• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Әдебиет 09 Маусым, 2017

Латын әліпбиінің екі нұсқасы таныстырылды

306 рет
көрсетілді

2017 жылдың 9 маусымында Алматы қаласындағы Ғылым ордасы Орталық ғылыми кітапхананың мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияға қарасты Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпбиге көшіру жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.

Жұмыс тобының жетекшісі, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек жетекшілік еткен жиынға ҚР ҰҒА президенті, академик Мұрат Жұрынұлы, профессор Байынқол Қалиев, саясаттанушылар Дос Көшім, Айдос Сарым, профессор Әлімхан Жүнісбек, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Зейнеп Базарбаева, профессор Жұмағали Әбуов, профессор Танат Аяпова, профессор Құралай Күдеринова, басқа да комиссия мүшелері (тізім бойынша) және Институттың ғалымдары мен магистрант-докторанттары қатысты. Жиында ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Жұрынов Мұрат Жұрынұлының латын әліпбиі жайлы баяндамасы;Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қалиев Байынқол Қалиұлының латын әліпбиі туралы баяндамасы тыңдалып, талқыға түсті.

Жұмыс тобының құрамында латын әліпбиінің нұсқаларын реттейтін, сараптайтын, жүйелейтін комиссия құрылды. Осыған орай, латын графикасына негізделген жаңа әліпбиге қатысты барлық ұсыныстар ерекшеліктеріне сәйкес топтастырылып, жан-жақты талданып, жұмыс тобының алдағы отырыстарында талқыланатын болады. Қазіргі уақытта жұмыс тобында компьютер, ІТ және электроника, ағылшын тілі мамандарының, түркітанушы, сондай-ақ қазақ тілі ғалымдарының, шетелдік қандастардың, Парламент депутаттары тарапынан т.б. қалың жұртшылықтан келіп-түсіп жатқан ұсыныс жобалары бар.

Ұсынылған жобалар белгіленген ғылыми талаптарға сәйкес болған жағдайда арнайы дерек қорына енгізілетін болады. 

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»,

АЛМАТЫ