Жуырда Қарағанды облысында шертпе күй шеберлерінің орталығы ашылды. Белгілі күйші Қайролла Сәдуақасов жетекшілік ететін аталмыш орталыққа облыстық мәдениет басқармасының, күй жанашырларының қолдауымен Сұрыптау стансасындағы «Теміржолшылар Мәдениет үйінен» қажетті орын бөлінді. Бүгінде орталық қалыпты жұмыс істеп, әзірге «Күй тағылымы» дәрістері жүруде. Онда ең алдымен, Тәттімбет күйшінің нақышында күй тарту өнері насихатталмақ.
Сондай-ақ, орталықтың ашылуы қарсаңында жетекшісі Қайролла Сәдуақасов көпшілікке көне жәдігерлерді таныстырды. Бір ғасыр бұрын жасалған көне домбыраның біріншісін − Мойынты ауылында тұратын Рахманәлі Әбеуов сақтап келген. Қазір құнды жәдігер Қайрекеңнің қолында. Көне аспаптың ерекшелігі сол – онымен кез келген қиын мәнердегі шертпе күйді дәл нақышында орындауға болады. Құрама домбырамен заманында Сембек, Қыздарбек, Әбікендей Арқаның атақты күйшілері күй шерткен деген болжам бар. Домбыра 1900-1910 жылдар арасында шабылған деседі. Қарқаралыда жасалған аспапты заманында үш қойға сатып алыпты-мыс. Тозығы жетсе де сарайы сазға толып тұрған домбыраны Қайролла Сәдуақасов қалпына келтіріп, алдағы тамыз айында өтетін Әбікен Хасенұлының 125 жылдығына арналған республикалық фестивальде күй орындамақшы ниеті бар.
Сондай-ақ, қазір Ақадырда тұратын Киіктінің тумасы Сәмбет ақсақал да әкесінен қалған ескі домбырасын Қайролла күйшіге сыйға тартыпты. Ол домбыра өткен ғасырдың 50-жылдары жасалған екен. Екі домбыраның иесі де «аспаптарды тартатын кісі қалмады. Қаңсып, босқа тозғанша, сенде болсын» деп «Күй-керуен» орталығына табыстаған...
– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы – бұл бізге өте керемет қолдау болып отыр. Осындай, міне, рухани жаңғыру кешегі бабаларымыздың өшіп қалған дүниелерін қайта жарыққа шығаруға мол мүмкіндік туғызбақ, − дейді Қ.Сәдуақасов. Аталмыш орталық алғашқы жұмыстарының бірі ретінде, жоғарыда да айтып кеткен кешегі күй атасы Тәттімбеттің, Қыздарбек, Итаяқ, Сембек, Әбдилердің көне күйлерін бүгінге жеткізуші, Арқадан шыққан аруақты күйші Әбікен Хасенұлының туғанына 125 толуына орай, талант туған топырақтан басталатын күй керуені жолға шыққалы отыр. Күйшілер 10 маусым күні Мойынтыда «Қоңыр» атты күй кешін өткізіп, атаулы датада ұлы өнерпаздың ата қонысы Мойынты, Киікті, Босағадан бастап, Ағадыр, Жарықты көктей, Шет ауданының үстімен салтанат жарастырмақ. Керуен жолшыбай бұрынғының сөзін естіп, бүгінгінің көзін көріп қайтуды өздеріне мақсат тұтады. Итаяқ, Қыздарбек, Әбди, Сембектердің ізін жаңғыртып, күйге сусап отырған халықты шын өнермен қауыштырмақ. Ол жолда есті сөз, ескі әңгімелер молынан ұшырасатыны сөзсіз. Әрине, мұндай сапарды қолдау керек. Адам күй тыңдап, күйбең тірліктен бір сәтке бой суыта алса, сиқырлы әлемнің сағыныш сазы сананы нұрландырары хақ. Өнерді насихаттап, ағартушылық бағыт ұстанған бұл топ демеушілерден дәрмен күтетіні де белгілі.
Жәдігер жаңғырып, өнер өрістеп жатса, ұлы мұраттарға даңғыл жол ашылары сөзсіз ғой.
Мирас Асан, «Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы