• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Медицина 29 Мамыр, 2017

Медицинадағы бәсекелестікке жол ашады

723 рет
көрсетілді

Еліміздегі денсаулық сақтау саласына енгізілгелі отырған міндетті медициналық сақтандыру әлемдегі үрдістерді саралап, халықаралық сарапшыларды қатыстыру арқылы жүзеге асырылуда. Осы ретте халықаралық сарапшылардың бірі Қазақстан Республикасы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры директорлар кеңесінің мүшесі Гинтарас КАЦЯВИЧЮСПЕН әңгімелескен едік.

– Елімізде міндетті медици­на­лық сақтандырудың енгі­зілуіне екі айдан аз уақыт қалды. Бұл жүйенің қазақ­стан­дық­тарға берері не деп ойлайсыз? – Менің ойымша, бұл рефор­ма тек медицинаға емес, өзге салаларға да, соның ішінде қар­жы секторына да өзгерістер әкел­мек. Оған қоса, міндетті сақ­тан­­дыруды денсаулық сақ­тау жүйесін дамытуға серпін бе­ре­тін тамаша мүмкіндік десе де болады. Өздеріңіз білесіз­дер, қазір Қазақстанда білім, мәде­ниет секторы сынды меди­цина саласы да мемлекет тарапынан қар­жы­ландырылады. Деген­мен, азаматтардың өз қалтасы­нан шығаратын шығыны да аз емес. Нақтырақ айтқанда, бүгінде денсаулық сақтауға бөлінетін қаржының 37,5 пайызы тұрғындардың жеке қалтасынан екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл көрсеткішті 20 пайыздан асырмауды ұсынады. Ал міндетті әлеуметтік медици­налық сақтандыру осы жағ­­дай­ды біртіндеп өзгертуі тиіс. Жүйе енгізілгеннен кейін ден­сау­лық сақтау саласын қаржыландырудағы бюджетке түсетін салмақ азаяды. Болашақта осы жүйенің арқасында жауап­кер­шілік мемлекет пен тұр­ғын­дар және жұмыс берушілер ара­сында теңдей бөлінеді. Әлбетте, бұл бір күнде біте қоя­тын шаруа емес.  Жүйе енуінің ендігі бір жақ­сы­лығы, қалтасынан жарна аударып отырғаннан кейін жұмыс берушілер де, жұмыскерлер де өз тараптарынан денсаулық сақтау жүйесіне қоятын талап­тарын күшейтеді. Бұл өте жақ­сы нәрсе. Себебі, пациент бір­тін­деп клиентке айналады, ал медицина мекемелері клиент­тен айрылудың пайдасызды­ғын ұғынып, әр емделушіге жіті назар аударатын болады. Бұл да көп уақытты қажет ететін күр­делі процесс. Мысалы, менің елім­де міндетті сақтандырудың енгізілгеніне талай жылдар өтсе де, әлі жетілдірілуде. Қанша дегенмен, адам ақша төлегеннен кейін оның өтеуін сұрайды.  Жаңа жүйе енгізілгеннен кейін денсаулық сақтау сала­сын қаржыландырудан ме­ди­цина­лық қызмет түрлерін сатып алуға көшуге талпыныс жаса­­лады. Яғни, медицинаны Қазақ­­стандағы сияқты жыл са­йын жоспарлы түрде қаржы­лан­дырып отырғаннан ештеңе өзгермейді, бәсекелестік артпай­ды. Ал медициналық қызмет­терді сатып алғанда бәсекелестік дамиды, жекеменшік клини­калар­дың медициналық көмек көрсетуге көбірек қатысуы­на жағдай жасалады. Түптеп кел­ген­де, осының бәрі медици­на­лық қызмет сапасының артуы­на және денсаулық сақтау жүйесі­нің тиімділігін күшейтуге ықпал етпек.  – Өзіңіз жүйе енгізілген соң ондағы үдерістер жылдарға созылатынын айтып отырсыз. Жалпы, келешекте қан­дай қиындықтар туындауы мүмкін?  – Міндетті сақтандыру жүйе­сіне көшу кезеңінің маңы­зы өте зор. Қателеспесем, Қазақ­стандағы медицина ұйым­дары әр жылдың басында дәрі-дәрмек сатып алуға және бас­қа мақсаттарға бөлінетін қар­жы­ның 30 пайызға жуығын аванс ретінде алады. Жалпы, мұндай тәжірибе Қазақстаннан басқа елдерде жоқ. Ал міндетті сақтандыру жүйесі енгеннен кейін аванспен қамтамасыз ету мүмкіндігі болмайды. Себебі, қаржы қорға біртіндеп түседі. 2018 жылдың қаңтарына дейін қор осы 30 пайыз авансты жи­нақтап үлгермейді. Міндетті сақтандыру енгізілгеннен ке­йін емдеу мекемелерінің айна­лымында жалақы төлеуге, қа­жетті дәрі-дәрмектер мен құ­рал­дарды сатып алуға жететін қаражат болуы керек. Медицина ұйымдары экономикалық ағза ретінде дұрыс жұмыс істеуі үшін айналымда ақша ұстап, өз шығындарын жоспарлай білуі тиіс деп ойлаймын. Сондай-ақ, міндетті сақтандыру қара­па­йым халыққа да белгілі бір жаңа міндеттер жүктейді. Әлбетте, салықтың жаңа түріне ешкім қуана қоймайды. Көпшіліктің наразылық танытатыны да заң­ды. Дегенмен, жұртшылық ме­­ди­­циналық сақтандыруды мін­деттеме деп қана қабылдамай, сол арқылы өздерінің белгілі бір құқықтарға ие болатынын, денсаулық сақтау жүйесі мен қыз­мет көрсету сапасының бір­­ті­ндеп жақсаратынын да ескер­гені жөн. Ал егер осы үлгі­нің өздеріне жақсы болатынын ұғы­нып, одан ешкім бой тартпаса, халық та, тұтас мемлекет те пайдасын көреді.  – Сақтандырудың қазақ­стандық үлгісі қай елдердің тәжірибесіне сүйеніп жасалды? – Қазақстандық сақтан­дыру­ды нақты бір елдегі жүйе­нің көшірмесі деу дұрыс емес. Себебі, әр елдің ешкімге ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктері болады. Сақтандырудың қазақстан­дық үлгісі қазір Орталық және Шығыс Еуропада пайдаланылып жүрген жүйеге жақын. Себебі, біздің бәріміз Семашконың жүйесінен шықтық (денсаулық сақтаудың кеңестік үлгісі). Бұл елдердің бәрінде Қазақстандағы сияқты бірыңғай төлеу үлгісі пайдаланылады. Ал халық­тың экономикалық белсенділігі төмен тобы мемлекет тарапынан сақтандырылады. Бұл біздегі жүйенің Батыс Еуропа елдерінде қолданылатын сақтандыру үлгі­сінен басты ерекшелігі. Өйт­кені, «отбасылық» сақтан­дыру­ға негізделген батыста от­басы­ның өзге мүшелерін сақ­тан­дыру­мен отағасы қамта­ма­сыз етуі тиіс. Дегенмен, мұнда да сақ­тан­дырудың аралас жүйе­лері барын мойындау керек. Орталық және Шығыс Еуро­пада бірыңғай төлеуші – қор­мен қатар, жеке сақтандыру да бар. Меніңше, көптеген елдер­де тұрақтылығын дәлелдеген, ең дамыған денсаулық сақ­тау жүйесі осы. Сондықтан, осы үл­гіні таңдап алған Қазақ­стан қате­лескен жоқ деп ойлай­­мын. Оның артықшылығы неде? Бірыңғай сатып алушы, яғни қор медициналық қызметтерді сатып алу мен жарна жинаудың біртұтас тәртібін жасайды. Бірақ қор қаржыны өзі жинамай­ды. Жарнаны жинайтын ұйым құрып жатудың да қажеті жоқ. Жарна жинау міндетін «Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясы ат­қа­ра­ды. Ал оны Мемлекеттік кіріс­тер департаменті қадағалап отырады. Ендеше, ақша рәсуа бола ма деп алаңдаудың қажеті жоқ. Сондықтан, Қазақстан сақ­тан­дырудың ең тиімді үлгісін таң­дап алды деуге толық негіз бар. Литва да осы бірыңғай төлеу­ші жүйесімен жұмыс істейді. Бізде халықтың жеңілдігі бар санатына жататын 55 пайыз­ға жуығы үшін жарнаны мем­лекет төлейді. Таяуда болған жаһандық экономикалық дағ­дарыс литвалық сақтан­дыру үлгісі үшін үлкен сынақ кезеңі болды. Экономика құлды­ра­ған кезде дәл осы модель өзі­нің тұрақтылығын, төзімділігін дәлелдеді. Оның бір себебі – мемлекет әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар үшін жарнаны екі жыл бұ­рын­ғы орташа жалақыға байланыс­тырып төлейді. Жалпы, бұл тәсі­лдің жақсы тұстары өте көп. Біріншіден, мемлекет жар­на­сы белгілі бір индикаторға негізделген. Яғни, жеңілдігі бар санаттағылар үшін бөлінетін қаржыны жоспарлағанда ешкім оны қолдан азайта алмайды. Екіншіден, оның циклге қарсы әсері жоғары. Мемлекет төлей­тін жарналар екі жыл бұрынғы жалақыға негізделгендіктен, эко­­номика төмендеп, халықтың табысы мен жарнасы азайған кезде мемлекеттің жарнасы сол күйінде қалады. Бұл жүйені тығы­рықтан алып шығуға, тым болмаса дағдарыстың кері әсе­рін төмендетуге көмектеседі. Осы тетіктің арқасында ДСҰ Литва­ның сақтандыру үлгісін өте жоғары бағалап, оны өзге ел­дерге үлгі ретінде ұсынды. Қазір Словенияның да осы жүйеге ұқсас сақтандыру үлгісіне көшу­ді жоспарлап отырғанын біле­мін. Сондықтан, аталған тәсіл­ді таңдап алған Қазақстан да сын сәтте сақтандыру жүйесі­нің тұрақ­тылығын осылай қамта­ма­сыз ете алады деп ойлаймын.  – Жаңа реформа табысты болуы үшін мемлекет пен халық не істеуі керек, шама­мен қанша уақыт қажет болуы мүмкін? – Міндетті сақтандыру жүйе­сіне енуді бір ғана әрекет деп емес, тұтас бір үздіксіз жүре­тін процесс деп қараған жөн. Біздің елде сақтандыру заңы­­на қанша өзгеріс енгізіл­ге­нін саусақпен санап тауыса ал­май­сың. Сондықтан, оның әр­дайым жаңарып, жаңа кілти­паны пайда болып отыра­тын тұрақты процесс екенін ұғы­ну керек. Сақтандыру жүйе­сін Қазақстанда да бірнеше айда енгіздік, бітірдік, болдық деу мүмкін емес. Ол аяқтан тұруы үшін ең кемі бір жарым жыл уақыт қажет. 2017 жылдың шілдесі мен 2018 жылдың соңына дейінгі аралық кезеңнің маңызы өте зор. Себебі, денсаулық сақ­тау саласы осы кезеңде қол­да­ныс­тағы ескі жүйеден қаржы­лан­дырудың жаңа үлгісіне көше­ді. Кедергілерге қарамай бұл про­цесті үздіксіз, тоқтаусыз жүр­гізу қажет. Оның үстіне, қазір заңға өзгерістер енгі­зі­ліп, жарна мөлшері төмендеті­ліп жатыр. Қор бұрын жос­пар­­лан­ған мөлшерде қаржы жи­най алмайды. Сондықтан, осы өт­пелі кезеңде жұмысты дұрыс ұйымдас­тырудың маңызы зор. Және бұған қор мен Денсаулық сақтау министрлігі ғана емес, өзге министрліктер де, Үкімет те жауапты. Себебі, бұл көптеген ұйым­­дар мен ведомстволарға қа­тыс­ты кешенді реформа. Мем­ле­кет­тің байлығы – адам. Ал адам ауырмай тұрмайды. Халықты сапалы медицинамен қамтамасыз ету үшін жаңа жүйені дұрыстап іс­ке қосу, оның маңыздылығын тү­сі­ну аса қажет екенін айтқым келеді.

Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»