• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Маусым, 2017

Алматы өңірінде маусымда қар жауды

489 рет
көрсетілді

Қанша жылдан бері қаңтарды қарсыз өткізіп жүрген Алматы өңіріне қыста жауған жаңбыр таң емес. Тіпті, осы өңірдің ең биік, ең суық аймағы саналатын Райымбек ауданының өзінде былтырдан бері қар мен жаңбырдың араласып жаууы үйреншікті жағдайға айналып кеткендей.

Райымбек ауданының Кеген ауылдық аймағында табиғат тосын мінез танытты. Қыстыгүні кеткен есесін енді қайтарғысы келген болса керек, күні кеше, яғни, маусым айының 6-сынан 7-сіне қараған түні қар жауа бастады. О баста тосырқағандай болғанмен, аздан кейін-ақ бой үйрете бастаған тұрғындар жаздың қарына таңырқап емес, қызықтап қана қарайды. Бірді-екілі тұрғындармен телефон арқылы тілдескенімізде жаз бойы таудың басында жататын қардың ара-тұра етекке түсіп, «қонақ» болып кететіні заңды нәрсе сияқты әсер еткенін аңдадық. Осыдан бір апта бұрын басталған жауын-шашын таулы аймақтағы күн райын әлдеқайда суытып жіберген. Бір жеті жауған жаңбырдың соңы қарға айналуы заңды да, өйткені, етектегі ауылға жаңбыр жауса, ертеңіне іргедегі таудың басының ағарып шыға келгеніне тұрғындар  әбден үйренген.

Облыстық «Қазгидромет» орталығы мамандарының айтуынша, таулы аймақтарға жаз мезгілінде түсетін қарды алдын ала болжау қиын. Себебі, атмосфералық фронттар мен циклондар суық жел арқылы өтеді. Жаздыгүні жауын-шашынның қар түрінде түсуі, көп жағдайда, солтүстік жел ағысының әсерінен болады. Егер жердегі жылу 15 градус болса, бұлт қабатындағы температура нөлден төмен көрсеткішке түседі де, жауын-шашын қарға айналады дейді.

 «Малды ауылдар, жайлауға енді қонған малшылар қандай күйде?» деген сауалымызға: «Етектегі Кегенде мынадай жағдай болып жатқанда, тау қойнауына сұғына кірген жайлауларда сөз жоқ қар бары анық, бәлкім, бұдан да қалың болуы. Бұл өз кезегінде жаңа туған төлге қиындық туғызатыны анық. Дегенмен, мал шығыны бар деген ақпарат түскен жоқ. Оның үстіне, қардың қалыңдығы 1-2 сантиметрден аспаған», дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Азамат Жұртбаев.

Жергілікті жұрт үйреніп қалған табиғаттың мұндай мінезін «Басына Лабасының бұлт іліксе, Бар аймақ күрк-күрк жөтеледі», дейтін Мұқағалидың сөзімен де түсіндіруге болады...

Алмас НҮСІП,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы