• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Маусым, 2017

Үш киіз үй өткенімізді ұлықтайды

645 рет
көрсетілді

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне орай «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешеніндегі отызға тарта макет жаңартылды.

Ашық аспан астындағы мұражай тағы 14 жәдігермен толыққан. Олардың қатарында Әбілқайыр мен Қарабура кесенелерінің, Қарағанды спорт сарайының, Қазақ мырыш зауытының, «Космонавт» монументінің, 4 облыстың тарихи өлкетану музейінің макеттері бар. Туристерге кең-байтақ жерімізді барынша көрсету үшін кешен аумағына қосымша 5 LED экран орнатылған. Мұражай гидтері жыл сайын мектеп оқушылары арасынан арнайы сынақ арқылы іріктеліп алынады екен. Жазғы демалыстарында қонақтарға экскурсия жүргізетін олар кемінде үш тілді меңгерген. Ағылшын тілінен бөлек, француз, неміс, қытай, түрік, испан және корей тілдерін білетін жеткіншек-гидтер де бар. «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешенінде шетелдік меймандарды қазақтың қонақжайлылығымен жақынырақ таныстыру үшін үш киіз үй тігіліпті. «Этноауыл құрудың мақсаты терең. Себебі, қазіргі уақыт пен біздің өткен тарихымыз ұштасқан деп те айта аламын. Осындай керемет сақталған қазақы үйге келген адам таңғалатынына күмәнім жоқ. Әсіресе, өзге ұлттарға біздің кешегіміз бен ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігі қызықты деп ойлаймын», дейді Астана қаласы әкімдігінің мәдениет, мұрағат және құжаттамалар басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина.

Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»