• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
08 Маусым, 2017

«Балабақшаға барасың, балам!»

461 рет
көрсетілді

Елорда тұрғындары жыл өткен сай­ын артып келеді. Шаңырақ кө­теріп, балалы-шағалы болып жат­қан жас отбасылар да көп. Олар да Астана демографиясының өсуіне үлес қосып жатыр. «Бәрекелді!» дейік. Бірақ басым бөлігі үшін «бас ауруына» айналған басты мәселе – балабақша. 

Сәбилерін мектепке дейінгі мекеме­лерге орналастыру – ата-аналардың басты арманы. Бұл – оңай шешілетін мә­селе емес. Өйткені, Қазақстанның бас­қа қалалары секілді Астанада да ба­ла­бақша жеткіліксіз. 2017 жылдың қаң­тарында елордада 3 пен 6 жас аралығындағы 33240 жеткіншек ба­лабақша кезегіне тіркелген. Тағы керек десеңіз, мемлекеттік балабақшаға бес-алты жылдан бері кезегін сарғая кү­тіп отырған ата-аналар бар. Тіпті, кей­бірінің кезегі жетпей, баласы мектеп табалдырығын аттап та үлгерген. Же­кеменшік балабақшаға баласын беруге олардың көбінің қалтасы көтермейді. Сондықтан, амал жоқ, мемлекеттік балабақша кезегін күтуге мәжбүр. Балабақшаға кезекті азайтудың бірден-бір жолы – мемлекет -жекеменшік әріптестігі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев билік тармақтарының осындай екіжақты әріптестікке баса назар аударуы ке­рек­тігін баса айтып келеді. Нәтиже де жоқ емес. Қазір Астанада да, басқа қалаларда да жекеменшік балабақша ашуға құл­шы­ныс білдіріп отырған кәсіпкерлер көп. Өйт­кені, мұның екі жаққа да пайдас­ы бар. Кәсіпкер мемлекеттік тапсырыс алып, жұмысы алға басады, мемлекет балабақша тапшылығы мәселесін шешеді. Тек жекеменшік балабақша барлық талаптарға сай болуы тиіс. Бұл бір шетінен, бәсеке. Тіпті, қазір мем­лекеттік балабақшаға емес, баласын жекеменшік мекемеге бергенді қа­лайтын ата-аналар да бар. Себебі, он­дағы тәлім-тәрбиеге көңілдері толады.

Балабақшаға кезекке тұру мен жол­дама алу үшін ата-аналардың айтыс-тартысқа толы күндерді бастан өткергенін көз көрді. Таң бозарып атпай, шала ұйқылы-ояу, құндақтаулы баласын қолына алып, аязды-боранды күндері қысыла-сығыла кезекке жазылатын еді ғой. Кезегі тып-тыныш өтсе жақсы. Айқай-шу, талас-тартыс... Тіпті, жаға жыртысуға дейін барған жоқ па? Бұл – балабақша кезегіне тұру мен тиісті құжаттарды өткізу кезіндегі жанталас. Одан кейін жолдаманы жылдар бойы зарыға күтетінің тағы бар. Кезек табандап тұрып алады, жылжымайды... «Кейбіреулер тамыр-таныстары мен қолдаушылары арқылы жолдаманы кезексіз алып кетіпті» дегенді естігенде қаны қыз-қыз қайнайды. Қолдан келер қайран жоқ. Көптеген ата-ана осындай күйді бастан өткергені анық.

Енді осының бәрі артта қалды. Мем­ле­кеттік балабақшаларға жолдама беру элек­тронды жүйеге көшті. Бұл – Астана қа­ласында. Республика бойынша әзірге төрт қалада осындай жүйемен жұмыс басталды деген ақпарат бар, соның бірі – елорда. Енді ата-аналардың өтініш бергеннен кейін өз кезегінің қаншалықты алға жылжығанын екі ресурс арқылы қадағалауға мүмкіндігі бар. Бірі – «Элек­трон­ды үкімет» порталы, екіншісі – ха­лыққа қызмет көрсету орталықтары. Өті­ніш­ті де үйде отырып электронды түрде бе­руге болады. Мамандардың айтуына қарағанда, мұндай жүйенің артықшылығы – жолдаманы жең ұшынан жалғасып, тамыр-таныс арқылы алып кету мүмкін емес. Бұл электронды жүйеге білім басқармасы мен басқа да билік тармақтарының ешқандай ықпалы жүрмейді. Өйткені, бәрі автоматты түрде жүргізіледі. 

Балабақшаға жолдама алу кезегі жет­кен ата-анаға ақпарат телефон немесе элек­тронды пошта арқылы беріледі. Осы­дан соң 15 күн ішінде олардың ба­ла­бақ­шаны таңдауға мүмкіндігі бар. «Жар­ты ай жеткілікті» деп есептейді маман­дар. Ал бұған дейін ата-аналардың таңдауына бір күн ғана берілгенін ескерсек, бұл – жақсы мүмкіндік. Сол уақытта үл­геру қажет. Егер үлгере алмаса, жолдама кезектегі келесі ата-анаға беріледі.

Тағы бір баса айтатын мәселе, мем­ле­кеттік балабақшаға кезегі жетпеген ата-аналардың алаңдауына негіз жоқ. Ба­ла­сын жекеменшік мекемеге де беруіне бо­лады. Мұндай қадамға барған ата-ана мем­лекеттік балабақша кезегінен шығып қал­майды, кезегі сақталады. Оның үстіне, қа­зір мемлекеттік және жекеменшік балабақшаның төлемақысында сонша­лық­ты көп айырмашылық жоқ, теңесіп қалды.

әсіпкерлер мектепке дейінгі мекемелерге мемлекеттік қолдау бар екенін сезінгендіктен әрі мемлекеттік тап­сырыстың болатынына көздері толық жет­кендіктен балабақша ашуға ерекше ынталы болып отыр. Оған дәлел – Ас­танада 2015 жылға дейін бар-жоғы 53 жекеменшік балабақша болса, 2016 жылы 44 жекеменшік ба­ла­бақ­ша ашылған. Бір жылдың ішінде осынша ба­лалар мекемесінің ашылуы бұл салада мемлекет-жекеменшік әріптестігіне кең жол ашылғанын көрсетсе керек. Қа­зір Ас­танада жекеменшік балабақша ме­м­лекеттік балабақшадан көп. Ма­ман­дар­дың пайымдауынша, алдағы уақытта осы үрдіс сақталса, балаларды мектеп жа­сына дейінгі мекемелерге орналас­ты­ру мәселесі ешқандай қиындықсыз жү­зеге асатын болады.

Ғалым Омархан, «Егемен Қазақстан»