Архангельское ауылы тұрғындарының қолдауымен Восьмая көшесіне – Жастар, Одиннадцатая көшесіне – Береке, атауы жоқ көшелерге: Болашақ, Достық, Бірлік атауларын беру туралы шешім қабылданған. Жөн-ақ. Сол сияқты Третья, Репейная, Партизанская көшелерін біріктіріп, Жеңіс көшесі деп атауды ұйғарған. Әрі қарай көшелерді қазақшалауға сөздік қорлары таусылып қалған сыңайлы. Ал новокаменкалықтар бірқатар көшелердің атауларын өзгертуге талпыныс жасаған. Ленин көшесін – Тәуелсіздік, Красная көшесін – Жаңаталап деп өзгертсе, атаулары жоқ көшелерге – Лесная, Юбилейная, Жұлдыз деген аттарды таңа салған. Бұлар да заман талабына лайық атауларды таппағанға ұқсайды. Первая мен Береговая көшелерін – Береговая, Третья, Центральная және Чапаев көшелерін – Центральная деп атаумен шектелген. Тізім осылай жалғаса береді. Петерфельд ауылдық округінің Боровское ауылындағы Первая көшесін – Садовая, Вторая көшесін – Парковая, Третья көшесін – Лесная деп өзгерткеннен кім не ұтты деген орынды сауал туады. Қатты қынжылтатыны, жер-су атауларын өзгерту кезінде өңірдегі тарихи тұлғалардың есімдері әлі күнге дейін еленбей келеді. Еңбек ардагері Сағат Қуандықовтың Октябрь көшесіне Мағжан Жұмабаевтың есімін беру туралы тілегі ескерусіз қалған.
Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ономастикалық жұмыс бөлімінің жетекшісі Ернияз Сұлтанов бізді бұлар тұрғындардың бір бөлігінің ғана ой-пікірлері, түпкілікті шешім аудандық әкімдік пен мәслихаттың, ауылдық округ әкімдерінің бірлескен отырысында қаралып, қабылданады деп жұбатқанмен, көңілді күпті ететін жайттар жоқ емес. Атап айтқанда, жұртшылықтың ұсыныстарына жергілікті билік өкілдерінің өзгеріс-толықтырулар енгізуіне құқы жоқ екені белгілі. Олай болса, өзгертілмеген күйі, шала қарпылған киіз құсап, қабылданып кетуі әбден мүмкін ғой. Көше атауларын таңдау халықтың иелігіндегі мәселе болғанымен, оларға ішкі саясат және тілдерді дамыту жөніндегі бөлімнің мамандары жалпы бағыт-бағдар беретінін жұрт жақсы білсе керек. Біздіңше, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жете жүргізілмегенге ұқсайды. Осы сияқты немқұрайдылыққа, жалпақшешейлікке салыну салдарынан Петропавл қаласының өзінде көшелерге еш мән-мағынасы жоқ жеңіл-желпі атаулар беріліп жүр. Абылайхан, Қожаберген жырау, Сегіз Сері, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай секілді тұлғаларды айтпағанда Қызылжар өңірінде еңбек еткен, елдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Смағұл Сәдуақасов, Жұмабек Тәшенов, Сафуан Шаймерденов, Шахмет Құсайынов және тағы басқа да асылдарымыздың есімдері қашанға дейін ескерусіз қала береді?
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс», – деді. Демек, еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басып, мықты әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы айтылып жатқан шақта таптаурын болған ескі атауларға жабысып қалмай, санамызға серпіліс беретін уақыт жеткен сияқты. Ендеше, осы кезеңді пайдаланып, ел мен жеріміздің, көшелеріміздің атауларын ұлттық кодымызды сақтай отырып, жаңа тұрпатта жаңғыртып алғанымыз жөн емес пе?
Ләйла ЖАНЫСОВА, журналист
Солтүстік Қазақстан облысы