Кеше Астанадағы «Рэдиссон» қонақүйінде «Мемлекеттік басқарудағы инновациялық технологиялар: болашақ экономикасы жолында» тақырыбында IDC конференция болып өтті.
Конференцияға IDC International президенті Филипп де Марсильяк, IDC CEMA жоғары вице-президенті және атқарушы директоры Стивен Францен, The Secdev Group компаниясының негізін қалаушы әрі басқарма төрағасы және кибер-қауіпсіздік саласындағы мәселелерді зерттеуде әлемдік мамандардың бірі болып саналатын Рафал Рохозински қатысты. Шара басталмас бұрын журналистерге арнап баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Оған Қазақстандық ІТ компаниялар ассоциациясы президенті Нұрлан Исин, «Зерде» ұлттық ақпараттық-технологиялық холдингі өкілі Бикеш Құрманғалиева, IDC International президенті Филипп де Марсильяк, IDC-тің Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Андрей Беклемишев, «Касперский лабораториясының» дамушы рынокты елдердегі атқарушы директоры Гарри Кондаков және басқалар қатысты. Баспасөз мәслихатында Қазақстанның ақпараттық технология рыногындағы 2010-2011 жылдарда қол жеткізген көрсеткіштері туралы баяндамалар жасалды. Сондай-ақ мемлекеттік сектор үшін қолданылатын технологиялар сараптамасы және әлемдік ақпараттық технологиялар рыногындағы байқалымдардың шолуы жарияланды. Киберкеңістіктегі қауіпсіздік мәселесі де ерекше аталды. Киберқауіпсіздіктің тенденциялары мен оның салдарлары, заманауи киберкеңістікті қалыптастыратын қозғаушы күштер тақырыптары да назардан тыс қалмады.
ІDC ақпараттық технология рыноктарын зерттейтін халықаралық деңгейдегі тәуелсіз агенттік болып табылады. Агенттік ұйымдастырған конференция барысында ақпараттық қауіпсіздік және оған қолжетімділік, ақпараттарды сақтап-өңдейтін орталықтар тиімділігі, ақпараттарды сақтау мен бұлттық шешімдер, ақпараттық желілер мен коммуникациялар, мемлекеттік сектордағы аутсорсинг, қызмет көрсетуді жақсарту және техникалық сараптаманы жетілдіру, құжат айналымын басқару, үкімет мобильділігі басты тақырыптардың өзегіне айналды.
Конференцияға Microsoft, Касперский лабораториясы, HP, Checkpoint, VMware, Fujitsu, SmartCom, APC by Schneider-Electric, «1С», SAP және Kingston Technology фирмалары қатысты. Ал еліміздің Байланыс және ақпарат министрлігі, Қазақстанның интернет ассоциациясы және ІТ компаниялар қауымдастығы қолдау көрсетті.
IDC зерттеулері ішінде өзімізді қызықтырған кейбір мәліметтерге тоқтала кетсек. Сараптамалар нәтижесінде Қазақстанның баспа перифериясы рыногы 2011 жылдың алғашқы жартыжылдығында кейбір жеке сегменттерінің қысқаруын есепке алмағанда едәуір алға жылжыған. Ал баспа құрылғыларын жеткізу көлемі тұрғысынан 2010 жылдан 17 %-ға, ал құны тұрғысынан 32%-ға өскен. Рыноктың жалпы өсіміне қарамастан құйылмалы технологиялар саласында қатты құлдырау байқалған. Сервер рыногында барлық сегмент бойынша өсу қарқыны байқалған көрінеді. Ал өткен жылы дербес компьютер рыногында оларды сатып алуда соңғы бес жыл ішінде ең үлкен өсім көрсеткен. IDC мәліметтеріне сенсек, мұндай көрсеткіш дағдарыстың алдыңғы жылдарында да байқалмаған көрінеді.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.