• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Қыркүйек, 2011

Отандық мүдде, елдік міндет

259 рет
көрсетілді

Отандық БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдарды дамыту төр­тін­ші блокқа жатқызылды. Со­лар­дың алдыңғысы – БАҚ-қа қатыс­ты айтатын болсам, қоғам дамуы барысында бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орны зор екені күмән туғыз­бай­ды. Сон­дықтан да болар, елімізде БАҚ-тар саны жылдан жыл­ға артып келеді. Сол сияқты үкіметтік емес ұйымдар үлкен күшке айна­лып отыр. Елбасы сессияны ашар­да сөйлеген сө­зін­де осы мә­селелерге ерекше назар аударып, депутаттар ал­дына заңдарды жетілдіру міндетін қойды. Өзде­ріңізге мәлім, Үкімет осы орайда «Телерадио хабарларын тарату туралы» заң жобасын әзірледі. Енді аталған заңдық құжат телерадио хабар­ларын тарату сапа­сын арттыру­ға өзіндік серпін қосады деп күтілуде. Біз бұған дейін де бұқара­лық ақпарат құралдарына қа­тыс­ты заңға бірқатар өзгерістер енгізген болатынбыз. Алайда, уақыттың өз талабы бар, яғни осы орайда шешімін күткен мә­селелер де аз емес деген ой­да­мын. Радио және теле­хабарларын таратуды бір жүйеге түсірудің уақыты жетті. Өкініштісі сол, біз әлі күнге шетелдік ақпарат құрал­дарының ық­палынан арыла алмай отыр­мыз. Отандық те­ле­­арналар мен радиоэ­фир­ле­рі­міз солардың ха­бар­ларын, желілерін пайда­ла­на­ды. Ал бізге өзіміздің елдік мүд­дені, ұлт­тық мүддені көз­дей­­тін ақпарат құралдарының бол­ғаны ауадай қажет. Мемлекеттік тіл мәселесін ұдайы көтеріп келеміз. Тәуел­сіздік туралы айтқанда, соның бір тұғыры, сүйеніші мен тірегі тіл болуы керек. Бұл орайда, осы саладағы белгіленген шаралар түгел орындалып жатқан жоқ. Кезінде қойылған талаптар кейбір арналар үшін орын­дал­майтын нормаға айналды. Есесіне «Қа­зақстан» телеарнасы түгелдей қа­зақшаға көшті. Бұл – көңіл қуантатын жәйт. Менің ойымша, бұл бастама жалғасын табуы тиіс. Үкіметтік ұйымдар жұмысына келер болсақ, олардың бір мақ­сатқа қызмет етуін қамтамасыз ету үшін заңнамалық база керек. Депутаттар арасында осы сала өкілдері де бар. Заң жобасын талқылау өз нәтижесін береді деп сенемін. Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Мәжіліс депутаты.