Ең алдымен баяндама жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жоғарыда аталған құжат аясында Келісімнің қолданылу мерзімі 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылатынын мәлімдеді. Министрдің айтуынша, мұндай шешім қабылдануына биылғы жылғы пилоттық жоба нәтижелеріне талдау жүргізу қажеттігі себеп болған. Сондай-ақ, сенаторлар күн тәртібіне шығарылған екінші мәселе ретінде «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 1 және 6-дәліздерін қосатын «Ақтөбе – Мақат» автомобиль жолын реконструкциялау жөніндегі жоба) ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады. Өткен жылдың 7 желтоқсанында Астанада қол қойылған келісім аясында «Ақтөбе – Мақат» автомобиль жолын реконструкциялауды қаржыландыруға 240 300 мың АҚШ доллары мөлшерінде қарыз беру көзделеді. Ал Республикалық бюджеттен қарызды бірлесіп қаржыландыруға 32 765 мың АҚШ доллары бөлінеді деп күтілуде. Бес жылдық жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, қарыз 18 жыл мерзімге беріледі. Қаражатқа қызмет көрсетуді және оны өтеуді республикалық бюджет қаражаты есебінен еліміздің Қаржы министрлігі жүзеге асыратын болады. Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ерболат Мұқаев аталған заңның маңыздылығын айта келіп, Үкіметтің назарын жолдардың бойында демалатын орындар, уақытша көлік тоқтау алаңдары, тамақтану, сауда-саттық пункттері, техникалық қызмет көрсету стансалары, қалалардың кіреберісінде көлік жуу пункттері, авариялық шақыру байланысы, жолдар бойындағы елді мекендердің тұсында жол жағасындағы бизнес мүлдем жоқтың қасы екендігіне аударды. Оның пікірінше, егер мұндай қадамдар жүзеге асырылса халықаралық транзиттік бағыттың бәсекеге қабілеттілігі арта түсуіне оң септігін тигізеді. Сенат депутаттары қабылдаған келесі құжат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өсімдіктер мен жануарлар дүниесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болды. Екінші оқылымда қаралған құжат биологиялық әралуандықты сақтау үшін экономикалық, әлеуметтік, ұйымдастырушылық және өзге де жағдайларды жасауға бағытталған. Атап айтқанда, орман және аң аулау шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы қолданыстағы заңнамаға, сондай-ақ, экологиялық және өзге де аралас заңнамаға түзетулер енгізу көзделіп отыр. Сонымен қатар, бұл заңдағы кейбір жекелеген баптар орманды пайдалану, балық шаруашылығы қызметі, жануарлар дүниесі объектілерін жасанды өсіруді, жануарларды елімізге әкелу және әкету мәселелерін де қарастырады. Сондай-ақ, мемлекеттік ұлттық парктер мен олардың қорғалатын аймақтарының аумақтарын пайдалану тәртібі нақтыланып, биосфералық резерваттардың құқықтық тәртібі белгіленеді. Аталған заң жобасы бойынша баяндама жасаған Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Рашит Әкімовтің айтуынша, құжат 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап орман шаруашылығы мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қызметкерлерінің лауазымдық еңбекақыларын 25 пайызға жоғарылатуды, сондай-ақ, оларға мал жаю мен шөп шабу үшін жер учаскелерін беруді көздейді.
Нұрлыбек Досыбай, «Егемен Қазақстан»