Есенбай Құлиға ақын апамыз ғана емес, абыз Әбіш Кекілбайұлы да игі тілегін білдіріпті. Оның «Жалғыз жиде» атты ән кітабына алғысөз жазып: «Ән – қазақ баласының ана сүтімен бірге емген нәрі. Оның құлағының ең алғаш еститіні – ана әлдиі мен бесік жыры.
Ән – сезімнің ең нәзік тебіренісі. Ән – сананың ең нәзік күңіренісі. Ән – жүректің ең нәзік дүрсілі. Ән – домбыра ішегінен де жіңішке.
Бірақ, білектен де қуатты, жүректен де отты бола алады. Менің алдыма кеп, талдырмаш қара торы жігіт ән салғанда ойыма осындай үзік-үзік сырлар оралды. Бұл тыңдап отырған әндерімнен алған ең алғашқы әсерлерім. Демек Есенбайдың өнерінің өресі биік. Бойыңды балқытып, ойыңды шалқытады. Әсері зор. Бәлкім, жастайымнан елжіретіп келе жатқан кейбір етене сезімдеріме дөп түскендігінен шығар.
...Ендеше, өнерлі өрімталдың саусағына сәт, жүрегіне шабыт тілейік...», – депті.
Есенбай Атырау облысының Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылында дүниеге келген. Сол жердегі орта мектепті бітірген. Әнші-композитор. Әкесі Ізтөре мен анасы Қоңырау мал шаруасындағы қарапайым жандар. Балалық шағы қыс қыстауда, жаз жайлауда, табиғат аясында өтеді. Есенбай 15 жасынан бастап ән жаза бастайды. 2-сыныпта ешкімнің көмегінсіз, өз ынтасымен гитараны, кейін клавишті синтезатор аспабын меңгереді. Әндерді аранжировка жасауда, көркемдеп, өңдеуде өзін үздіксіз дамытады. Сағыздағы «Шұғыла» мәдениет үйінде әдіскер бола жүріп, «Наурыз» эстрадалық тобында ән салады, бірнеше үнтаспасы шығады.
«Тақыр жерге шөп шықпас» дегендей, өнер де екінің біріне емес, қонатын адамына таңдап қонады.
– Әбіш ағамызға саясат пен жазушылық қалай үйлеседі деген сыңайда сұрақ қойылыпты. Сонда ол кісі жазушы әуелден саясаткер болып туады деген екен. Сол сияқты өнер мен мемлекеттік қызметті қатар алып жүрудің өз ерекшелігі бар... Әбіш ағамен аналарымыз тарапынан да бөлелік жақындығымыз тағы бар. Бәйімбеттің, Байпақтың қыздары. Егер менде тамшыдай талант болса, сол кісілердің сүтімен жұққан шығар. Ата-бабаларым да жай кісілер емес. Қалың Маңғыстаудың ғана емес, Алаштың қазанына ас салған Қалнияз, Жұбан, Зәкәрия, Шам, Талпақтардың есімі көпке таныс. Кешегі репрессия құрбаны болған Зәкәрия атамыз аты белгілі жырау-жыршы еді. Артында керемет жырлары қалған. Ыбырай Ахунның «Алтынды орда қонған жер» кітабында
«Ай мүйізді қошқардай, Қуғанын алған құбарлан, Адайда байлық өткен жоқ, Қалнияз бен Жұбаннан», деп олардың бай-бақуатты болғанын жыр етеді. 20 мың жылқы біткен, жомарт байлар болыпты. Көшіп келе жатқанда шаруа жасаймын дегенге қаржы беріп, қарайласып кетеді екен. Олар туралы көлемді ода жырлар Сәттіғұлдың, Сүгірдің жырларында кездеседі,– деп әңгімесінің шетін бір қайырды Есенбай Құли.
Талапты жас киелі Маңғыстауға 1997 жылы табан тірейді. Сол жылы «Қайнар» университетінің Ақтаудағы филиалына оқуға түсіп, 2001 жылы заңгер-құқықтанушы мамандығы бойынша бітірді. 2007 жылы «Жалғыз жиде» атты ән дискісі мен кітабы өнерсүйер қауымға жол тартады. Өзінің шығармаларынан тұратын «Айқалқа» атты екі дискілік үнтаспасы, 2014 жылы қазақтың тұңғыш барды Т.Досымовтың 21 әнін гитарада орындаған үнтаспасы жарық көреді. «Ән басы», «Мәжнүн тал», «Жалғыз жиде», «Айқалқа», т.б. әндері еліміздің эстрада әншілері Ұлықпан Жолдасов, Асқар және Асанәлі Көшеровтер, Жоламан Көшкінов, Тамара Асар, Ақылбек Жеменейдің репертуарынан орын алған.
– Әрине, өнер – алдымен Құдайдың сыйы. Соған қоса, мен оны өмірден үйрендім. Өзімді жетілдіруге Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова, Өтежан Нұрғалиев, Есенғали Раушанов, Сабыр Адай, Светқали Нұржанның шығармаларының септігі көп тиді,– дейді өзі.
Тәуелсіздіктің он жылдығына орай, Қазақ радиосы ұйымдастырған патриоттық әндер байқауында Сабыр Адайдың сөзіне жазылған «Ән басы» әнімен бас жүлдені жүлде қоржынына салады. Бүгінде бас-аяғы 50-ге жуық ән тудырыпты. Т.Досымовты ұстаз санап, әндерін гитарада жоғары деңгейде насихаттап жүргені өз алдына бір бөлек.
– Табылды Досымов ағам үйде жиі қонақ болатын. Мені «Есенбайжан» деп еркелетті. Келген сайын жаңа шығармасын өз қолымен жазып беріп, үйретіп кететін. Сол кісінің көмегі көп тиді. Сондықтан да халық мені Табылды Досымовтың тікелей шәкірті деп біледі, – дейді Е.Құли.
Ол – өрелі өнердің иесі. Жүріс-тұрысынан қарапайымдылық, жүзінен сыпайылық ескен жігіт ән салғанда бойыңды балқытып, ойыңды қияға шалқытады. Мұндай сезім қылын шертетін өнер өміршең боларына сенеміз.
Шахида ЖҰМАН