Иә, темекі – зобалаң зұлмат жылдарда ата-әжелерімізге алдарқатар алданыш, іштегі зарықты басар «зиянсыз» дүние болды. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дегендей, тарих тоқайластырған көршілерден келген бұл дерт біздің халыққа өткен ғасырдың бел ортасында дендей сіңді. Өйткені, ұлттың өзі жоғалып кете жаздаған ұлы сынақта жанға дәрмен берер бір дүниенің керегі анық еді. Кеңестік кезеңде бұл рөлді ащы папиростар, жапырақ темекілер мінсіз атқарды.
Заман зердесі өзгеріп келеді. Бүгінде бүкіл әлем темекінің тұтқынынан азат болуға шақырады. Бірақ «ұзын арқан, кең тұсаумен» бұл сиқырдың маңынан ұзай алмай келе жатқандар жетерлік. Сонда не кедергі? Әуелі жарнама деуге болады. Темекіден түсетін түсім ұлан-ғайыр. Саудагерге де, салыққа да. Жаһанда ең сатылымды тауар осы сигарет екен. Жыл сайын 1 триллион қорап темекі сатылатын көрінеді. Сондықтан да салдарымен күрескен сияқты болғанымен заң күші мен ар күші темекіні тұсаулауға тым дәрменсіз. Десе де, Дания, Сингапур, Жапония мен Франция, Финляндия сияқты кейбір мемлекеттерде темекі тартуға қарсы нақты шаралар қарастырылған. Қайбір жылдары елімізде темекі қораптарының сыртына салынған үрейлі суреттер жарнаманы жасқаған сияқты болғаны рас. Бағасы да біраз көтерілді. Бірақ бұл да түбегейлі бетбұрысқа бастамады.
Жыл сайын темекіні тұтынудан әлемде 6 миллионға жуық адам өмірімен қош айтысады екен. Егер, мұның алдын алатын шаралар легін түзбесе, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш жылына 8 миллион адамға дейін өсуі мүмкін, дейді сарапшылар. Темекіге тәуелділік кез келген жанға, оның жынысына, жасына, ұлты мен нәсіліне, мәдениеті мен біліміне қарамастан өте үлкен қауіп төндіреді. Осы орайда, 31 мамыр – Бүкіләлемдік темекіге қарсы күрес күні деп жарияланған. Биыл Қазақстанда «Темекі – дамуға қауіп төндіреді» атты тақырыппен мамыр айында айлық өтті. Бұл айлықтың мақсаты темекісіз тұрақты әлем құру бойынша халықтық іс-қимылдарды жандандыру, денсаулыққа темекі тартудың орасан зиян келтіретіні туралы жан-жақты мәлімет беру болатын. Бірақ бұл аяда нақты шаралар ұйымдастырылғанын, нәтижесі қаншалықты болғанын білгеніміз де, естігеніміз де жоқ. Соған қарағанда есеп үшін солғын шаралармен түйінделгенге ұқсайды. Қатерлі ісікті зерттеу бойынша халықаралық агенттіктің қорытындысына сәйкес, өкпе обыры пайда болуының 70-95 пайызы темекі тартуға байланысты, ал оның даму тәуекелі шылым шегушілер арасында орта есеппен 10 есе жоғары болатыны анықталды. Сондай-ақ, темекі дүние жүзінде ерлердің арасындағы өлімнің 12 пайызына себеп болса, әйелдер арасында 6 пайызға жетіп отыр. Бұл адамзат үшін өте қауіпті көрсеткіш.
2015 жылы Ұлттық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы өткізген VI ұлттық әлеуметтік зерттеу барысында алынған мәліметтерге сәйкес, қазақстандықтардың 18,3 пайызы темекі өнімдерін тұтынады. Бұл есепке темекіге тәуелділер санаты қаншалықты енгені бізге беймәлім. Қоғамдық ұйымдардың бұған дейінгі әлеуметтік зерттеулер нәтижесімен салыстыра қарауы бойынша темекінің таралымы төмендегені байқалады. Сонымен бірге, жыл сайын темекі өнімдеріне жатпайтын өнімдерді тұтынушылар қатары да біртіндеп өсіп келеді. Айталық, қалаларда бұл көрсеткіш 1,6 пайызды құраса, ауылдарда 1 пайызға тең екен.
Әрине, елімізде темекіге қарсы орталықтар жұмыс істейді. Айталық, жыл басындағы дерек бойынша, республика аумағында 72 темекіге қарсы орталық пен кабинет тіркелген. Басым бөлігі Алматы қаласында (32), Маңғыстау (10), Қостанай (10), Ақтөбе (7), Батыс Қазақстан (5) және Қызылорда (2) облыстарында орналасқан. Қалған өңірлерде бір орталықтан жұмыс істейді. Осы орталықтарға 2016 жылы 31 093 адам келсе, оның ішінде 6 712 адамның орталыққа қайтадан келгені тіркеліп отыр. Есепті кезеңде 10 963 никотинге тәуелді науқас тіркелген. Олардың ішінде 3 453 адам наркологтарға жіберілген. Яғни, шылымның шылауынан шын құтылуды қалайтын азаматтар бар. Тек оларға демеу бола білу керек. Бұл бүгінгі нарықтық қатынастар жағдайында әлеуметтік орталықтардың маңызын арттыра түседі. Әсіресе, бұл бағыттағы күрес пен насихатты азаматтық сектор арқылы қоғамның өз ортасында жүргізудің қажеттілігі байқалады.
Думан Анаш, «Егемен Қазақстан»