Жалпы, Ақмола облысы бойынша индустрияландыру картасына 12,3 мың адамды тұрақты жұмыс орындарымен қамтитын құны 782,5 млрд теңге болатын 90 жоба еңгізілген. Бұл ретте республикалық Индустрияландыру картасында 2 жоба қарастырылғандығын атай кеткен орынды. Соның біріншісі құны 13,1 млрд теңгелік «Қазатомөнеркәсіп» күкірт қышқылы зауыты БК» ЖШС болса, екіншісі құны 459,3 млрд теңгеге жүзеге асырылған «Масальский ГОК» ЖШС. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 2017 жылдың 31 қаңтарындағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны бұрынғыша Үкімет пен әкімдер қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі критерийінің бірі болатыны ерекше аталған. Осыған сәйкес өңірде өндіріс ошақтарын салу, жаңа жұмыс орындарын ашу қызу жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Мәлік Мырзалин жаңа жұмыс орындарын ашу ісіне ерекше ықылас қойып, нақты жұмыстар ауқымын айқындап берді.
Бұл орайда өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына сәйкес 9,4 мың адамды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін құны 310 млрд теңгелік 88 жоба жүзеге асырылуда. 2017 жылдың 1 мамырына қарасты 6,8 мың тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берген құны 158,8 млрд теңгелік 72 жоба іске қосылған.
Ал индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы шеңберінде (2015-2019 жылдар) 7,1 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін құны 661 млрд теңгелік 41 жоба іске асырылуда. Үстіміздегі жылдың 1 мамырына қарасты жоспарлы қуатын игеру бойынша 39 жобаның орындалуы 90 және одан жоғары пайызға жетіпті. Ал 21 жобаның орындалуы 50 мен 90 пайызды құраса, ал 5 жобаның 50 пайызға орындалған.
Іске асырылған жобалардың нәтижесінде 2017 жылдың қаңтар-сәуірінде өндірілген өнім көлемі 82,8 млрд теңгеге жетті. Бұл орайда өнімінің 50,5 пайызы Индустрияландыру картасы бойынша іске қосылған кәсіпорындар тарапынан шығарылған, ал қайта өндеу өнеркәсібінің үлесі 57,5 пайызға жеткен. 2017 жылдың қаңтар-наурызында Индустрияландыру картасына қатысушы-кәсіпорындар тарапынан мемлекеттік бюджетке 9 млрд теңге кіріс кірсе, ол жалпы салықтық түсімдердің 28,5 пайызын құрап отыр. Қазіргі кезде көптеген кәсіпорындар өздерінің өндіріс көлемін арттыруға мүдделілік танытуда. Атап көрсеткенде, минералды шикізатты қайта өңдейтін алтын өңдеу фабрикасы «Инвест-РТ» ЖШС (Степногор қаласы) шикізат өңдеу көлемін 108 мың тоннаға дейін арттыруды межелеп отыр. Бұдан басқа, «SAMHAT» ЖШС (Целиноград ауданы) аяқ киім өндірісі желісін қосып, аяқ киім тігу көлемін 500 мың парға жеткізуді көздеуде. Ал «ПО «Көкше-Цемент» ЖШС цемен зауытын салып, 2 млн тонна өнім өндіруді қолға алды. Өз кезегінде «BIOTRON GROUP» ЖШС (Степногор қаласы) ауылшаруашылық малдарына арнап вакцина шығаруды 1 млн дозаға дейін шығаруды жоспарлап қойған. «Казахалтын Technology» ЖШС (Степногор қаласы) Ақсу кен орнында алтын өндеу фабрикасын салмақ.
Осылайша өңірде индустрияны дамыту арқылы жұмыспен қамтудың және азаматтардың нақты табысын арттырудың жолдары жан-жақты екшеліп, іске асырылуда.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы