Ағын суымыз ағысты болса екен
Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы жарамды жерлердің басым бөлігі суармалы. Ауданда мұндай суармалы жер көлемі 32,5 мың гектар. Қырғыз тауларынан бастау алып ауданымыздың шекарасын кесіп өтетін Талас өзенінен су алатын шалғай ауылдардың дихандары ағын судың жетіспеуі салдарынан егін алқаптарын мерзімінде суғара алмай келеді. Айтайын дегеніміз – Тараз қаласының солтүстігінен бетондалған үлкен канал арқылы ағын су өтеді. Осы су жүйесін Белқожа, Сеңкібай, Өтеміс каналдарымен жалғастырған жағдайда Бурыл, Көктал, Сазтерек, Мырзатай, Жалғызтөбе, Ынтымақ ауылдық округтері мен Көптерек ауылы және «Базарбай» бетондалған су жүйесі каналынан Сәмбет каналы арқылы Суханбаев ауылдық округі елді мекендеріне дейін каналдарды бетондау арқылы ағын суды ысырапсыз, мерзімінде жеткізуге мүмкіншілік туар еді. Аудан тұрғындары үшін өте маңызды болған жоба жандандырылып, жобалау-іздестіру сметалық жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы қарастырылса әрі Үкімет кепілдік беріп, республикалық бюджеттен және облысымыздың кәсіпкерлерінің, инвесторларының су шаруашылығына қаржыларын салғандары да құптарлық болар еді. Осы ағын сумен қамтамасыз ету мәселесі өз шешімін тезірек тапқан жағдайда майда шаруа қожалықтарын ірілендіру мәселесі тезірек шешіліп, ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтеріне ұйымдасқан болар еді. Осы жағдай бүгінгі күн талабына сай келеді.
Ауыл тұрғындары атынан: Төле НАРЖАНОВ, Серік ЕРМЕКОВ Жамбыл облысы, Байзақ ауданы
Ауылымыз ажарлы, тірлігіміз базарлы
Мен өзім өмір сүріп жатқан Панфилов ауданының жеткен табыстарын айтқым келеді. Біздің ауданда бұрынғы соқпа тамдардың орнына сәулетті үйлер салынуда. Техникалық машиналарды есепке алмағанда жеңіл көлігі жоқ отбасы кездеспейді. Той-думан, жастардың түрлі мерекелерін өткізетін арнайы мәдени орындар да жеткілікті. 2015 жылы ауданымызда жаңа бір мектеп, 8 балалар бақшасы ашылса, 2016 жылы жастар үшін спорт нысаны пайдалануға берілді. Жаңа талапқа сай мешіт ашылып, жаңа мектеп салынуда. Қала және ауылдық жерлерде жолдар асфальтталып, көлік көп жүретін көшелерде бағдаршам, электр жарығы қойылды. «Нұрлы жол» жобасына байланысты мен туып-өскен Пенжім ауылында Нұркент қаласы мен Алтынкөл темір жол бекеті салынып, көптеген адам жұмыспен қамтылды. Жастар баспаналы болып, олардың алаңсыз еңбек етулеріне барлық жағдай жасалған. Осындай ауылы ажарлы, тірлігі базарлы біздің аудандағы көп ұлтты еңбексүйгіш халқымыздың достығы мен бірлігі ғасырлар бойы сақталып келеді. Келешекте жас ұрпаққа айтатыным, осы қағидамызды сақтап, 25 жыл ішінде жеткен табыстарымызды қолдан бермей, елімізге адал еңбек етуін тілеймін.
Майминам ИМӘРОВА, еңбек ардагері, ағарту ісінің озат қызметкері Алматы облысы, Панфилов ауданы
Сәбилердi қуанта білейік
Бұрындары қазақ халқында «жетiмдер үйi» деген ұғым мүлдем болмаған едi, ал қазiр жағдайымыз қалай? Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 29 666 сәби ата-ана қамқорлығынан айырылған екен. Мен жоғары бiлiмдi ұстазбын. Ұзақ жылдар Алматы қаласындағы тұрмысы нашар балаларды оқытатын мектеп-интернатта сабақ бердiм. Сол кезде «Ел аман, жұрт тынышта қазақтың балалары жетiмдер үйiнде тәрбиеленетiндей не басымызға күн туды? Ата-ана қамқорлығынан айырылған, тұрмысы нашар жандарға қалай көмектессек болады?» деген ойлар жиi мазалайтын. Осы ойымды бiраз азаматтарға айтып, ақылдасып қайырымдылық қорын құруға бел шештiм. Бiреуi қолдап, екiншiсi «оған қыруар қаржы керек, ал заманауи техника да жоқ» деп терiс айналды. Сәбилерге қуаныш сыйлап, тұрмысы нашар отбасыларға қолдау жасап, аз да болса көмегiмiздi көрсете алсақ, қорымыздың басты жетiстiгi сол болар едi. Осы мақсатта елiмiздегi кәсiпкер, жаны жомарт, қайырымды жандарды қордың құрылуы мен қайырымды iстер атқаруына өз үлестерiн қосуға шақырамыз.
Айбол ӘБДIМӘЖИТҰЛЫ Алматы
Шалғай ауылға газ келді
Ақтөбе облысының Ойыл ауданына газ келіп, шалғай жердегі 6 мыңнан астам тұрғынға «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ сый жасады. 115 шақырым қашықтыққа газ құбырын тарту, бірнеше газ реттеу бекетін салу жұмыстарына 2,6 миллиард теңге жұмсалды. Жарығы бар, суы тартылған, жолы салынған Ойыл ауданы үшін бұған дейін көгілдір отын қат дүние еді. Алдағы уақытта Ойыл ауданы орталығының 6 мың тұрғыны мен 60-қа жуық коммуналдық-тұрмыстық және әлеуметтік нысан бағасы арзан көгілдір отынға қол жеткізеді. Бұл жұмыс үздіксіз жүрмек. Аудан орталығында арнайы бөлме ашылып, газ таратушылардың жұмысы алаңсыз жүріп жатыр. Ал ауыл тұрғындары құжаттарын реттеп, арнайы мамандардың кеңесімен сызбасын жасатып үлгеруде. Алғаш боп газды тұтынғандардың бірі Құрмашевтар отбасы. Энергетиктер отбасында бәрі жұмыс істейді. Бұған дейін күндіз электр қуатын пайдаланып, кешкілік көмір жағып, үйін жылытқан Майра Бүркітова қиындықтың артта қалғанына қуанды. Ал көпбалалы Мергеновтер отбасына газ таратушылар демеушілік жасап, барлық қызметті тегін көрсетті.
Алтынай САҒЫНДЫҚОВА Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы
Әрің мен әніңді кетірмесін десең...
Алкогольді тұтынудан бас тарту күніне орай Шетпедегі Маңғыстау техникалық колледжінде дөңгелек үстел өткізілді. Жиында жастар мен студенттерге ішімдікті тұтынудың зияны мен оны қоғамда жастар арасында тез таралуының алдын алу жайында түсінік жұмыстары жүргізіліп, дәрістер оқылды. Жиында сөз алған аудандық жастар орталығының басшысы ішімдік туралы: «Алкогольдің өсер ұрпақ үшін зор зияны бар екендігі ертеден-ақ белгілі болған. Ерте ғасырдағы Рим заңдарында алкоголь ішімдіктерін 30 жасқа толмаған жастарға ішуге рұқсат берілмегендігі бекер емес, себебі бұл уақытта жастардың дүниеге ұрпақ әкелу құбылысының қарқынды жүреді. Көне Грекияда да 18 жасқа дейінгілерге «ащы су» ішуге тосқауыл қойған. Ресейдегі ертеден келе жатқан құжаттарда жаңадан отау тіккен жастарға ішімдік ішуге тыйым салынған» деген деректерді келтіре отырып түйінді пікірін білдірді. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ассамблеясының қарарында маскүнемдіктің адамзат денсаулығына әсері әлемдік түйінді мәселелердің қатарында екені айтылған. Аудандық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының меңгерушісі Биғайша Өтеғұлова темір торға түскен жандардың 80-90 пайызы арақ ішіп, қылмыс жасағандар деп пайымдайды. Бүгінде кез келген дүкенде арақ пен шараптың неше «атасы» самсап тұр. Шөлмекке сыйып тұрған «әзәзіл» әрің мен әніңді кетірмесін десең, сол «пәлекеттерге» жоламағаның жөн.
Аллаберген ҚОНАРБАЕВ Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы