынан емес, қызметкерлеріміздің денін сырттан қабылдадық. Өйткені, «Мәдениет» арнасы ақпараттық арна емес, мұнда көрсетілетін хабарлардың бәрі тереңірек зерттеледі, жан-жақты зерделенеді. Сол себепті де бізде «ғы­лыми кеңесші» дейтін маман­дық бар. Әр саланың қағидасын бұлжытпай ұсынатын, тақырып­тан ауытқып кетпеуді қадаға­лайтын мамандар. Театр, опера, режиссура, әдебиет және қол­өнер салаларының жетік ма­мандары біздің қызметкерлер­мен қоян-қолтық жұмыс істейді. Салалық арнаға қатысты Ресей, Түркия секілді елдерді мысалға келтіре беруге болады. Олардың тәжірибесін де алайық, дегенмен біз қазақы реңін жоғалт­паған тақырыптық арна жаса­уымыз керек. Күні кеше ғана тәй-тәй басып көрерменге қанат қаққан балаларға арналған «Балапан» арнасы біздің алғашқы қарлығашымыз. Құдай қаласа, біздің елімізде де салалық, тақырыптық арналар көбейе беретін болады. – Біздің телекеңістігімізді жарнама деген «дүние» шыр­мап алды. Сіздерде қалай болар екен, жарнамадан айна­лып өте аласыздар ма, әлде ақпараттық хабарлан­дыру­мен оның орнын жауып отырасыздар ма? – Біздің арнада жарнама жоқ. Өзге елдердің мәдени арналарында оның бар-жоғын кесіп айта алмаймын. Жалпы, өзіміздің телеөнімдерімізді насихаттау үшін де, көрерменді хабардар ету үшін де біз өз ішімізде ақпараттық-хабарландыру тәсілін қолданатын боламыз. Әрбір хабардың мазмұнын, көрсетілер уақытын және ха­барға қатысатын кейіпкерлермен таныстырып отырамыз. Жарнаманың күрделі нұсқасы «жаңалықтар» ғой, ол бізде екі тілде көрсетілетін болады. Мә­де­ни жаңалықтар, әрине. Алайда, таза жарнамалық үлгі біздің арнада болмайды. Мәселен, театр қойылым­дарын айтпай, біз қалай оты­рамыз. Өзіміз мәдениет арнасы болғаннан кейін театрмен, көр­ме­лермен, кітапханалармен ты­ғыз байланыста жұмыс істейтін болсақ, біз аталмыш мәдени ошақтардың туындылары мен жаңалықтарын көрерменге жеткізуге міндеттіміз. Ұлттық мә­дениетке қатысты құндылық­тар бәрімізге ортақ, сол себепті біз мәдениеттің барлық саласына қатысты жылт еткен жаңалық­тарды қамтуға күш саламыз. – Ұлттық мәдениетке кішкене де болса үлес қосу үшін еңбектеніп жүрген бүгінгі жас буын өкілдері де назардан тыс қалмайтын шығар. – Әрине! Біздің бүгінгі эстра­дамыз да өтпелі кезеңді бастан кешуде. Рас, көптеген эстра­далық әндеріміз бен әнші­леріміз тек бір сәттік нарықтық мезгілге икемделіп, жұмыс істеп жатыр. Ондай әншілер мен музыкаларға біздің эфирден орын жоқ. Бізге классикалық үлгідегі туындылар мен шы­найы талант иелері, болаша­ғынан үміт күттіретін жас орындаушылар керек, солар­ды насихаттайтын боламыз. Иә, бүгінгі көпшіліктің көңілінен шығып жүрген әндер неге наси­хатталмасқа? Олар назардан тыс қалмауға тиіс. Сонымен қатар, жас күйші, жас жырау, жас ақын секілді жаңа есімдер өз көрер­мендерімен қауышатын болады. Бұл да арна басшыларының ұстанып отырған стратегиялық бағыттарының бірі. Ұлт болып ұмытпайтын бір мәселе, ол – «Мәдениет» арна­сы идеологиялық мақсатты қам­ти­тын ең қажетті құрал. Халқы­мыздың тырнақтап жина­ған асыл жауһарларын, рухани бай қазы­насын біз осы жерде кеңі­нен насихаттай аламыз, жал­пақ дүниеге жария етіп көрсете аламыз. Манағы айтқан жеке-жеке кезең­дерден озған­нан кейін барлық елдердің телеарна­ла­рында кездесетін стра­те­гия­лық тәсілдерді өз ыңғайы­мызда өз ұлтымыздың, өз мемлеке­тіміздің стратегия­лық, идеоло­гия­лық құралы ретінде қолдана аламыз. Ол үшін мәдени тіл, «Мәдениет» арнасы­ның тілі қалыптасуы керек. Көрерменге қарапайым қарым-қатынас тілімен емес, өркениетті елдердің қатарында екендігімізді таныта­тындай мә­де­ниет тілімен ақпа­рат, мәлімет тарату қажет. Оның бәрі уақыт өте келе қалыпта­са­тын қағи­даттар.   *** Лебіздер   Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: – Кісіні күштеп мәдениетке үйрете алмайсыз. Сондықтан да мәдениет тақы­рыбын қаузайтын, қазақтың мәдени келбетін сомдайтын телеарнаның ашылғанын зор қуанышпен қолдаймын. «Ештен кеш жақсы» дейді халқымыз, жан-жағымызды жинақтап, жиырма жылда «Мәдениет» арнасын ашқанымызға тәубе деу керек. Өзге елдердің мәдениетке жете алмай да жатқаны бар. Бұл арнадан күтерім көп. Барлық мәселе мәдениетті түрде шешілері анық. Тіпті халықаралық ресми шаралар да мәдениеттің, өнердің қолдауымен жалғасын тауып жатады. Сондықтан да кейбір түйткіл мәселелерді мәдениетті түрде шешуге осындай арнаның себі де тиер деп ойлаймын.   Дулат ИСАБЕКОВ, «Мәдениет» журналының бас редакторы, жазушы-драматург: – «Қазақстан» арнасы қыркүйек айы­нан бастап, қазақ тілінде хабар тарату жұмысын бастады. Бұл – бір қуаныш. Екінші қуанатынымыз, міне, «Мәдениет» ар­на­сы да көрерменге жол тартайын деп отыр, бұл да ел тарихындағы елеулі оқи­ға. Жуырда М.Әуезов атындағы драма театрының Кіші залында осы арнаның бағдарламасы үшін бір топ зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, хабар түсірді. Жалпы, зиялы қауым бұл арнаның ашылатынына дән риза. Бізде қазір теледидар бетін атыс-шабыс, шетелдің арзанқол фильмдері ба­сып кетті. Мәдени өмір туралы, оны айтасыз, өзіміздің мәдениет қайрат­керлерінің өмірі туралы көрерменге ақпарат ұсыну қалып барады. Шетелдік әртістердің өмірбаянын білетін жұрт өзіміздің өнер қайраткерлерінің өмірін мүлдем білмейді. Жаңадан ашылғалы отырған «Мәдениет» арнасы осы олқылықтың орнын толтырады деп сенеміз. Арнаның сапасы жүре келе көрермен көңілінен шығады деп ойлаймын. Әңгімелескен Қанат ЕСКЕНДІР, Алматы. Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.