• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Маусым, 2017

Атырауда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 37 тұрғын үй салынып жатыр

151 рет
көрсетілді

Атырау облысының жер қоры 1 млн 863 мың гектар. Оның 21 пайызы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің үлесінде. Ауыл шаруашылығы алқаптары бойынша облыс жерінің 9 млн 624 мың гектары жайылымдық жерлер.

Биыл 8 237 гектарға көктемгі егіс жұмыстары жүргізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 633 гектарға артық. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Арман Баженовтің айтуынша, пайдаланылмаған жер учаскелерін анықтау мақсатында түгендеу жұмыстары жүргізіліп отырады. Осындай шара барысында басқарма 100,5 мың га жер учаскесінің игерілмегенін анықтаған. Жер тозуын болдырмау, еліміздегі жер заңдарының сақталуы да үнемі назарда.

«Жыл басынан бері басқарма тарапынан 372 тексеру жүргізіліп, 339 заң бұзушылық белгілі болды. Ауылшаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай отырған жерлерге салық мөлшерін он еседен асырмай ұлғайту бойынша тиісті шешім қабылданды», дейді Арман Баженов.

Қазір облыс бойынша 102 915 азамат жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесінің кезегінде тұр. Атырау қаласының өзінде 82 мыңнан астам азамат жер теліміне мұқтаж. Биыл 2004 жылы кезекке тұрған азаматтардың өтініштері қанағаттандырыла бастады. Халықты баспанамен қамтуда Елбасы тапсырмасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың көп көмегі бар.

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Мерей Жантөреев аймақта «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 37 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жүріп жатқанын айтады. Бұл жыл соңына дейін 2007 атыраулық отбасы жаңа қонысқа ие болады деген сөз. Пәтерлердің жалпы аумағы – 135,7 мың шаршы метр.

«Келер жылға Атырау қаласының «Береке», «Нұрсая» ықшам аудандарынан 4416 пәтерлік 44 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы мен екі мектеп және екі балабақшаның жоба-сметалық құжаттамасы жасақталып жатыр», дейді Мерей Жантөреев.

Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»