Мұның біріншісі экономикалық жаңғыру, соның ішінде экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы екені белгілі. Бұл жөнінде республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жан-жақты айтылған. Жаңғырудың келесі кезегі саяси жаңғыруға ұласады. Мұның жарқын мысалы билік тармақтарын бөлісу жөніндегі Елбасы Үндеуіне орай қабылданған шешім деп білеміз. Енді рухани жаңғыру жайлы қалай болады екен деп елеңдеп жүргенімізде басылым беттерінде республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарқ ете түсті. Біз осы берері мол, айтары асқақ кемел дүниемен танысқан кезде бұған дейін іздеп жүрген асылымызды тапқандай, жоғалтқанымызды түгендегендей күй кештік. Мұнда рухани жаңғыру жолдарының барлық қырлары мен сырларына қатысты терең талдаулар мен пайымдаулар жасалған. Сонымен бірге, бұл бағытта алдағы атқарылатын міндеттер тайға таңба басқандай сараланып, көр- сетілген. Мен солардың ішінен бір мәселеге қатысты өз ой-пікірімді білдіргім келеді. Мұның өзі Мемлекет басшысы мақаласының алғашқы бөлігіндегі ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы айтқан тағылымды толғаныстарынан туындайды. Мақаланың осы бірінші бөлігінің беташар парағы бәсекелік қабілет мәселелеріне арналыпты. Рас, Нұрсұлтан Назарбаев бәсекеге қабілеттілік жөніндегі ой-тұжырымдарын, оның еліміздің экономикалық тұрғыда дамуындағы алатын орасан зор рөлін бұған дейін де айтқаны, саналарға сіңіргені белгілі. Ал қазір біз бұл түсінікке екінші бір қырынан қаныққандай болдық. Абайлап, аңдап қарасақ, бәсекеге қабілеттілік тек экономикалық категория ғана емес, сонымен бірге рухани жаңғыру мәселелерінде де жетекші орын алады екен. Елбасы мақаласынан біз осыны ұқтық. Оның қажеттілігін көңілге мұқият түйдік. Болашақта ұлттың табысты болуы, оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелік қабілетімен айқындалады деп атап көрсетеді Мемлекет басшысы. Айна-қатесіз шындық. Дүниеде шаң қауып қалудан артық дәрменсіздік бола қоймас, сірә. Шынтуайтына келгенде, осы бәсекелік қабілет ұғымы ел-жұртымыз бен халқымыз үшін тек соңғы кезде пайда болған қағида десек, қателесуіміз мүмкін. Біздің дана бабаларымыз өз ұрпақтарын алға талпындыра да білген, ұмтылдыра да білген ғой. Маған осындай ұлы мақсаттың өрісін Мемлекет басшысы рухани жаңғыруға қатысты мақаласында тың, жаңаша бір қырынан толықтырғандай болады да тұрады. Мұны Елбасы атап көрсеткендей, ХХІ ғасырға ла- йықты қасиеттерге ие болу ұғы- мынан айқын аңғара аламыз. Бұл дегеніңіз, мақалада көрсетілгендей, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық секілді факторлар екені тағы да талассыз. Біз ХХІ ғасыр талаптарына сай болу деген ұғымды қалай түсініп жүрміз. Бұл сауал- дың жауабын да Президент мақаласынан таба аласыз. Яғни, мұның өзі «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Этнос- аралық және конфессияаралық келісім» секілді мемлекеттік бағдарламалардың тигізетін шапағатын әрбір қазақстандық бо- йына сіңіре білуі деген сөз болып шықпай ма? Әлбетте солай болса керек. Әлемге танымал саясаткер Маргарет Тетчердің: «Ешбір табиғи байлықтарсыз да мемлекетті қуатты етуге болады. Елдің басты байлығы – адам. Мемлекет тек сол адамдардың талантын ашудың негізін жасау керек», деген ұлағатты сөзі бар екен. Бұл ойлы пікір де Қазақстан Президентінің мақалада айтқан сөзімен үндесіп жатқандай көрінеді. Сөзімді түйіндей келе айтарым, Мемлекет басшысының жүректен шыққан сөзі жүректерге жеткені анық. Яғни, Президенттің рухани жаңғыруға қатысты мәнді де мағыналы мақаласы сонысымен құнды, сонысымен бағалы демекпін.
Айгүл ДҮЙСЕНОВА,
Ақтөбе облысының ҮЕҰ қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің президенті
АҚТӨБЕ