• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Маусым, 2017

«Қазақстанның 100 жаңа тұлғасына» кімдер лайық?

351 рет
көрсетілді

Алматыдағы Достық үйінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының мұрындық болуымен «Тұлғалардағы заманауи Қазақстан: ел жетістігінің жасампаздары» тақырыбында талдау жиыны өтті.

      Жиында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қамтылған «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасы жан-жақты талқыланды. Сарапшы мамандар «Біздің замандасымыздың әлеуметтік бейнесі қандай? «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» құрамына кім үміткер бола алады? Үміткерлерді таңдау үшін қандай критерилер мен бағдарларды жасау қажет?  Жобаны іске асыру үшін қандай құралдар тиімді болуы мүмкін? Қазақстанда іске асқан қандай жобалар қойылған тапсырмаларды іске асыру үшін бастама бола алады?  Бұл жобаның ақпараттық сүйемелдеуі қандай болуы қажет?» деген  негізгі сауалдарға жауап іздеді.

 – Президентіміз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру мақаласында «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасының бастауын белгілеп берді. Жоба нақты мәселелерді шешуге бағдарланған: «қоғамға өз ақылымен, қолдарымен және талантымен заманауи Қазақстанды жасауға ат салысқан адамдардың шын келбетін көрсету, ақпараттық қолдау көрсетудің жаңа мультимедиялық алаңын құру және біздің атақты замандастарымызды әйгілендіру, «100 жаңа тұлғалар» жобаларының тек жалпыұлттық қана емес, сонымен қатар, аймақтық жобаларын құру. Қазақстан жетістігінің тарихы – бұл оның өнегелі азаматтарының іс-әрекеттерінің нәтижесі. Әр жеңістің артында, елдің әр жетістіктерінің артында біздің замандастарымыздың жеке жетістіктері тұр. Олардың еңбектерінің синергиялық серпілісі, Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанға адами дамудың жоғары әлеуеті бар елдердің санына кіруді ғана емес, сонымен қатар, одан әрі қарқынды даму үшін жағдай жасайды» деп Елбасымыз өз мақаласында  бұл жобаның маңыздылығына кең мазмұнда тоқталған болатын. Шын мәнінде, бұл мемлекеттің болашағы үшін ауадай қажет игі бастама. Дана халқымыз «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» деп тегін айтпаса керек. Азаматтардың ел игілігі жолында атқарған табанды еңбегі мен тарихи ерліктері жылдар парағында қатталып, келер ұрпақ үшін сақталу керек. Тек осыны жүйелі түрде іске асыру үшін, әділетті, дұрыс таңдау жасалуы қажет – дейді ҚСЗИ әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы, әлеуметтану ғылымдарының докторы Ләззат Нұрқатова.

      «Үміткерлерді іріктеу еліміздің барлық өңірлері бойынша жүргізіледі. Бұл  азаматтар құрамынан тек танымал тұлғаларды  ғана емес, өмір жолы үлгі тұтуға лайық, қарапайым азаматтарды да көруіміз керек.  Бұл ешқандай да бәйге емес, еліміздің көркеюіне зор үлес қосқан нағыз азаматтардың шынайы болмысын жалпақ жұртқа үлгі етіп көрсету», дейді мамандар.

      Талқылауға қатысқан ғылыми-зерттеу институттарының жетекші сарапшылары, тарихшылар, қоғам қайраткерлері мен әр саланың көшбасшылары аталмыш жобаның ел өміріндегі маңыздылығына тоқталып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Олардың ойынша «Бұл есімге лайық азаматтар сапында, Тәуелсіздіктің қадірін білетін, халықтың таным-тарихымен терең тамырланған тұлғалар болуы тиіс».

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ