БЕСЖЫЛДЫҚ ЖОСПАРҒА ЗАҢНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕР
Біздің еліміз посткеңестік кеңістікте алғашқылардың бірі болып дағдарыстан кейінгі экономиканы дамыту бағдарламасының негізгі бағыттарын айқындады. Соған байланысты Үкімет елді индустрияландырудың бесжылдық жоспарын әзірледі. Парламенттің былтырғы сессиясын ашу кезінде сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы үдерісті заңдық тұрғыдан қолдайтын басым бағыттарды белгілеп берді. Осынау тапсырманың қалай орындалғандығы жөнінде Сенаттың Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің мүшесі Юрий КУБАЙЧУК әңгімелейді.
– Елбасы Парламенттегі сөзінде ғана емес, “Нұр Отан” ХДП-ның кезектен тыс өткен ХІІ съезінде де елді индустрияландыру бірінші кезектегі міндеттердің бірі екенін атап көрсеткен болатын. Соның ішінде біздің экономикамызда өңдеу өнеркәсібі үлесінің төмендігі, ғылымның даму қарқынының бәсеңдігі, жоғары өнімді технологиялар енгізілуінің ойдағыдай еместігі көлденең тартылған еді. Сондықтан да отандық экономиканы индустриялық-инновациялық жағынан жылдамдата дамытудың бесжылдық жоспары “Қазақстан-2030” Стратегиясының аясында қарастырылды. Ал оны іске асыру 2010 жылдың қаңтарынан басталды.
Жедел индустрияландырудың бесжылдық жоспарына негізінен экономиканың жеті саласы енгізілді. Атап өтер болсақ олар: агроөнеркәсіп кешені, құрылыс индустриясы, мұнай өңдеу, металлургия, химия өнеркәсібі және фармацевтика, энергетика, көлік және телекоммуникация инфрақұрылымдары.
Осы жоспарды әзірлеу барысында мәшине жасау, металлургия, мұнай өңдеу, фармацевтика мен химия саласы бойынша жалпы сомасы 30 млрд. долларды құрайтын 25 индустриялық жоба іріктеліп алынды. Бұл жобаларды іске асыру тиімділігі 35 млрд. доллар болмақ және жаңадан 270 мың жұмыс орны ашылмақшы.
Қазақстанның бүгінгі экономикалық моделі елді жеделдете индустрияландыруға молынан мүмкіндік береді. Дағдарысқа қарсы бағдарламаны қолға алған күннен бастап біздің еліміз индустриялық саясат экономиканы дамытудың негізгі векторы екенін танытты. Ол туралы жаңа заң да осы басым мақсатты көздейді.
Елдің индустрияландыру саясаты бір жағынан алғанда ішкі өндіріс пен өнеркәсіптің экспортқа бағдарлана дамуын қарастырады. Соның ішінде ғылыми технологияларды қолданатын салаларды дамытуға үлкен көңіл бөлініп отыр. Ғылым және ғылыми саясат жөніндегі кеңестің кезекті отырысында Президент мемлекеттің мақсаты ғылымның дамуына жаңа қарқын беру және бизнесті онымен тығыз ынтымақтастыққа икемдеу болып табылатынын айтты. Бұл мемлекеттік компанияларға ғана емес, жекеменшік бизнеске де қатысты. Олар да өздерінің табыстарының белгілі бір мөлшерін заң бойынша ғылымды дамытуға бөліп отырады. Бүгінгі күні Елбасының тапсырмасына сәйкес елімізде бес үлкен ұлттық, барлық облыс орталықтарындағы университеттерде инженерлік профильдегі 15 лаборатория ашылды.
“Инновациялық әрекеттерді мемлекеттік қолдау туралы” Заңға өзгерістер мен толықтыруларда инновациялық гранттар беру және инновациялық дамудың кешенді шараларын құру сияқты қолдаудың жаңа тетіктері қарастырылған. Сонымен қатар, біздің алдымызға ғылым туралы жаңа заң қабылдау керектігі туралы міндет қойылып отыр. Онда отандық ғылымды дамытудың негізгі қағидаттары айқындалатын болады. Айта кетерлігі, бұл құжат қазірдің өзінде Мәжілістің қоржынында жатыр. Заң жобасымен үстірт танысып шыққанның өзінде онда ғылымды басқарудың жаңа моделінің, ғылыми ізденістерді қаржыландырудың көп сатылы жүйесінің нормалары қарастырылғанын көрдік. Сонымен қатар, онда ғылым саласы қызметкерлерін, ғалымдарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау жүйесін дамыту, ғылым мен білімнің интеграциялануы секілді мәселелер көзделген. Осы заңды тезірек қабылдасақ, ол еліміздің ғылыми-техникалық саласын дамытуға тиімді үлес қосар еді деген үміттеміз. Осының өзі индустриялық саясатты іске асыруға қосқан сүбелі үлес болатыны сөзсіз.
Өздеріңізге белгілі, осыдан жеті жыл бұрын Қазақстан Республикасының 2003-2015 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму стратегиясы қабылданды. Осы стратегия ел экономикасын жеделдете индустрияландыруға көшіруге мүмкіндік береді. Президент дер кезінде бекіткен осы құжатты іске асыру дағдарыстан кейінгі кезеңде экономиканы одан әрі индустрияландыруға жағдай туғызады. Оны орындау үшін тиісті заңдық және нормативтік-құқықтық база қалыптастырылған-тын. Атап айтқанда, 30-дан артық салалық бағдарлама қабылданып, институттық негіздер қаланған.
Бүгінгі күні Үкімет дағдарысқа қарсы ағымдағы міндеттерді шешу барысында бірінші кезекте ішкі тұтынуға арналған дайын өнімдерді шығаратын өндірістерді қолдап отыр. Осының өзі өте дұрыс шара. Халықаралық тәжірибе көрсеткеніндей, дағдарыстан кейінгі экономиканы дамытуда барлық елдер осындай тәжірибені қолданады. Отандық экономиканы индустрияландырудың алғышарты да осы.
2010-2015 жылдар аралығындағы индустрияландыру картасын және 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған өндірістік күштерді шоғырландырудың тиімді сызбасын әзірлеу аса ірі инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін анықтайды. Сондай-ақ бұл құжаттар отандық бизнесті дамытуға жаңа жағдайлар тудырып, қосымша тетіктер қызметін атқарады. Осының бәрі дағдарыстан кейінгі экономиканың серпін алуына нақты мүмкіндік жасайды. Бұл жұмыстардың негізгі үйлестірушісі деп белгіленген Индустрия және сауда министрлігіне қосымша функциялар берілді.
Жалпы айтқанда, индустриялық-инновациялық даму аясында өткен жылы құны 508,1 млрд. теңге болатын 227 жоба іске асырылды. Осының арқасында жаңадан 14,7 мың жұмыс орны ашылды. Мемлекет “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ арқылы бұл жобаларды тікелей қаржыландырып отыр.
Сонымен бірге, экономиканы жеделдете индустрияландыру бойынша елімізде Үйлестіру кеңесі, инвестициялық жобаларды бағалау жөніндегі тәуелсіз қаржылық топтар құрылған. Осының бәрі алда тұрған міндеттерді жедел іске асыруға жағдай жасайды.
Жазып алған Жақсыбай САМРАТ.
ҒАРЫШ ТЕХНИКАСЫ
элементтерін құрастыру және сынау үшін жоғары технологиялық кәсіпорын құрылатын болады
Астана қаласында әр түрлі мақсаттағы ғарыш аппараттарын (байланыс, жерді қашықтықтан зондтау, ғылыми мақсаттағы және т.б.), пайдалы жүктеме құрамдастарын және ғарыш техникасы элементтерін құрастыру және сынау үшін жоғары технологиялық кәсіпорын құрылатын болады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесі (ЖҚЗ ҒЖ) жобасы жоғары және орта шешімді жер серіктерін және барлық қажетті жер үсті инфрақұрылымын құруды қамтиды. Осындай жүйе көмегімен алынған суреттер әр түрлі салаларда: қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, төтенше жағдай және басқаларда пайдалану үшін қажет.
Осы келісім шеңберінде құрылған кешен мемлекетіміздің қалыптасып жатқан ғарыш саласының басты элементі болады.
Келісім “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесі мен ғарыш аппараттарының құрастыру-сынау кешенін құру және пайдалану шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы” заң жобасы түрінде Үкіметтен Мәжіліске бекіту үшін берілді. Қазақстан мен Француз үкіметтері арасындағы келісімге 2009 жылғы қазанның 6-сында қол қойылған.
Заң жобасы бойынша бас комитет ретінде Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті белгіленді. Заң жобасын депутаттарға Ұлттық ғарыш агенттігі таныстыратын болады.
Осы жобаны іске асыру ғарыш саласының 150-ге дейін жоғары білікті мамандарын даярлауға, кешен құрылысы кезеңінде жұмыс орындарын 300 бірлікке дейін көбейтуге, кешен жұмыс жасау барысында жоғары білікті мамандар үшін тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге және толымдауыштарды өндіру және субмердігерлік қызметтерді көрсету жөніндегі экономиканың іргелес салаларында жұмыс орындарын бір мың бірлікке дейін ұлғайтуға жол ашады.
ӨЗГЕШЕ ТАРИХТЫ АУЫЛДЫҢ ӨТІНІШІ
Тасбай СИМАМБАЕВ, Анатолий Башмаков, Сенат депутаттары.
Алдымен өз сайлаушыларымыздың атынан Үкімет тарапынан жасалып жүрген мықты әлеуметтік мақсаттағы жұмыстар үшін ризашылығымызды білдіруді парыз санадық. Әлемдік дағдарысқа қарамастан, елімізде “Жол картасы”, “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламалары жүзеге асырылуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен атқарылып жатқан осы жұмыстар халықтың әл-ауқатын жақсартуға оң ықпал етіп, ол республика аймағында жұртшылықтың шын мәніндегі қолдауына ие болуда.
Енді әңгімеміздің негізгі тақырыбына көшейік. Солтүстік Қазақстан облысының Шал ауданында өзгеше тарихты, өзіндік дәстүрі орныққан бір ауыл бар. Ол–Жалтыр ауылы. Ұлы Отан соғысы кезінде осы ауылда 90 үй болса, сұм соғыстан тура 90 азамат туған ауылына оралмай, сүйектері жат жерде қалды. Сондай-ақ осы ауылдан көптеген елімізге танымал ғылым мен мәдениет және мемлекет қайраткерлері шықты. Шағын ғана ауылдан еліміздің жоғары заң шығару органына 3 бірдей депутаттың сайлануы да біраз жайдан хабар берсе керек. Ауыл тұрғындарының отансүйгіштіктері де көпке үлгі етуге жарағандай. Президенттік үш сайлауда да ауылдықтардың барлығы бір кісідей, яғни 100 пайыз Елбасымызға дауыстарын берді.
Ауыл тұрғындары ешқашан еңбектен қашқан емес. Жалтырлықтар егіндерін бітік шығарып, жинап, мал өсірумен айналысады. Балаларын тәрбиелеп, тірліктерін жасап, аға буынның жақсы дәстүрлерін жалғастырып жатыр. Алайда, ауылдағы осыдан 50 жыл бұрын қолдағы бар материалдардан салынған мектеп ғимараты құлауға шақ тұр. Онда бала оқытпақ түгіл, кіріп-шығудың өзі қауіпті.
Ел Үкіметі осындай тағылымды шежіресін жиған шағын ауылда 100 оқушы білім алатын жаңа мектеп үйін салуға қаржы бөлсе, нұр үстіне нұр болмақ. Бұл жалтырлықтардың бүгінгі еңбегі мен өткен тарихына жасалған лайықты құрмет пен оң баға болар еді.
АГРАРШЫЛАРДЫҢ КӨШПЕЛІ МӘЖІЛІСІ
“ҚазАгроИнновация” акционерлік қоғамында Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитеті депутаттарының көшпелі мәжілісі болды. Еліміздің басшылығы соңғы жылдары аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін оның басым бағыттарына қолдау көрсету саясатын ұстанып отыр. АӨК дамытуда жаңа идеяларды, озық инновациялық технологияларды және әдістерді пайдалану ауыл шаруашылығы өндірісін тиімді жүргізудің негізгі құрамдас бөлігіне айналып келеді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың қыркүйек айында өткен Ғылым және ғылыми саясат кеңесінің мәжілісінде экономиканы жеделдетіп индустрияландыру мәселелерін шешу, экономиканың инновациялық қызметіне жағдай жасау және белсенді ету үшін ғылымды дамыту және АӨК-тің ғылыми әлеуетін жоғарылатуға байланысты жаңа міндеттерді айқындап берді.
Ал “ҚазАгроИнновацияда” өткен іс-шаралардың мақсаты Парламент Сенатының депутаттарымен аграрлық ғылымды одан әрі дамытудың жағдайын және “ҚазАгроИнновация” АҚ осы салада жүзеге асырып жатқан шаралар туралы мәселелерді талқылау болды.
Белгілі болғанындай, “ҚазАгроИнновация” АҚ АӨК саласында инновациялық дамушы институт мәртебесіне ие және аграрлық секторды ғылыми қамтамасыз ету жөніндегі мамандандырылған ұйым болып саналады. Аталған АҚ алдына АӨК қажеттіліктері үшін жаңа білімдерді генерациялау, ең үздік отандық ғылыми әзірлемелерді және шетелдік агротехнологияларды трансферттеуді пайдалана отырып ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу барысын қарқындату міндеттері қойылды. Қазақстандық аграрлық ғылымды дамыту тарихында 2009 жыл өзгеріске толы жыл болды, себебі, алғаш рет компанияның тікелей қатысуымен ауыл шаруашылығы ғылымы мен инновацияларды қолдауға 5,6 миллиардтан астам теңге, оның ішінде ғылыми зерттеулерді жүргізуге 2,7 млрд.теңге, өндірістік және аграрлық ғылымның өндірістік және инновациялық инфрақұрылымын құруға 2,98 млрд.теңге бағытталды.
Парламент Сенатының депутаттары мен агрария ғалымдарының кездесуі барысында сенаторлар бюджеттік құралдарды тиімді игеру бойынша қабылданып жатқан шаралармен, сонымен бірге, аграрлық ғылымның кейбір ғылыми орталықтарының қызметімен танысты.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.
БАЛА АСЫРАП АЛУШЫЛАР ҚАТАРЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысы өтті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
“Бүгінде елімізде бала асырап алушылар көбейіп келеді. 2009 жылы 3 мың 44 бала асырауға алынды. Ол бұрнағы жылғыдан 271 балаға көп. Ал шетелдіктер бізден 669 бала асырауға алды. Енді сыртта жүрген балалардың құқығын қорғап, өмірін сақтаймыз”, – деді алғашқы болып комитет отырысында талқыға түскен “Қазақстан Республикасының Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияға қосылуы және оны ратификациялауы туралы” заң жобасы бойынша Білім және ғылым министрінің орынбасары Махметғали Сарыбеков өз баяндамасында.
Әлемнің 72 елі қол қойған конвенция – Гаага конвенциясына қосылу үшін 2006 жылы аталған заң жобасы әзірленіп, Парламентке келіп түсті. АҚШ-тағылар жыл сайын асырап алған баланың жай-күйін айтып, есеп беріп отырамыз дегенімен де олардың барлығын бірдей қадағалау мүмкін емес. “Бала 18 жасқа толғанынша екі жақтың да есебінде тұрып, әрі қарай азаматтығын өзі таңдайды”, – деп көрсетіледі заң жобасында.
Комитет мүшесі Сәт Тоқпақбаевтың “Осы заң жобасын қабылдағаннан бізге қандай пайда, қандай зиян келеді?” – деген сұрағына баяндамашы “Бүгінде сыртта жүрген балалардың құқығын қорғап, өмірін сақтаймыз”, – деп жауап берді.
Комитет мүшесі, Мәжіліс депутаты, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Сағынбек Тұрсынов “Республикамызда халық саны бар болғаны 16 миллион ғана, әрқайсымыз сол сыртқа кеткен баланың бір-біреуін бағып алсақ, тіпті жақсы болар еді”, – деп демографиялық ахуалымызға алаңдаушылығын білдірді.
Комитет мүшелерінің қызу талқысынан өткен заң жобасы жалпы отырысқа жолдама алды.
Білім және ғылым министрінің орынбасары Махметғали Сарыбеков бүгінгі отырыста “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы бойынша да баяндама жасады.
Комитет мүшелері министрдің орынбасары мен қосымша баяндамашының сөздерін тыңдап, заң жобасына қолдау білдірді.
ЖҰМЫС БАБЫНДАҒЫ ЖҮЗДЕСУ
Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі парламенттік топтың үшінші отырысы ұсыныстарын жүзеге асыру мәселелері парламенттік топтың тең- төрағалары Ақан Бижанов пен Владимир Бабичевтің Мәскеуде өткен жұмыс бабындағы кездесуінде талқыланды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Өткен жылдың қазан айында Мәскеу қаласында өткен үшінші отырыста шекара маңы ынтымақтастығын заңнамалық қамтамасыз ету жұмысының жай-күйі және оны дамытудың келешегі, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру мәселелері қарастырылған болатын.
Кездесу барысында, сонымен бірге, алдағы төртінші отырыстың күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды. Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын заңнамалық қамтамасыз ету тәжірибесі, сондай-ақ білім беру және ғылыми-технологиялық салалардағы қарым-қатынастың жай-күйі мен келешегі, кәсіби-техникалық білім берудің жағдайына қатысты мәселелер депутаттар назарына ұсынылатын болды.
Ынтымақтастық жөніндегі парламенттік топтың қазақстандық жағының теңтөрағасы, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы А.Бижановың пікірінше, екі мемлекеттің парламенттері арасындағы сындарлы қарым-қатынастың жоғары деңгейі екі жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады.
Сол күні ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер делегациялар басшыларының кездесуі болды. Халықаралық ұйымның болашақтағы жұмысы, оның Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің алдағы отырысы үшін құжаттар әзірлеуге қатысты мәселелерді талқылауға ҰҚШҰ-ның Парламенттік Ассамблеясының саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы ретінде А.Бижанов қатысты.
ТАБЫСТЫЛЫҚҚА ТІЛЕКТЕСТІК
Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов Бельгия Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Даниель Бертранмен кездесті.
Тараптар Қазақстан-Бельгия қатынастарының табысты дамып келе жатқанын атап өте келіп, Бельгияның Мұрагер бекзадасы Филипп бастаған ірі бизнес-делегациясының үстіміздегі жылғы күзге белгіленген Қазақстанға сапары көптарапты ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Қ.Сұлтанов парламентаралық байланыстар мен халықаралық ынтымақтастықты дамыту және нығайту жөніндегі өзі басқаратын комитеттің жұмысы туралы әңгімеледі. Ол Д.Бертранның Қазақстандағы дипломатиялық миссияның басшысы ретіндегі қызметі өзара сенімді одан әрі нығайтуға, екі ел арасындағы қатынастарды дамытуға жәрдемдесетінін атап өте келіп, осы қызметте табысты болуға тілектестігін білдірді.
Даниель Бертран өз кезегінде көптеген халықаралық мәселелерде, оларды шешудегі Қазақстан мен Бельгияның ұқсастықтарын айта келіп, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі жемісті боларына сенім білдірді.
ҚАРТАЛЫ ЖОЛЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛАТЫН БОЛДЫ
Өткен жылдың аяғында Мәжіліс депутаты Бағила Баймағанбетова Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің атына сауал жолдап, “Тобыл-Қарталы” темір жол бағытын Үкіметтің 2004 жылғы 11 қарашадағы “Әлеуметтік маңызы бар облысаралық қатынастар” атты қаулысында көрсетілген тізілімге енгізуді өтінген еді. Оның мәнісі төмендегідей:
2009 жылдың 21 мамырында Ресей Федерациясының үкімет басшысы В.Путин Астанаға ресми сапармен келгенде екі елдің арасында 1996 жылдың 18 қазанында жасалған “Темір жол көлігіндегі кәсіпорындардың іс-әрекеттерін құқықтық жолмен реттеудің ерекшеліктері” атты еларалық келісімге өзгеріс енгізіліп, “Тобыл-Четалок” бағыты Қазақстанға қаратылып, “Қазақстан темір жолы” Ұлттық компаниясының басқаруына берілген еді. Жоғарыда айтылған “Тобыл-Қарталы” қатынасы осы бағыттың бір үзігі. Ондағы тасымал жұмыстарын Қазақстан темір жолының “Қаламаңы тасымалы” АҚ атқарады.
Енді осы үзіктегі жолға қызмет ету үшін “Қаламаңы тасымалы” АҚ аттану стансасына байланысты (Тобыл немесе Қостанай) 53 немесе 95 млн. теңге субсидия бөлінуі керек-тін. Бірақ бұл үзік жоғарыда депутат көрсеткен тізілімге енгізілмегендіктен, субсидия бөлінбей отыр. Депутаттың тізілімге енгізуді өтініп отырған себебі сол. Сондай-ақ бұл сауалға депутаттар В.Вишниченко, А.Тұрсынов және О.Киколенколар да қол қойған болатын.
Өзінің жауабында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов көтерілген мәселенің орынды екенін айта келіп, аталмыш жол үзігі әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізіліміне енгізілгенін хабарлайды және 2011-2012 жылдарға арналған республикалық бюджеттің шығыстары дәлденгенде, аталмыш бағыттың шығындарын өтеу қарастырылатынын да жеткізіпті.
Дайындаған Жақсыбай САМРАТ.
БІТЕР ІСТІҢ БАСЫНА ЖАҚСЫ КЕЛЕР ҚАСЫНА
Шалғайда жатқан ауыл-село тұрғындарына күрделі медициналық операцияларды жасату оңайға түспейді. Оның ішінде ата-ана үшін бауыр еті – баласының қиналғанын көріп, оған қажетті көмекті бере алмау азаптың азабы. Міне, осылайша пұшайман болып жүргенімізде жанымызға медеу, иығымызға сүйеу бір азамат таптық. Ол – Парламент Мәжілісінің депутаты Дауылбай Құсайынов.
Алла жар болып, Дауылбай Мейрамұлының көмегімен баламды Алматыға апарып, көзіне операция жасаттық. Шүкіршілік, операция сәтті өтіп, балам аман-есен қатарға қосылды. Ана үшін мұнан артық бақыт бар ма?! Қиналып, қамығып жүргенімде осы қуанышты күнге жетемін деп ойлаппын ба. Сол себептен аналық жүрегіммен алғысымды айтып, біз үшін “шиеленген түйінді, шимайланған қиынды” шешкен сіздің азаматтығыңызға басымды иемін. Сіздей азаматтың амандығын тілеймін. Еліңіз елер еңбегіңіз, толайым табыстарыңыз көп болсын.
Ләззат ТАҒАЕВА, Қарағанды облысы.
МӘСЕЛЕМДІ ОҢ ШЕШІП БЕРДІ
“Адамның басы – Алланың добы” демей ме, 2008 жылдың сәуір айы мен 2009 жылдың мамыр айына дейінгі кезең мен үшін өте ауыр уақыт болды. Басыма түскен қиын жағдайда білімді де білікті заңгердің көмегін қажетсіндім. Қиналғаннан Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновтан көмек сұрадым. Нұртай Салихұлы болса, сөзге келместен менің мәселемді шешіп берді.
Мен бұған дейін де ол кісіге халыққа жаны ашитын адал азамат деп сырттан сүйсініп жүруші едім. Көңілім алдамапты. Енді қысылғанда көмек қолын созған азаматқа аналық алғысымды жеткізіп, осындай азаматтар елімізде көп болса екен деген тілегімді айтқым келеді.
Роза ИСПАЕВА, зейнеткер ұстаз. Шығыс Қазақстан облысы.