• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Парламент 02 Маусым, 2017

Жас ұрпаққа идеал болатын қаһармандарымыз шоу-бизнес өкілдерінің көлеңкесінде қалып отыр

185 рет
көрсетілді

Халқымыздың қайсарлығы мен ерен ерлігінің үлгісіне айнал­ған Ұлы Жеңістің 72 жыл­дығын атап өттік. Еліміздің тәуел­сіз­ді­гі­нің кепілі, қирамас қалқаны болып табы­латын Қазақстан Қару­лы Күш­терінің құрыл­ғанына да мер­ейлі 25 жыл толды. Бұл ши­рек ғасыр − өткенімізге ой жібе­ріп, болашақты пайымдайтын уа­қыт. Еліміз қай кезде де қол бас­та­ған батырларға, халқы үшін жанын қиған қаһарманға кенде болған емес. Осы орайда бүгінгі айт­пағымыз, батырларымыз − халық қаһармандары туралы болмақ. 

Батырға деген бүгінгі құрмет ертең елі үшін атқа қонатын ұр­пақ­қа өнеге болуы тиіс. Халық қаһар­маны атанған батыр­лары­мыз­дың қазіргі қоғамда алып отыр­­ған орны мен насихатталуы және оларға қөрсетілетін сый-құр­мет бүгінгі таңда көңіл көншіт­пейді.  Батырларымыз жанқияр ерлікті жеңіл­дік, я болмаса өтем­ақы алу үшін жасаған жоқ. Тіпті, арамызда жүрген аз ғана қаһар­м­ан­дарымыздың өздері бұл туралы әңгіме қозға­ғанды намыс санайтыны анық. Батырлық пен қарапайымдылық қатар жүретіні белгілі. Олардың ерлігін ұрпаққа паш етіп, лайықты бағасын беру − елдігімізге сын.  Ерім деген ел болмаса, елім деген ер қайдан тусын! Елба­сы­мыз­­дың ең алғаш­қы Жарлық­тары­мен хал­қымыздың батыр ұлда­ры, ат­тары аңызға айналған Бауыржан Мо­мыш­ұлы, Рақымжан Қош­қар­баев­тың осы атақтың алғашқы и­е­гер­лері атанғаны осы сөзіміздің дәлелі.  Сонымен қатар, бейбіт күнде ерлік көрсеткен бірталай азаматтарымыз да осы марапатқа лайық деп танылды. Алғаш­қы ғарыш­керлеріміз – Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев, кешегі Айдын Айымбетов, ауған соғысының батыры, қазір арамызда отырған Бақытжан Ертаев ағаларымыз – біздің мақтаныштарымыз.  Сол сияқты 2011 жылы Тараз­да, террористерден адамдарды құтқару жолында ерлікпен қаза тапқан Ғазиз Байтасовты қалай ғана қаһарман демеске?  Жас ұрпаққа идеал болатын, Отан қорғау, патриотизм деген қасиетті ұғымдарды паш ететін дәл осы қаһармандары­мыз екені анық. Жа­­сы­ратыны жоқ, тізімдегі отыз батыры­мыз­­дың бір­а­зы­ның есімін бүгінгі ұр­­пақ білмейді.  Мектеп түлектерінің тест сұрақтарында бір күндік шоу-бизнес өкілдерінің аттарының орнына, соғыста көзсіз ерлік көрсетіп, бейбіт күнде ең басты құндылық − адам өміріне араша түсіп, жандарын шүберекке түйген ерлердің есімі неге тұрмасқа? Ерлікке сусындап өскен ұрпақ та намысын қолдан бермейтін азамат болып өспей ме?  Олар жайында оқулықтар­да мүл­дем айтылмайды деуге бола­ды. Халық қаһарманы ата­ғы тиіс­ті әлеуметтік мәртебесі­мен лайық­ты бекітілмеген. Ал, көрші мемлекетте «Герой России» атағына ие бол­ған қан­дасымыз Серік Сұлтан­ғабиев­тің ерлігіне ең жоғары мемлекеттік деңгейде құрмет көрсетіліп жат­қан­дығын өз көзімізбен көріп отырмыз. Мысалы, басқа да әлеу­­меттік көмектерден тыс, олар 75 000 рубль ай сайын жәр­дем­ақы алады. Жарақаттарына қара­мас­­тан, ерлік­тің сим­волы ретінде әс­кер қатарында қалды­ры­лып, әскери бөлімге командир болып тағайындалды. Ресейде ондай батырлардың саны 1,5 мыңнан астам болса да, оларға бөлінетін қар­жыны ешкім бюджетке артық жүк деп санамайды. Ал біздің бейбіт елде, соғыс қаһар­ман­дарының саны саусақпен санар­лық болса да, оларға мемле­кет көрсететін көмектер бюд­жет­ке қымбат түседі деп қорқып отырмыз. Заңнамада белгіленген Ха­лық Қаһар­манына берілетін жеңілдіктердің ішінде 20 шаршы метр қосымша баспана мен тегін қабір тасын ғана атап өтуге болады. Мұндай көзқарас біздің жауынгерлерімізді қандай ерлік жасауға итермелейді? Отан үшін ерлік жасап мүгедек болса, оның отбасы қайырымдылыққа ғана қарап отыра ма?  Осыған байланысты, «Ақ жол» ҚДП Халық қаһарманы иегерлерінің ерліктерін бүгін­гі ұрпаққа кеңінен насихаттау мақ­сатында келесі шараларды жүзеге асыру керек деп санайды. «Халық қаһарманы» атағы ие­лері­не Үкімет қаулысымен лайық­­ты мәртебе беру; Астана және Ал­маты қалаларында, облыс ор­та­­лық­­тарын­да «Халық қаһар­ман­дары» аллеясын ашу және елді мекендердегі әлеуметтік объек­тілер мен көшелерге олардың аттарын беру; батырлардың өмір­баянын, ерлік жолдарын жеке жинақ етіп шығарып, мектеп бағ­дарламасына енгізу және де Ерлік сабағын дәстүрге айналдыру. 

Берік ДҮЙСЕМБИНОВ,  Мәжіліс депутаты