• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Кино 12 Маусым, 2017

Композиторлар достығын көрсетеді

158 рет
көрсетілді

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет және спорт министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Баспасөз, кино, радио, телехабар мәселелері бойынша мемлекеттік әкімшілігі арасында үкіметаралық келісімге қол қою аясында «Композитор» фильмін түсірудің басталғанын айғақтайтын салтанатты рәсім өтті.

Фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен қытайлық «Shineworks Pictures» және «China film coproduction corporation» компаниялары бірлесіп түсіреді. Былтыр «Композитор» атты көркем фильмді бірлесіп түсіру, қаржыландыру және бірлесіп пайдалану туралы келісімге қол қойылған.  «Қазақфильм» АҚ вице-президенті Серік Жұбандықов фильмнің 80 пайызы Алматыда, ал 20 пайызы Қытайда түсірілетінін, дегенмен монтаждау, компьютерлік графика жағымен қытай тарапы айналысатынын баяндады. «Фильм түсіру оңай. Қаржы мәселесі, прокат жағы қиын. Біз фильмнің сметасын тең бөліп алдық. Екі жақ та фильмді түсіру үшін елу-елу пайыздан қаржы шығарады. Келер жылы сәуірде фильм түсіріліп бітеді. Мақсатымыз – Қытай нарығына шығу. Фильмнің Қытайдағы прокатына Пекин қалалық партия комитеті көмектесетін болады», деді ол. «Композитор» ат­ты көркем фильм­ге қос композитор Ба­қыт­жан Бай­­қадамов пен Си Син­хай­дың дос­тығы арқау етіп алын­ған. Си Син­хай – Қы­тай Халық Респуб­лика­сы­ның Халық композиторы атағына ие болған, қыс­қа ғана ғұмырында 300-ден аса шығарма тудырған дара талант иесі. Екінші дүниежүзілік со­ғыс кезін­де саяси қуғын-сүргін көр­ген ол өмірі­нің соңғы жылдарын Қазақ­стан­да өткізген. Қазақтың көр­некті ком­пози­торы Бақытжан Байқа­дамов­пен дос болған. Дұрысы, Си Син­хай­­ды аштық, қайыршылық күйден құт­­қа­рып, қайта­дан шығармашылық ортаға оралуына Бақытжан Байқадамовтың септігі тиген.  Аталған шараға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхаме­диұлы, ҚХР Баспасөз, кино, радио, телехабар мәселелері бойынша мем­лекеттік әкімшілігінің министрі Не Ченьсимен бірге екі тараптың да кино­гер­лері, әртістері қатысты. Айта кетейік, аталмыш фильмнің режиссері – Шеризат Яқұб, қоюшы режиссері – Сәбит Құрманбеков. Олардан бөлек басты рөлдерді сомдайтын  Ху Джун, Берік Айтжанов және Алтынай Нөгер­бек те шарада қонақ ретінде бой көрсетті.  

 Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»