• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Тәрбие 05 Маусым, 2017

Бала бағбаны

301 рет
көрсетілді

Ғылыми негізге сүйенсек, баланың болашақ болмысы жатырда жат­қанда қалыптасатын көрінеді. Бізге белгілісі – адам өмір бойы үйреніп өтеді. Әсіресе, балабақшаға барған кезеңнің жөні бөлек.

Бөбек – балабақша безбені. Оның күнделікті көңіл-күйіне, жүріс-тұрысына, ынта-ықыласына, қабілет-қарымына қарап-ақ «Пе­ріште патшалығындағы» ахуал­ды аңғарасың. Әрине, бір баламен бүкіл ұжымның тыныс-тіршілігін безбендеуге болмайтыны белгілі. Бірақ, болжамның бодауына жарап жатыр. Өзім күні кеше зейнеткерлікке шыққан  «Ертегі» балабақшасының бұрынғы басшысы Рысқал Ярышеваны білікті бала бағбаны деп бағалаймын. Мектеп жасына дейінгі балалар мекемесін атына сай ұстады. Құлдыраңдаған кенже қызым Аяулымның арқасында үш жыл өзім де сол «ертегі әлемінің» әдемі әсерін бөлістім. Бұрнағы жылы балабақшаға күрделі жөндеу жүргізетін болып, бүлдіршіндерді бөліп-бөліп жіберді. Бізге үйдің алдындағы балабақша бұйырды. Кешке барғанымда мекеме басшысы қолыма кеңсе затының тізімін ұс­татты. «Мынауың дүниенің заты ғой?!» деді зайыбым, онша ұнатпай. Саудаласып жату – ұят! Айтқанын алып бердім. Оны қойшы, қиғылықтың көкесін қызымның «қиқарлығынан» көрдім. Барғанына бір апта өтті ме, өтпеді ме: «Өзімнің «садигіме» апар!» дегенді шығарды. Айтқанға түсінбейді. Таңертең үйден шық­қан бетте туралап «Ертегіге» тартады. Алдап-сулап үш айды әрең өткіздік.  Мойындау керек, бардың бағасын білмейміз. Кейде айына төлеген 8 000 теңгені бұлдаймыз. Бала тәрбиесі тек соған тіреліп тұрғандай тепсінеміз. Егер сол ақшаны беріп «Балаңды бақ!» десе, «Мынау ауыз шаюға келмейді ғой!» деп беттен алар едік. Ал, есі ауып қалмай, отыз үйдің еркесінің тілін тапқан тәрбиешіге ескерткіш қойса, артық емес. Біз жайшылықта бір ауыз жылы сөз айтуға жарамаймыз.  Қызым кейінгі тәрбиешісі Қарлыға Наурызбаеваны «мен­шіктеп» алғаны өз алдына, оның алдындағы Қарлығаш Саринова мен Гүлмира Әшірбековаға, басқа балабақшаға басшы болып кеткен Алма Оразалинаға кездейсоқ кездесіп қалғанда «Менің тәтем!» дегенде, еріксіз ойланып қаласың. Бала бағбанына деген құрметің арта түседі. Үш жыл өте шықты. Бірақ, бос­қа кеткен жоқ. Оның жемісін 1-сыныпта оқитын баламның бойынан көремін. Балабақша ұжымына ризашылығымды білдіремін. «Ештен – кеш жақсы!».

Әлібек ӘБДІРАШ,  журналист

Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы Суретті түсірген автор