• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Қыркүйек, 2011

Азан шақырып қойған атым-ай...

1143 рет
көрсетілді

Балаларға бүгінгі жарқын өмір талабына сай, болшағына үміт арта жарасты да лайықты есім қою – мүдделі де маңызды мәселе. Ата-ана дүниеге келген перзентіне мағынасы айқын, әде­мі де айшықты, сұлу есімді беруді қалайды. Жарасымды есім беруге сонымен қатар, ту­ған-туыс, жора-жолдастары да мүдделі. Ат қойыстың өзінде де бүкіл бір халықтың психологиясы, та­­ным-түсінігі, ой-арманы айқын көрініп тұрады. Кім баласын жа­­ман болсын дейді. Ата-ана армандап, үміт арта азан шақырып қойған аттардың, фамилиялардың көбі жазуда мағынасын жойып, қиналысқа ұшырап отыр. Белгілі бір ниетпен қойған адам есімдері, аты-жөндері мемлекеттік тілге қол­­дау көрсетіліп отырғанның өзін­де қате, бұр­маланып жазы­лып жүргені қын­­­жылтады. Ұзақ жылдар жоғары оқу ор­ындарында қызмет істедім. Талай жорналдар, студенттердің ті­зім­­­дері қолымнан өтті. Сту­­­дент­тердің неше түрлі аты-жөн­дерін оқыдым. Бұрмаланып, қа­те жа­зыл­ған аттар толғандырып келеді. Құдайға шүкір, іс қағазда­рын қазақша жүргізу көптен қолға алынып жатыр. Бастауыш сы­нып­тардан бастап мектептерде қазақ тілі оқытылып жатыр. Ор­ыс тілдердің барлығы қазақ тілі лексика-грамматикасынан хабар­дар. Қазақ тіліне тән бар жоғы тоғыз әріпті бәрі білетіндей болды. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына көп жыл болса да әлі аты-жөнімізді дұрыс жазбай, дұрыс айтпай келеміз. Неге біз аты-жөніміздің мән-мағынасына, шы­­­ғу төркі­ні­не көңіл аудар­май­мыз. Кейде мен «Мұхтар» деген есімді көр­сем «Ко мне Мухтар» фильмі ойы­ма түседі. Ұлы жа­зушымыз Мұхтар Әуезов пен тілім деп еңіреп жүрген атақты ақынымыз Мұхтар Шахановтың аты-жөн­дері неге Мухтар Ауе­зов немесе Мухтар Шаханов бо­лу керек? Сонымен қатар, те­ледидардағы кейбір дикторлар­дың сөздеріне көңіл аудары­ңыз­даршы. Адам­дар­дың аты-жөн­де­рін дұрыс айт­пайды, немесе, екпінді дұрыс қоймайды. Мы­салы, Олжас Сү­лейменов – Алжас Сулейменов, «Отан» пар­тиясы – «Атан» пар­тиясы, «Нұр Отан» партиясы – «Нур Атан» партиясы, Елбасы­мыз­дың Нұр­сұл­тан аты Нурсултан, Қа­сым­жомарт Тоқаев – Касым­жомарт Такаев болып, сол си­­яқты дұ­рыс жазылмай, дұрыс айтылмай жүрген есімдер то­­­лып жатыр. Лауазымды тұлға­лар да аты-жөндерінің бұрма­ланып ай­тылып жүргеніне кө­­ңіл аудар­май-ақ отыра бере ме? Прибалтика елдерінде аты-жө­нінен бір әріп қате кетсе, соттасуға дейін барады екен. Баяғыда, Кеңес өкіметі кезінде, әкесі баласына Тілек­қа­­­был деп ат қойған екен, соны төлқұжатқа өзінің тіліне ың­ғай­лап «Телекабель» деп жазып беріпті. Рас, Кеңес өкіметі тұ­­­сында сорақылана бұрмаланған аттар көп болды, әлі де содан арыла алмай жатырмыз. Есіме бір анекдот түсіп отыр: Бір қазақ шал көшеде келе жатып Жамбыл Жа­ба­ев­тың ескерткішін көріпті. Қасы­на келіп, астындағы жа­­зуын оқы­са «Джамбул Джабаев» деп тұр екен, – Ойпырмай, бұл біз­дің қазақтың «Жамбыл Жабаев» деген шалы еді, мұның алдына неге «Д» қойып «Джамбул Джабаев» деген деп, таң қалады. Осы кезде бір орыс кісі өтіп бара жатса керек. Содан әлгіні сұ­рап­ты. Сонда орыс кісі: – Ата, түсінесіз бе? Біз ор­ыс­­­тар «Ж» әрпінің алдына «Д» қойып жазамыз, – депті. – Әй, сен не айтып тұрсың?! Сендердің Ивандарыңның ал­дына «Д» қойып «Диван» десе жақсы көресіңдер ме! – деген екен шал күйіп кетіп. Қазақ тілінің фонетикалық заңдылығына сүйеніп, Степан деген атты «Ыстыпан», «Істепан», Олег деген атты «Әлек» деп жазып берсеңіз, ол есім иесі ашуланар еді. Онысы өте ор­­ынды. Ал өкінішке орай, біздің көнбіс қазекең аты-жөніміздің қате жазылғанына мән бермей жүре береміз. Сабақ кезінде студенттерге аты-жөндерінің тура мағына­сын айтып, дұрыс жазылуын көрсет­­кенімде бірі: «Апай, уже куә­лігімізде «Абдухаликов» десе, екіншісі – «Умиралиев» бо­лып, тізімге куәліктегі бұрма­лан­ған аты-жөндерін жазғыза­тын. Қа­зіргі кездің өзінде исі қазақ дегеннің көбі қате жа­зылып, бұрмаланған аты-жөні­­­­мен жүр. Тіліміз, аты-жөніміз қашан­ғы жартыкеш болады? Жарты­кеш тілді ешкім қадірлемейді. «Ел болам десең, бесігіңді тү­зе» деген М.Әуезов. Ендеше аты-жөнімізді түзейік! Кеңес өкіме­ті кезінен келе жатқан «қазақша аты», «орысша аты» деген болмау керек. Адамның аты – бі­реу-ақ. Ол – азан шақырып, армандап қойған атың. Ол атың мән-мағынасы толық күйінде қазақ тілінде жазылуы керек. Ақжарқын РАХЫМБЕКОВА. Алматы.   Ажалды тышқан мен  «арамза қақпан» Жортуылдап, жорғалап, Келе жатты аш тышқан. Қайдан білсін сормаңдай, Бар екенін қас дұшпан. Емін-еркін тойына, Тамақ жеу болды арманы. Еш күдік жоқ ойында, Сапарын әрі жалғады. Жол-жөнекей байқұстың Басына бір «бақ қонды». Қараңғы қалтарыстан, Молшылыққа тап болды. Ұжымақ төрі – керемет! Арпа, бидай, тары бар. Қу жанына не керек, Бәрі осыннан табылар. Еш қауіп жоқ ойында, Арандай аузын аңқитып, Өле жеді тойына, Мешкей қарнын қампитып. Арпа-бидай қаптағы, Обырлана асады, Тарғыл мысық тап болып, Тышқан тұра қашады. Қорқып тарғыл мысықтан, Тышқан сасып, қашқанда, Құдай атып, оқыстан Түсіп қалды қақпанға... *  *  * «Қара ешкіге – жан қайғы, Қасапшыға – мал қайғы». Кей жемқордың тірлігі – Тышқандардан аумайды. Нұртан ТӨЛЕПБЕРГЕНҰЛЫ. Алматы.   Пенсия Қақырынып-түкірініп үйіне кірген Темешбай басқан жерін солқылдатып, ана бөлмеден мына бөлмеге кіріп-шығып жүрген сүйегі ауыр кемпіріне көзін тоқтатты. – Әй, не болып қалды? – Аузыма тыным жоқ, өзім де бір қасқамын  ғой. Саған ашу үстінде айтқан кешегі сөзім есіме түсіп... – Қай сөзің? – «Осы саған-ақ құдайдың өлімі келмейді екен», «осы сен-ақ қата қалмайды екенсің» дегенімді айтам. – Керек болдым ғой? – Қата қалсаң, пенсияң тоқтап қалады екен ғой. Қата қалсаң, ай сайын жүгіріп өзі келіп тұрған ақшаны бізге кім береді?   Айырбас ... – Сонымен жаңағы әңгіменің аяғы немен тынды? – Гәуіпбай Дәуіпбайдың әйелін алды. Дәуіпбай Гәуіпбайдың әйелін алды. – Айырбас? – Махаббат адам баласын қайда сүйремейді. Кешелі бері тағы бір әңгіме шығып жүр. – І-і? – Гәуіпбайдың өз әйелі өзіне, Дәуіпбайдың өз әйелі өзіне ыржаңдап қайтып барыпты. Үмбетбай УАЙДИН. Алматы.   Депутаттың ариясы (Бәкір Тәжібаевтың “Ақбұлақ” әнінің ізімен)   Күндіз-түні бір тынбай, Мәселе шешкен нақтылап. Құмар едім өзіңе, Келдім, міне, шапқылап. Сынап тастап билікті, Кейде ерлеп қаласың. Ештеңеге килікпей, Кейде “терлеп” қаласың.   Сенің келіп алдыңа, Халық талай сын айтқан. Билік келіп алдыңа Сені талай мұңайтқан. Айналайын, Парламент, Бәз біреуге арман ең. “Үндемеген жөн-ау”, – деп, Дау-жанжалға бармап ең. *  *  * Жер сатылып жатқанда, Жақ ашпаған Парламент. Тілі үшін қайғырып, Таласпаған Парламент. Сен болмасаң маңдайым Ашылмайды, Парламент. Саған деген құмарым Басылмайды, Парламент. Үміт ЗҰЛХАРОВА. Алматы.   Құрдасының қарқыны Өтеген Жаппарханның бір құрдасы жастау көрінгісі келіп, жасын кішірейтіп айтатын көрінеді. Сол кісіге мынандай әзіл арналыпты: – Танимын құрдасымды шақырымнан, Қағынған біздің Төкең тақымынан. Кісінеп, кәрі айғырдай байтал көрсе, Табанда айырылады ақылынан. Жыл сайын өзгертеді туған жылын, Бұл күнде бес жас кіші қатынынан...   Аллауакбар Журналист Оңалбай Садықов теміржолшылар өмірінен материал дайындайды. Мақаланы редакцияға күні ертең өткізуі керек. Қырсық шалғанда мекеме басшысының аты-жөнін қойын дәпте­ріне түрте салмапты, өзінің есіне түсер емес. Пойыз Түркістан қаласына кідіргенде, сасқан журналист вокзалда отырған балгер кемпірге бал ашқызады. Құмалағын шашып жіберіп, қайта жинаған ол: – Жоғалтқаның алдыңнан шығады, аллауакбар! – дейді. Сол кезде қуанып кеткен Оңқаң: – Иә, енді есіме түсті, бастықтың аты Акбар еді, – деп тағы да бір сомын ұсына беріпті.   Аю бағу Бірде соңғы кезде шаруасы шатқаяқтап жүрген “Маралды” кеңшарының кеңсесінде жина­лыс өтіп жатады. Кеңшар ди­рек­­торы жақында марал сатып алатындарын, сөйтіп ендігі үміт­ті осы саладан күтіп отыр­ғандарын айта келіп, оның тиімді жақтарын әжептәуір әңгіме етіпті. Сөзін аяқтаған соң ол: “Кімде қандай ұсыныс бар?” деген сауал тастайды. Сонда Уәли орнынан тұрып: – Басеке, – деген екен, – осы сендер неге аю асыра­май­сың­дар? Аю баққан рақат емес пе, жаздай өз бетінше жайылады да суық түсе ұйықтап қалады...   Сұрақ – жауап – Егер сіз жаныңызға қойған қалпағыңызға біреу отырып алса, оған не айтар едіңіз? – «Көрмес түйені де көрмес, малғұн» дер едім. Оны жай сұрадыңыз ба? – Сіз менің қалпа­ғым­да отырсыз. *** – Мен бүгін екі еркек, үш ұрғашы шыбын өлтірдім. – Мәссаған! Олар­­­дың жынысын қалай анықтап жүрсің? – Таң қалатын түгі де жоқ: екеуі сыра бө­телкесіне, үшеуі теле­­фонға қонып тұр екен! *** – Болашақтың көлік­тері немен жұмыс істейді деп ойлайсың? – Су мен шөп болса болды. – Ал ондай техника қа­лай қозғалады? – Атты арбаға жегіп жүріп кетесің... *** Екі еркектің әңгімесі: – Қалайсың? Ленка екеуің некеге тұрып бақытты өмір сүріп жатқан шығарсыңдар? – Солай десе де болады. Ленка бақытты, мен некеге тұрғанмын. *** Алтын балық шал­дың қармағына ілініп қалып: – Кемпіріңіз тірі ме? – дейді. – Тірі. – Онда мені қуырып жей салыңыз!.. *** *** – Ісі тек ілгері кеткен еркек деп кімді айта­мыз? – Ақшаны тауып үлгеретіні сонша, әйе­­лі оны жұмсап үл­гер­ме­йтін еркекті айтамыз. *** – Не істесек екен? – Арақ ішеміз. – Мерекені жай күн­дер­дегідей етіп берекесін кетірмейік те!