Өмірге мынау Өле бір ғашық болмасаң – Өлең де, жыр да, болмас ән, – деп жырлаған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин бүгін жетпіс деген асқаралы асуды бағындырып отыр. Бір кездері өзі бас редактор болып қызмет еткен «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымы, оқырмандары атынан қаламгерді мерейлі жасымен құттықтай отырып, ақын туралы Өтеген Оралбайұлының толғанысқа толы мақаласын жырсүйер қауымға ұсынамыз.
Ақын және заман. Ақын және ақиқат. Осынау телқоңыр терең ұғымдардың астарында көп сыр, көшелі пайым жатыр. Із кескен оқырман теңдес тіркестің түзілімін өлеңдерінен тапса, әдеби-ғылыми сараптамада ол жетістіктер қаламгердің болмысы мен бітімін, оның өлең көкжиегіндегі өзіндік орнын көрсетуден танылады. Бұл орайда ақын мен заман біртұтас ұғым ретінде қарастырылады. Нұрлан Оразалин поэтикасы туралы сөз дегеніміз, оның ақындық және азаматтық келбетінің өлең атты қасиетті өрнектен бүтін бітімін көрсетуі деп қабылдаймыз.
Біздер, қалқам, өлең атты елденбіз,
Жауыннанбыз…
Қайғыданбыз…
Желденбіз…
Мәңгіліктің үрлеп мәңгі майданын,
Ғасырлардың қойнауынан келгенбіз.
Жүрегімен күндіз-түні от өрген,
Кермекті артық көретұғын шекерден.
Қалқам, біздер өлең атты елденбіз,
Ақындықтың ауыр жүгін көтерген.
Нұрлан Оразалин бұл жырын 1991 жылдың шілдесінде жазған. Бұл заманның тәуелсіздікке толғатып жатқан кез еді. Осы өлеңді зер салып, зерделеп қарасақ, мұнда ақындық сезім мен азаматтық эстафета туралы авторлық аннотация, ашық анонс бар. Ақын уақыт мінбесінен сөз алып, азаматтықтың ауыр жүгін жауапкершілікпен көтеріп келе жатқан болмысын сезінген сеніммен серт сөйлейді. Бұл қаламгердің қарабайыр ұраны да, желге қашқан жыр-әні де емес, бұл ақындық азап пен тозаққа, жа- уапкершілік пен міндетке пейіл берген, өлең атты қасиетті өнердің кепиетін қапысыз сезінген, оқырманға ой айту үшін маңдай терін сыпырған сарабдал ақынның жан толқынысы, жүрек маздағы.
Жалпы, ақындарды ойлы ақын, сезімтал ақын деп шартты түрде бөліп жататын әдет бар. Әрине, бір ақындардың жырларында көңіл-күй ырғағы, сезімі басым түсіп жатса, кей ақындарда логикалық тұжырым мен шешендік қисын басым түсіп жатады. Ал егер шынымен зер салып аңдасақ, қай ақыннан да осы екі қасиет табылады. Неміс әдебиетінің классигі Теодор Фонтане: «О, научись думать сердцем, и научись чувствовать разумом» деп жазса, ол осы қасиеттің бір-біріне кереғар емес екенін, қайта осы екі қасиет бір ақыннан табылса, оның оқырманы бақытты екенін меңзегені болар. «Әдебиет пен өнердің басты міндеті – адам мен оның өмірі, сезімі туралы шындықты айту, жайшылықта айтыла бермейтін сырды ашу», деп академик Серік Қирабаев жазғандай, ақын осы міндетті барынша сезіну арқылы өзі де сергек тұлғаға айналады.
Міне, осы тұрғыдан келгенде, ақын Оразалин өлеңдері ойға да, сезімге де, ақыл мен парасатқа да, ең бастысы, қаламгерлік жауапкершілікке бай. «Өлең жазбау екен ғой бақыттылық, аузыңды бұзайын ба атып тұрып» деп жазған Жұмекеннің жанын жай өлеңшілер түсінбес. Ендеше, осынау ғажайып теңеулер мен эпитеттерге толы дүниені өмірге әкелу ананың толғағынан кем емес деп айтуға болар. Әр ақынның бақыты да, соры да осында ғой. Сондықтан да, ақын Нұрлан Оразалиннің өлеңдерін оқып отырғанда, олардың қаншалықты қиыннан қиыстырып, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін себебін сезінесіз. Бұл енді парасатты поэзия алдындағы жауапкершілік.
Қаламгердің заман алдындағы жа- уапкершілігі дегенде, оның шығармаларындағы шыншылдық пен көркемдік, идеялық және тақырыптық ізденістер сол ақынның жеке шаруасы ғана емес, яғни жеке адамның жалпыға ұмтылған, жалпының жалқыға игі әсер етер ықпалы түсініледі. Бұл бағытқа келгенде, ақын Оразалин ежелден өзінің заман алдындағы ақындық жауапкершілігін терең сезінген және сол сезінуді өлең арқауын құрауда әр кез есінен шығармаған, ақынның иығына түскен әлеуметтік жүкті көтерудегі азаматтық тұлғасын аласартпаған ақын:
Жолдан…
Шаңнан…
Қыраттардан…
Теңіздерден тулаған,
Бұлақтардан;
Түннен,
Шамнан сыр ақтарған,
Сабырсыз құрақ, талдан,
Қайыңнан жылап қалған,
Саябыр тауып оқшау
Еменнен құлап қалған,
Сені іздедім!
Өрімнен дүлдүл ұшқан,
Күндерден
Бір – ақ тарлан,
Төрімнен бұлбұл ұшқан,
Түндерден жырақ қалған;
Биіктен,
Ғарыштардан,
Жақыннан,
Жырақтардан,
Жұлдызды аспанымнан,
Нұр ақтарған,
Сені іздедім!
Іздедім мәңгілігім!
Мазасыз сұрақтардан,
Ақ айдын дәптерімнен,
Ақ толқын сәттерімнен –
Сырнайлы шақтарымнан,
Сырғалы түндерімнен
Жыр ақтарған.
Жетпісінші жылдардың басында жазылған бұл жырда ақынның ең алдымен өзін іздеуі, өзінің қоғамдағы орнын іздеуі бір қарағанда махаббатқа астасқан сырдай болып көрінсе, үңіле қарағанда ақынның заман тынысын сезінуге деген тынбас талпынысы айқын аңғарылады. Осылайша өзін өмірден іздеген ақын бірте-бірте, уақыт өте келе жаңа биік, жаңа арналардан өзін көрсете бастайды. Ақындық алып-ұшпа сезім мен көңіл-күй енді байсал тартып, ақылмен суарылып, қаламгер халықтық аудитория алдындағы сөзін бұрынғыдан да көркемірек, бұрынғыдан да тегеурінділеу, ең бастысы алға ұмтылған азаматтық болмыспен, қаламгерлік кредомен жырлауға көшті.
Ел сүйсе ақбоз аттай заулар бағың,
Еріңе сақ бол, інім, аудармағын.
Жер шеті тірелмейді Алатауға,
Ұмытпа! Таулардан соң таулар барын.
Ел-ана тең көргенмен балаларын,
Ел атын асқақтатар дана, дарын.
Жер беті таусылмайды Сарыарқамен,
Ұмытпа! Даладан соң дала барын.
Замана төккенімен көп ызғарын,
Ел-ана санайды ұлдың егіз бәрін.
Жер шеті шектелмейді Атыраумен,
Ұмытпа! Теңізден соң теңіз барын.
Кеңесіп, келіскенмен тәмам дарын,
Ала алмай келеді ойдың қамалдарын.
Соғады сағат тілі Мәңгілікке,
Ұмытпа! Адамнан соң адам барын.
Қай ақын тауыса алған жыр ғып бәрін,
Сарқып айт, сарайыңда сыр бұқпағын.
Саналар шарқ ұруда шартарапқа,
Ұмытпа! Құрлықтан соң құрлық барын.
Аптықпа! Айт дегенде – асырмағын,
Шаптықпа! «Шатағыңды» жасырмағын.
Анығын айтады әлі тарих өзі,
Ұмытпа! Ғасырдан соң ғасыр барын.
Шулайды... тарқамайды алаңдарым,
Зулайды... жеткізбейді замандарым.
Мынау ұлы дүние – тұтас, бүтін,
Ұмытпа! Ғаламнан соң ғалам барын.
Тыңдайды бейтаныс та, таныстарың,
Естиді аш-арығың, арыстарың.
Он сегіз мың ғаламың – көз бен құлақ,
Ұмытпа!
Құдай барын...
Ғарыш барын...
Күрделі өлең! Хрестоматиялық өлең! Күрделі өлеңді үлкен ақын ғана жаза алса керек. Жай, ақырын ғана басталған өлеңнің бірте-бірте рухани рупоры көтеріліп, ақыл-ой шекарасының ендіктері мен бойлықтарын дендеп, адамдардың өмір сүру ғұрпымыздағы кемшіліктер мен қайшылықтарды көзге шұқып, саусаған сілтеп көрсетпесе де, тірліктің бірлік, өмірдің ұжымдық түсіністік, заманның жер бетіндегі пенделерге ортақ жатақхана екенін тереңнен түсіндіріп тұрған жыр. Алатауды меншіктеп, Сарыарқаны бөлшектеп, Атырауды еншілеп ғұмыр кешудің залалы мен зиянын тартудай-ақ тартқан елдің әлі де психологиялық үркектік пен әсіресақтық қамыттан арылып болмаған халін бәріміз де білетін жағдайларды ақын бүгінгі замандық зердеде қарастырып отыр.
Бұл өлеңнің үлкен мағынасы мен мұратты мазмұны бар. Ал, ең бастысы, қарапайым жанға да, көкірегі көк тіреген пендеге де Бір Құдайыңды ұмытпа, он сегіз мың ғаламның бәрінде де көретін көз бар деген адами-имани идея ұсынған.
Ақын – заман шежіресін бедерлеуші. Заманның көңіл-күйін ақ қағазға түсіруші. Ол өз өлеңдері арқылы өзі бастан кешкен уақыт пен кеңістіктің қыр-сырын көңіл айнасына түсіріп, жылдар жылнамасын жырмен жазады. Оның тек тоқсаныншы жылдар ғана емес, ақынның одан кейінгі жылдарда жазған жырларын байыптап қарасақ, жаңа, үшінші мыңжылдықтың бастауындағы адамзат көңіл күйі мен арман-мүддесі, ғасырлар тоғысындағы тіршілік пен уақыттың арасындағы қоғамдық қарым-қатынас пен адамның беймаза көңілі, дүдәмал шақтары, алмағайып кезеңдегі аласапыран күндердің айқай-сүреңі мен күш пен билікке шексіз ұмтылудың келер болашаққа тигізер ауыр да алапат зардаптары ақын көңілін бірде мұзға, бірде жалынға айналдырады.
Қорқам қатты…
Өзімнен өзім кейде,
Бір сұрапыл ішімде безілдей ме?
Жүрегім атылатын жанартаудай,
Жұртым соны, япыр-ай, сезінбей ме?..
Жалғасардай ызғарлы желге құйын,
Осы ма еді?
Жоқшылық – келмек үйім?
Қызыл жалын кеудені қайнатуда,
Қарғыс атқыр күн туды елге қиын.
…Қорқам қатты…
Өзімнен өзім кейде,
Бір сұрапыл кеудеде безілдей ме?
Жүректер – атылатын жанартаудай,
Жанартауды мына жұрт сезінбей ме?!
Япыр-ай сезінбей ме?
Осы өлеңді ойланып оқып қарасаңыз, көп нәрсе көңілге келеді. Ең алдымен, заман жанартауының атылар сәті туды деп шыбын жаны шарқ ұрған ақынның кейпі көз алдымызға келеді. Заманның аумалы-төкпелі кезеңдегі адамзаттың айқаса ғұмыр кешіп, қысқа күнде қырықпышақ болып, пенделікке бой алдырған сәтін сезінген ақынның жан дауысын естисіз. Заман бастан кешіп отырған қатер мен кесапат мына жұртты неге сескендірмейді, ойландырмайды деп жаны жай таппаған ақынның алға ұмтылған азаматтық көзқарасын айқын аңғарасыз. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы...» демеуші ме еді абыз ақын. Сөз сарасы – ақынның көзқарасы. Сөз түзеліп, тыңдаушы да соған сай болатын уақыт келер ме екен? Заман өзгерсе де, заң өзгерсе де әлі өзгеріп үлгере алмай жатқан жұртымыздың болмысын бағамдап, алаң болған ақынның осындай өлең жазуы заңдылық.
Ақын Нұрлан Оразалиннің өлеңдері туралы, жалпы оның ақындық ерекшелігі мен көркемдік ізденістері туралы ойланғанда, ең басты айтар нәрсе, ол – төгіліп тұрған тамаша лирик. Лирика – поэзияның негізгі жаны, тамыры мен нәрі десек, оны да бірнеше түр мен мазмұнға, ішкі және сыртқы қуатының құндылығы мен мәнділігіне қарап бірнеше топқа шартты түрде бөлуге болады. Лирикада өлеңнің әуені мен сазын, ішкі динамикасын, ақынның айтар ойының нәзіктігі мен мазмұнын бір-біріне қабыстырып, лирикалық кейіпкердің ойымен ақынның айтар идеясы бірге өріліп жатады. Бұл, негізінен, Нұрлан Оразалин өлеңдеріне тән қасиет. Сезімде жатқан серпінді қуатты жеткізіп тұрған жырдың нәзік саусағы жүрек есігін қағады.
Нұрлан Оразалин өзінің қай өлеңінде де тек өзінің ғана ішкі сезімі мен ойын, арманы мен үмітін айтып отырғандай болғанмен, шын мәнінде, осы жырды оқыған адам ақынның осынау барлық сезімі мен ойын өзінің басынан кешкен халдей сезініп, туындының ішіне кіреді, ойындағысын табады немесе өзін мазасыздандырған өмірлік сұрақтарға жауап табады.
«Лирика – адам жанын, сол арқылы қоғам келбетін аса жіті ұғып, аса нәзік бейнелейтін ең бір сезімтал өнер. Оған тұрпайы социологияның атымен зақымы тиген жоқ десек, ол да ақиқатқа сыймас еді. Оның өлеңге жасаған қиянаты – жалғыз дәріпшілдік қана емес. Ең алдымен, лириканы адамның тебіреніп шыққан жан сырынан айырғанын, ондағы рухани белсенділікті, өзіндік дара үнді кеміткенін, лирикада адам бейнесі, лирикалық герой көрінбей кеткенін айтуымыз керек. Көптеген өлеңдерде жөнді-жөнсіз «біз» деп сөйлеп, жұрттың бәрі білетін жалпы ұғым, жалпы қағидаларды ұйқасқа түсіретін болды. Ара-тұра өлеңде «мен» кездескенмен, оның ар жағында өз ойы, өз пікірі, өз дүниетанымы бар дара сипатты адам көрінбеді. Тұрпайы социология тұсында өлеңге жасалған ең үлкен қиянат та осы еді», деп ой толғаған еді бір кезде ақын Әбіш Кекілбаев.
Қазіргі қазақ өлеңінің талантты ақындарының шығармаларын қарап отырсақ, олар енді бұл кінәраттардан арылған сыңайлы. Ақындық «мен» төрге шықты. Көрпелі ойдың көктеуі ой жастығына бас қойып келеді.
Себебі, қазіргі ақындарда білім мен білік, интеллектуалдық әлеует едәуір өсті. Ақпараттар ағыны алды-артын орады. Алты құрлық алақанға түсті. Өркениеттер тоғысының да игі әсерін бойына сіңіру арқылы қазақ өлеңі рухани-интеллектуал жағынан жаңа белеске көтерілді. Енді ұраншыл патетика мен жадағай эпосты жұрт, оқырман тапсырыспен жазылған жайдақ жыр деп қабылдайтын болды. Ал Нұрлан Оразалин жырында мұндай жағдай жоқ. Ол өзінің алған жолынан адаспайтын, өзінің ішкі адами қасиеті мен ақындық қуатына сенетін, өзгенің ықпалы мен әрекетін намыс көретін қаламгер. Мезгіл мінбесінен жиі көрінетіні де содан. Оның драматургиядағы, публицистикадағы, аудармадағы, қоғамдық қызметтің сан алуан саласындағы еңбектерін біз бүгін Оразалиннің ақындық орбитасында ғана қарап отырмыз. Шығармашылық ауқымы кешендік көлемге жеткен азаматтың тындырғаны ақындық іргетаста жатқаны даусыз.
Ақын Нұрлан Оразалиннің өлеңдеріндегі тақырыптық проблема жоқтың қасы. Қай өлеңінде де лирикалық тон басым болғандықтан, тақырыпты игеру оған бір қарағанда жеңіл болған сынды көрініп тұруы мүмкін. Алайда, өлең ақын жанының арпалысы мен шарпылысы болғандықтан, ол жырлардың туу, оқырманын тарту процесі табиғилықтан еш алшақ кетпейді.
Нұрлан Оразалин өлеңге кездейсоқ, ет пен терінің арасындағы желді шығару үшін келмеген ақын. Поэзияның алдындағы ақын жауапкершілігін барынша сезінген, барынша түсінген және әдебиет храмына арын да, аяғын да сүртіп кірген суреткер. Және қаламгерлік жауапкершілік пен парызды ерте сезінген азамат. Әйгілі некрасовтық қағиданы ұстанған ақын. Әйтпесе, үлкен азамат болмаса ол адамнан үлкен ақындық та шықпайды.
Ақындығы алаш жұртына адал қызмет етсе – абыройдың биігі, азаматтығы алаш жұртына адал қызмет етсе – бақыттың биігі. Екі биікке қатар шыққан қаламгерді мерейжасында құттықтап қойсақ, бұл – оқырманның құрметі.
Ол ақындық тұғырды атақ шығару үшін емес, азаматтық қоғамның тыныс-тіршілігін бедерлеу үшін қолданып, елеулі еңбек етіп келе жатқан қайраткер. Өлеңді серт сөз деп сезініп, өзінің өмірін өлеңіндей сазды, өлеңіндей мәнді де мағыналы ұстап келе жатқан кісі. Кісіліктің келбетін өлеңге көшіре алатын, кішіліктің орнын үлкендіктің үлгісіне сала алатын, аға ақындарға іні, жас ақындарға аға болған, толысқан талант. Ол туралы айтылған, жазылған әдеби-сын мақалалар мен талдауларды оқығанда түйгеніміз, Нұрлан Оразалин – қазіргі қазақ поэзиясының даусыз танылған қайраткер қаламгерлерінің бірі.
Адал сырдың ажарын, байыпты ойдың базарын, қоғамдық пікірдің назарын тарқата білген ақынға құрметпен қарау – кісіліктің қалыбы. Кісілік – жанын жақсылыққа бейімдеудің өкілі. Ендеше, жақсы жыр, алғаусыз сыр ақын жанын тербей берсін. Қайталап айтсақ, қапы кетпеспіз, сөз сарасы – ақынның көзқарасы. Елінің алдындағы еңбегін шығармаларымен шынайы көрсетіп келе жатқан ақынның жемісті жеті белесі миуалы баққа айнала бергей.
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты