Театр 2012 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылды. Алматыдағы А.В.Селезнев атындағы хореография училищесінің үздік түлектерінен құралған труппа бүгінде классикалық, халықтық дәстүрлер мен заманауи стильді меңгеруімен, үздік үш үлгінің басын бір мақсатқа біріктіре білуімен үлкен құрметке ие. Деректер театр аумағы 15 мың 467 шаршы метрді қамтиды дейді. Мысал үшін айтатын болсақ, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының үлкен залы 1250 орындық болса, «Астана Балеттің» көрермен залы 800-ге таяу. Төрт көтеріп-түсіру планшеті мен төрт әртістік көтергішпен жабдықталған сахна көлемі 536 шаршы метр жерді алып жатқандықтан, мұндағы әрбір техникалық тетік өнер адамының шығармашылық мүмкіндігін толықтай көрсетуіне орайластырылған. Жаңа «Астана Балет» театрының сыртқы сәулеттік ансамблі жас ұжымның өзіне тән қолтаңбасын, шығармашылық шырқын айқын сипаттап тұрғандай әсер қалдырады. Классикалық мұраның үздік жетістіктерін сақтай отырып, пластика тілін жетік меңгеру, уақыт тынысын, көрермен аңсарын айқын тану, үнемі әрекет үстінде толысу, толығу театрдың басты мұраты болып табылады. Жаңа театр ғимаратының тағы бір артықшылығы – залы, сахнасы, интерьері заманауи стильде жасалған. Сахнаның параметрлері мен мүмкіндіктері сценографиясы күрделі спектакльдерді, балет, опера, драма т.с.с. әртүрлі жанрларда өнер көрсетуге, алуан нақышты мәдени шаралар мен шығармашылық кештерді, симфониялық, эстрадалық, ұлт аспаптар оркестрлері концерттерін, әсерлі заманауи шоулар мен мюзиклдерді мінсіз өткізуге өте қолайлы һәм қонымды. Бүгінде театрдың репертуарында классика, модерн, неоклассика, «contemporary» стилінде сахналанған бір актілі 10 балет, 4 концерттік бағдарлама бар. Шығармашылық қор классикалық інжу-маржанға кенде емес. Мұнда сонымен қатар, Георгий Ковтун, Алтынай Асылмұратова, Рикардо Амаранте, Исян Чжан, Никита Дмитриевский, Николай Маркелов сынды заманауи хореографтардың бірегей туындылары қайталанбас рухта орындалады. Мәскеу, Санкт-Петербург, Бейжің, Париж, Вена, Сеул, Будапешт, Нью-Йорк, Токио, Варшава, Баку қалаларына сапары туралы көптеген танымал тұлғалар өз пікірлерін білдірген екен. Мұндағы лебіздерге тоқталатын болсақ, соның бірі, Ресейдің халық әртісі, «Астана Опера» театры сахнасында «Роден», «Анна Каренина» балеттерін қойған белгілі хореограф Борис Эйфман: – Мен бұл театр туралы сыртынан жылы пікірлерді көп естідім, – деді. – Олар Санкт-Петербургтің тарихи Мария театрының сахнасында өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Мұндай жаңа стильдегі рухани ошақтың құрылуы жалпы жер бетіндегі адамзат баласының бәріне ортақ қуаныш деп есептеймін. Хореограф ретінде Қазақстан балетін әлемге танытып жүрген ұжымның сахнасында тың қойылымдардың көптеп қойыла беруіне тілектеспін. Балет тарихшысы әрі сыншысы, А.Ваганова атындағы академияның профессоры Ольга Розанова «Кармен» және «Клеопатра» балеттері жайында: «Мен әлемдік балеттен дәл мынадай құнды дүниені бұрын-соңды көргенім жоқ. «Кармен» идеясының өзі не тұрады? Спектакльде режиссерлік ізденістің, тапқырлықтың ізі сайрап тұр. Туынды авторы Мукарам Авахриді жеңісімен құттықтағым келеді. Ал, «Клеопатра» – ғажайып шоу. Николай Маркелов спектакльдің құрылымын қалай жаңаша ойластырған десеңші. Қойылым әсері әлсіремей, аяғына дейін бірте-бірте күшейе түсіп отырады», – деп кәсіби тұрғыда жоғары баға берді. Белгілі хореограф Азарий Плисецкий: – Мұның өзі ел мен оның мәдениеті үшін ғана маңызды оқиға емес, бұл күллі әлем үшін өте құнды да құтты құбылыс. Жаңа балет театрының ашылуы – қандай ғажап! Өйткені, ол арман құшқан тағдырларды тоғыстырған, күш-жігерлерді жаныған киелі мекенге айналуда, – десе, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева: «Әлемдік стандартқа сай сахналанған ғажайып туындылар Отанымыздың рухани олжасы саналады», деп сүйіспеншілік білдірді. «Астана Балет» театрының солистері жаңалықты тез қағып ала қояды. Би өнерінде ішкі сезімді, эмоцияны дәл жеткізе білу маңызды десек, жұмыс барысында олар міне, соны үйренді. Бұл мені қуантты. Өйткені, заманауи үлгідегі балет өнері көбіне экспрессивті болып келеді», – деді журналистермен әңгімесінде бразилиялық хореограф Рубен Терранова. Әйгілі балет сыншысы Джессика Тиг «Dance Europe» журналында жарияланған мақаласында «Астана Балет» театрының репертуары туралы ойларымен бөлісе келіп: «Классикалық балет өнері дәстүріне иек арта отырып, Шығыс пен Батысты ұнасымды үйлестіруі, халық билері элементтері мен неоклассикалық үлгідегі қимылдарды шебер игеруі – қазақстандық театр техникасының ерекше қырлары» деп дем берді. Жыл сайын тың туындылармен толығып отыратын отандық театрдың репертуары жанрлық жағынан жалықтырмайды. «Әлем» балетін алсақ, заманауи туынды адам баласының тіршіліктегі қам-қарекеті жайында баяндайды. Жарық дүние есігін ашқан заматтан бастап кісі басынан сан мың сынақ сынаптай сырғып өтеді. Көктен жер бетіне бұл сын не үшін жіберіледі екен осы? Жұмбағы мол жұмыр жердің сыры мен құпиясы жария етілсе, адам өмірінің мәні бола ма екен? Жан әлемі жайындағы бұл қойылымды Санкт-Петербург, Вена, Мәскеу, Сеул жұртшылығы зор сүйіспеншілікпен қабылдады. Аңыз, әпсаналар негізінде туған «Жусан» балеті Ұлы Дала құшағының құлпын, ал «Клеопатра» балеті Мысыр патшайымының көпшілікке беймәлім қырларын ашады. Билікке барынша ұмтылып баққан ол тақ үшін өзінің сіңлісі Арсиноямен күреседі. Ішкі энергетикасы, динамикасы мол шоу-қойылымда көрермен бір сәт ежелгі Мысыр дәуіріне қарай дәрменсіз жетектеле береді. Проспер Мерименің осы аттас новелласының бірегей хореографиялық нұсқасы болып табылатын «Кармен» – өнер ұжымының кәсіби деңгейін айқындаушы төлқұжат іспетті классикалық шығарма. Бес балерина әйел затының қилы-қилы қырларынан қыруар сыр түйгізіп, әйел жанының жалғыздығын, трагедиясын паш етеді. Мұнда хореография, музыка мен бейнелеу өнері арқылы әлем мәдениетінің үш ғасыры қамтылады. Жер шары жайлы қойылған «Gaia» заманауи хореографиясы жарқын оқиғасымен, әсерлі әуенімен тұшымды. Жердің бес тағаны – су мен жер, от пен ауа, орман тылсымы тұтаса келіп, Жер тәңіриясы «Gaia» негізін құрайды. Театр Ақтөбе, Қостанай, Ақмола облыстарына сапарларында жұртшылыққа танымал хореографиялық миниатюралар мен бір актілі балеттердің үзінділерін ұсынды. Елордалық сахнадағыдай безендірілген бағдарлама, жалпы 2012 жылдан бастау алатын «Астана Балет GALA» жобасы ұжымның жылнамасы іспетті. Мұнда ұлттық нақышқа қоса, контемпорари, неоклассика мәнерінде әзірленген қойылымдар бар. Ал «Сағым сәттері» балеті шаңырақтың діңгегі неден құралатынына мән бергізеді. Негізі қазір қоғамда бәрі керісінше орын алып жатқан сияқты болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұлар сыртқы қабыршақтар ғана. Ежелгі қытай пәлсафасына сай, нәзік жандылар «инь» белгісіне жақын және жылдың қос мезгілі – күз бен қысқа ұқсас. Әйелдің ұлылығы, парасаты мен сабырлылығы және олардың қиындықты жеңу, кедергі, кептелістерді бұзып-жару жолындағы қайсарлығы бедерленетін спектакль көрермен көңілін бей-жай қалдырмайды. Абай поэзиясына арналған «Ғашықтың тілі тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл» балеті терең тебіреніс пен ой өрнегіне құрылған. Қойылым сегіз вариациядан тұрады: «Нұрға бөлену», «Сегіз аяқ», «Жыл мезгілдері», « Көзімнің қарасы», «Той бастар», «Татьянаның хаты», «Ақын арызы», «Желсiз түнде…». Шетелдік классикалық шығармаларды молынан игеру әрине керек әрекет-ақ, соған қарамастан ұлттық құндылықтың, оның ішінде Абай тағылымының қашанда маңызы зор. Өйткені, кез келген шетелдік шығарманы дәл сол елдің ойнау деңгейінде мықшыңдап алып шығуға болар-ау, алайда, қай халыққа болсын алдымен, өзінің төл туындысы қымбат болып қала бермегі сөзсіз. «Love fear loss» («Махаббат. Айырылу. Үрей») балеті Эдит Пиафтың ғажайып өміріне, музыкасы мен әндеріне негізделсе, «A fuego lento» («Баяу жалын») атты бір актілі балетте пластика арқылы адамның алғашқы сезімі, эмоциялық көңіл-күйі беріледі. «Diversity» қойылымы балет тарихына бойлатып, бірнеше ғасыр бұрын пайда болған өнердің қазіргі хал-ахуалын бейнелейді. Мұнда музыка мен костюм, пластика мен қимыл уақыт өте келе өзгеріске түсуі мүмкін, ал бірақ шабыт пен сұлулық ешқашан өзгермейді деген идеяны алға тартады. Мария және Михайлов театрларында, А.Ваганова атындағы Орыс балетінің академиясында, Ресей мен Украинаның көптеген театрларында шамамен 300-ге жуық балет пен хореографиялық нөмірлер қойған Георгий Ковтунның қойылымындағы «Вальпургиев түні» балетінде Ежелгі Грекияның аңыз, әпсаналары орыстың классикалық балет дәстүрі иірімдерімен баяндалады. «Астана Балет» театры тарихындағы тағы бір елеулі жаңалық – биыл алғаш рет Джордж Баланчиннің неоклассикалық сирек туындысы, «Серенада» қойылымы мен бразилиялық хореограф Рубен Терранованың «Қайшылықтар» спектаклі көрерменмен қауышты. Сонымен қатар, «Аstana Ballet» театрының директоры Валерий Күзембаев алдағы уақытта труппа солистерін мұнан да жауапты жобалар мен гастрольдік сапарлар күтіп тұрғанын айтты. 11-18 маусымда Белоруссияда өтетін халықаралық балет фестиваліне қатысу жоспарланса, 28 маусым мен 21 шілде аралығында олар алғаш рет Латын Америкасында, ал 1-5 тамызда Түркияда өнер көрсетпек. «Бұл сапарлар арқылы біз еліміздің мәдениеті мен өнерін жоғары деңгейде насихаттап қайтуды мақсат етіп отырмыз», дейді ұжым басшысы журналистерге берген сұхбатында... Қимыл-әрекеттері құралайдың елігіндей жеп-жеңіл әсем бейнелер бейне бір көк жүзінде қалықтаған көркем аққулардай елестейді. Аспандағы сұлулықтың символы аққу десек, көк майсалы шүйгін құрақты мекендеген сыңары сірә, осы бір бекзат өнер иелері болмасына кім кепіл!
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»