Парламент депутаттары көшпелі отырыс өткізбес бұрын бірқатар өндіріс нысандарын аралап, облыстағы құрылыс, тұрғындардың ауызсумен қамтылу жағдайымен танысты. Теректі ауданы, Новопавлов ауылындағы су құбырын күрделі жөндеу барысын көріп, Ақсуат ауылдық округінде орналасқан «Теректі май комбинаты» ЖШС жұмысымен танысты және Долин ауылдық округіндегі «Махорин» шаруа қожалығын аралаған депутаттар одан әрі Бөрлі ауданының Березов, Бестау елді мекендерінің тұрғындарымен жүздесіп, Ақсай қаласында салынған 100 пәтерлік тұрғын үй құрылысында болды. – Батыс Қазақстан облысының екі ауданын аралап, ондағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстық. Өңір өркендеп келеді, жақсы нәтижелер бар. Жалпы, Батыс Қазақстан облысының ауыл-аймақтарына орталықтандырылған су тарту үшін 2015-2017 жылдары республикалық бюджеттен 8 млрд 93 млн теңге бөлінген екен. Биылдың өзінде ғана 5 млрд 637 млн теңге қаражат осы мақсатқа бөлінді. Алдағы жылы 1 млрд 650 млн теңге қарастыру ұсынысы түсіп отыр, оны біз, депутаттар, қолдаймыз. Дегенмен, Батыс Қазақстан облысы үшін өте өзекті екі мәселе бар: оның бірі – өңірдегі автожолдардың жай-күйі, екіншісі – тұрғындардың таза ауызсумен қамту көрсеткішінің төмендігі, – деді Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов. Биыл Батыс Қазақстан облысында «Өңірлерді дамыту-2020» жəне «Нұрлы жол» бағдарламалары ауқымында 5 637 млн теңгеге 33 жоба жүзеге асырылады. Қазіргі ахуал мынадай: БҚО-дағы 443 елді мекеннің 164-і немесе 37 пайызы ғана таза ауызсумен қамтылған. 275 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған. Төрт ауыл ауызсуды сырттан тасымалдайды. – Қазақстан Республикасы бойынша халықтың таза сумен қамтылу орташа көрсеткіші – 52% екендігін ескерсек, батысқазақстандықтардың жағдайы алаңдатарлық күйде. Биыл жоспарланған жұмыстарды атқарғанның өзінде бұл көрсеткіш 40%-ға ғана көтеріледі. Сондықтан, бұл бағытта атқарылатын іс әлі көп, – деді Нұртай Салихұлы. Көшпелі отырыста талқыланған тағы бір мәселе – құрылыс саласындағы мәселелер болды. Парламент депутаты Бақтияр Мəкен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 46-49-қадамдары бойынша жасалып жатқан жұмыстардың барысын айтып берді. Инвестициялар және даму вице-министрі Р.Скляр сәулет-құрылыс қызметі және сумен жабдықтау саласындағы бақылау және қадағалау жүйесін жетілдірудің өзекті мәселелері жөнінде баяндама жасады. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Е.Рамазанов «Құрылыс саласында уәкілетті органдардың бизнеске қатысты бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру практикасының жекелеген мәселелері» атты арнайы баяндама жасады. Е.Рамазанов бір ай бұрын Мәжіліс депутаттарымен кездесу өтіп, біріккен әрекет жоспары талқыланғанын айтты. – Бүгінгі кездесуді жүйелі ұйымдастырып, конструктивті кеңес жасағаны үшін Батыс Қазақстан облысының басшылығына рахмет айтамын. Сіздердің назарларыңызға құрылысшылар алдындағы кейбір түйінді мәселені салғым келеді. Бұл – мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және техникалық қадағалау органдарының әрекетіне қатысты. Өзге қадағалаушы мекемелердің тексеру жиілігі, тәртібі заңмен реттеліп, прокуратура органдарына тіркелетін болса, жоғарыдағы екі мекеме құрылыс нысандарын күн сайын шексіз тексере алады. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлікке кедергі жасауы мүмкін, сыбайлас жемқорлыққа себеп болуы мүмкін. МСҚБ (ГАСК) тіпті тек құрылыс сапасын емес, қосымша өкілеттіктерді де мойнына жүктеп алған, нысандағы тазалық, құрылыс қоршауы, ондағы жарнамаға байланысты да шағым жасаған оқиғалар кездесті. Сондықтан, бұл органдардың нақты міндетін белгілеп, әрбір тексеру фактісі тіркелуі тиіс, – деді ол өзінің сөзінде. «ОЭККА» ЖШС бас директоры, Қазақстан Республикасы Инжинирингтік компаниялар одағының өкілі Құндыз Нұров та жобалау және құрылыс саласындағы нормативтік базаны жетілдірудің кейбір мәселелеріне тоқталып өтті. Ол осыдан 30 жыл бұрын Батыс Қазақстан өңірінде қызмет атқарғанын, сондықтан, осы екі күндік сапар жүрегіне жылы тигенін айтып, өңірде құрылыс саласында көп жұмыс атқарылғанына ризашылық білдірді. Отырыста Орал қаласының əкімі Нариман Төреғалиев 2017 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 11,1 млрд теңгеге шаһарда 8 үй тұрғызылып, 1 152 пəтер пайдалануға берілетінін айтты. Өткен жылы облыс орталығында көпқабатты 11 үй тұрғызылып, 1 247 пәтер иелеріне берілген. Осылайша, 4 мыңнан аса оралдық қоныс тойын тойлапты. Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халелов өндірісті ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың есебін беріп өтті. Өңірдегі белгілі құрылыс компаниясы «Болашақ-Т» ЖШС-нің атқарушы директоры Нұржан Сахаров биыл 900 пәтерлік 5 үйдің құрылысы аяқталатынын айтты. «Отделстрой» ЖШС директоры Валентина Михно да өз ұжымында 11 ұлттың өкілі тату-тәтті қызмет етіп, талай жетістікке жеткенін мақтанышпен жеткізді. Көшпелі отырыста құрылыс саласына қатысты заңнамалық актілерді жетілдіру, соған байланысты əкімшілік кедергілердің туындауы, құрылыс сапасы төмендеп, мерзімінде тапсырылмауы жəне мемлекеттік портал арқылы құжат рəсімдеуге қатысты кездесетін мəселелерді Мəжіліс депутаттары кеңінен талқылады.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ