«Жақсы, жақсы» дей бердіңіз-ау...» Тәубешіл қазағымның жаны сірі. «Бүгін болмаса, ертең болар» деген үміттің жетегінде жүріп, қиындыққа мойынсынғысы келмейтіні бар. Онысына да шүкір. Еңсесі езіліп, екі иіні суға кетіп, жаңбыр жаумай су болып жүретіндер көп қой. Солармен салыстырғанда, қиындықтың бәрі өтпелі, сынақ екенін жақсы түсінетін қазағымдікі де жөн шығар, бәлкім. Олар күйкі тірлікті сыртқа шығарып, жалпақ жұртқа жария еткісі келмейді. Павлодар облысы Баянауыл ауданының Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы кооперативінде болдық. Сарытау учаскесінде қоныс тепкен аға шопаннан облыс басшысы хал-жағдай сұрады. – Отбасыңыздың, балаларыңыздың жағдайы қалай? – Жақсы. – Жұмыстарыңыз қалай? – Жақсы. – Тұрмыстарыңыз ше? – Жақсы. – Сіз «Жақсы, жақсы» дей бердіңіз-ау, шынында да солай ма? Ел ішінде, көппен аралас-құралас отырғандардың өзі өмірдің ауыртпалығын тартып жатқанда қыстақтағы жалғыз үй шопанның жағдайы мүлтіксіз дегенге сене қою қиын. Барды қанағат тұтып, қиындыққа төселіп алған тәубешіл қазағым-ай...
«Оны менен сұрамаңыз, жұрттан сұраңыз» Сол бір жылдары салық төлеуден жалтаратындар көп болатын. Ауылшаруашылық саласындағыларды былай қойғанда, Павлодардың өндіріс орындарында да жағдай осындай еді. Екібастұз қаласындағы №2 ГРЭС-ті басқаруға алған жаңа қожайындардың да салық қарызы көп. Электр қуаты дегеніміз – қып-қызыл ақша. Сөйте тұра салық төлеуге сараң. Мәселенің мәнісін білгісі келген облыс басшысына станса директоры қашқақтап, құбылмалы жауап беріп жатыр. – Сонда бізден сұрайтындарыңыз не, берешектеріңізді мүлдем сылып тастауымыз керек пе? – Жоқ. – Енді не? Қарызды қайтаруды кейінге шегере тұруымыз керек пе? – Иә. – А-а-а... Оны менен сұрамаңыз, балаларына берілетін жәрдемақыға екі-үш жыл бойы қолдары жетпей отырған аналардан, мардымсыз еңбекақысын ала алмай жүрген дәрігерлерден, мұғалімдерден, зейнетақысына қарап отырған зейнеткерлерден сұраңыз. Солар рұқсат етсе, берешектеріңізді кейінге шегере тұруға болады, әйтпесе, жоқ.
«Нансыз қалмаудың амалы» 1998 жылдың басында облыстың елді мекендерінде жарық бірде болып, бірде болмай тұрды. Берешек болып отырғандардың да, қарыз еместердің де көрген күні осы. Успенка ауданының орталығындағы наубайханада болдық. Наубайхана дегеніміз кәдімгі екі бөлмелі үй. Соның бір бөлмесінде ауылдағы әр үйде болатын кәдімгі пеш орнатылған. – Осы пеште де нан пісіресіздер ме? – Иә. – Бұл жарық жоқ кезде нансыз қалмаудың амалы ғой,– деді облыс басшысы.
«Достарыңыз жарықсыз қалдырып отыр ғой» Успенка ауданының орталығында оны-мұны кәсіппен айналысып, жұмыс көзін тауып отырғандар аз емес болып шықты. Бірақ, барлығына да қолбайлау болып отырғаны – электр қуатының жоқтығы. Давид Хачатрянның наубайханасында нан-тоқаш өнімдері дайындалады. Сұраныс бар. Бірақ, электр энергиясы жиі сөндірілетіндіктен, нан-тоқашты сұраныс мөлшерінде дайындау мүмкін емес. – Электр қуатынан басқа қандай өтініш-тілегіңіз бар? Мынадай қиындықтардан кейін Арменияға кету ойыңызда жоқ па? – О не дегеніңіз? Қазақстан – менің Отаным. – Мұнда туған-туысқандарыңыз бар ма? – Ешкімім жоқ. Есесіне достарым көп. – Достарыңыз көп, бірақ сол достарыңыз жарық бермей отыр ғой, – деді облыс әкімі әзілдеп.
Ғалым ОМАРХАН, «Егемен Қазақстан»