• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Әдебиет 13 Маусым, 2017

Сөз сарасы – ақынның көзқарасы

597 рет
көрсетілді

Ақындығы алаш жұртына адал қызмет етсе – абыройдың биігі, азаматтығы алаш жұртына адал қызмет етсе – бақыттың биігі. Екі биікке қатар шыққан қаламгерді мерейжасында құттықтап қойсақ, бұл – оқырманның құрметі.

Өмірге мынау Өле бір ғашық болмасаң –  Өлең де, жыр да, болмас ән, – деп жырлаған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин бүгін жетпіс деген асқаралы асуды бағындырып отыр.  Бір кездері өзі бас редактор болып қызмет еткен «Егемен Қазақстан» газетінің  ұжымы, оқырмандары атынан қаламгерді мерейлі жасымен құттықтай отырып, ақын туралы Өтеген Оралбайұлының толғанысқа толы мақаласын жырсүйер қауымға ұсынамыз.

Ақын және заман. Ақын және ақиқат. Осынау телқоңыр терең ұғымдардың астарында көп сыр, көшелі пайым жатыр. Із кескен оқырман теңдес тіркестің тү­зілімін өлеңдерінен тапса, әдеби-ғы­лыми сараптамада ол жетістіктер қа­лам­гер­дің болмысы мен бітімін, оның өлең көк­жиегіндегі өзіндік орнын көрсетуден та­нылады. Бұл орайда ақын мен заман бір­тұтас ұғым ретінде қарастырылады. Нұрлан Оразалин поэтикасы туралы сөз дегеніміз, оның ақындық және аза­мат­тық келбетінің өлең атты қасиетті өр­­нектен бүтін бітімін көрсетуі деп қа­былдаймыз.

Біздер, қалқам, өлең атты елденбіз,

Жауыннанбыз…

Қайғыданбыз…

Желденбіз…

Мәңгіліктің үрлеп мәңгі майданын,

Ғасырлардың қойнауынан келгенбіз.

Жүрегімен күндіз-түні от өрген,

Кермекті артық көретұғын шекерден.

Қалқам, біздер өлең атты елденбіз,

Ақындықтың ауыр жүгін көтерген.

Нұрлан Оразалин бұл жырын 1991 жылдың шілдесінде жазған. Бұл за­манның тәуелсіздікке толғатып жатқан кез еді. Осы өлеңді зер салып, зерделеп қа­расақ, мұнда ақындық сезім мен аз­а­мат­­тық эстафета туралы авторлық анно­тация, ашық анонс бар. Ақын уақыт мін­бе­сінен сөз алып, азаматтықтың ауыр жү­гін жауапкершілікпен көтеріп келе жат­қан болмысын сезінген сеніммен серт сөйлейді. Бұл қаламгердің қарабайыр ұраны да, желге қашқан жыр-әні де емес, бұл ақындық азап пен тозаққа, жа- у­апкершілік пен міндетке пейіл берген, өлең атты қасиетті өнердің кепиетін қап­ысыз сезінген, оқырманға ой айту үшін маңдай терін сыпырған сарабдал ақынның жан толқынысы, жүрек маздағы.

Жалпы, ақындарды ойлы ақын, се­зімтал ақын деп шартты түрде бө­ліп жата­тын әдет бар. Әрине, бір ақын­дар­дың жырларында көңіл-күй ырғағы, сезімі басым түсіп жатса, кей ақындарда логикалық тұжырым мен шешендік қисын басым түсіп жатады. Ал егер шынымен зер салып аңдасақ, қай ақыннан да осы екі қасиет табылады. Неміс әдебиетінің классигі Теодор Фонтане: «О, научись думать сердцем, и научись чувствовать разумом» деп жазса, ол осы қасиеттің бір-біріне кереғар емес екенін, қайта осы екі қасиет бір ақыннан табылса, оның оқырманы бақытты екенін меңзегені болар. «Әдебиет пен өнердің бас­ты міндеті – адам мен оның өмірі, сезімі туралы шындықты айту, жайшылықта айтыла бермейтін сырды ашу», деп академик Серік Қирабаев жазғандай, ақын осы міндетті барынша сезіну арқылы өзі де сергек тұлғаға айналады.

Міне, осы тұрғыдан келгенде, ақын Оразалин өлеңдері ойға да, сезімге де, ақыл мен парасатқа да, ең бастысы, қаламгерлік жауапкершілікке бай. «Өлең жазбау екен ғой бақыттылық, аузыңды бұзайын ба атып тұрып» деп жазған Жұмекеннің жанын жай өлеңшілер түсінбес. Ендеше, осынау ғажайып те­ңеулер мен эпитеттерге толы дүниені өмірге әкелу ананың толғағынан кем емес деп айтуға болар. Әр ақынның бақыты да, соры да осында ғой. Сондықтан да, ақын Нұрлан Оразалиннің өлеңдерін оқып отырғанда, олардың қаншалықты қиыннан қиыстырып, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін себебін сезінесіз. Бұл енді парасатты поэзия алдындағы жауапкершілік.

Қаламгердің заман алдындағы жа­- у­ап­­кер­шілігі дегенде, оның шығар­ма­ла­рын­дағы шыншылдық пен көркемдік, идея­лық және тақырыптық ізденістер сол ақынның жеке шаруасы ғана емес, яғни жеке адамның жалпыға ұмтылған, жалпының жалқыға игі әсер етер ық­па­лы түсініледі. Бұл бағытқа келгенде, ақын Оразалин ежелден өзінің заман ал­дындағы ақындық жауапкершілігін те­рең сезінген және сол сезінуді өлең арқауын құрауда әр кез есінен шы­ғар­­маған, ақынның иығына түскен әлеу­мет­тік жүкті көтерудегі азаматтық тұлғасын ала­сартпаған ақын:

Жолдан…

Шаңнан…

Қыраттардан…

Теңіздерден тулаған,

Бұлақтардан;

Түннен,

Шамнан сыр ақтарған,

Сабырсыз құрақ, талдан,

Қайыңнан жылап қалған,

Саябыр тауып оқшау

Еменнен құлап қалған,

Сені іздедім!

Өрімнен дүлдүл ұшқан,

Күндерден

Бір – ақ тарлан,

Төрімнен бұлбұл ұшқан,

Түндерден жырақ қалған;

Биіктен,

Ғарыштардан,

Жақыннан,

Жырақтардан,

Жұлдызды аспанымнан,

Нұр ақтарған,

Сені іздедім!

Іздедім мәңгілігім!

Мазасыз сұрақтардан,

Ақ айдын дәптерімнен,

Ақ толқын сәттерімнен –

Сырнайлы шақтарымнан,

Сырғалы түндерімнен

Жыр ақтарған.

Жетпісінші жылдардың басында жазылған бұл жырда ақынның ең алдымен өзін іздеуі, өзінің қоғамдағы орнын іздеуі бір қарағанда махаббатқа астасқан сырдай болып көрінсе, үңіле қарағанда ақынның заман тынысын сезінуге деген тынбас талпынысы айқын аңғарылады. Осылайша өзін өмірден іздеген ақын бірте-бірте, уақыт өте келе жаңа биік, жаңа арналардан өзін көрсете бастайды. Ақындық алып-ұшпа сезім мен көңіл-күй енді байсал тартып, ақылмен суарылып, қаламгер халықтық аудитория алдындағы сөзін бұрынғыдан да көркемірек, бұрынғыдан да тегеу­рін­ділеу, ең бастысы алға ұмтылған аза­мат­тық болмыспен, қаламгерлік кредомен жырлауға көшті.

Ел сүйсе ақбоз аттай заулар бағың,

Еріңе сақ бол, інім, аудармағын.

Жер шеті тірелмейді Алатауға,

Ұмытпа! Таулардан соң таулар барын.

Ел-ана тең көргенмен балаларын,

Ел атын асқақтатар дана, дарын.

Жер беті таусылмайды Сарыарқамен,

Ұмытпа! Даладан соң дала барын.

Замана төккенімен көп ызғарын,

Ел-ана санайды ұлдың егіз бәрін.

Жер шеті шектелмейді Атыраумен,

Ұмытпа! Теңізден соң теңіз барын.

Кеңесіп, келіскенмен тәмам дарын,

Ала алмай келеді ойдың қамалдарын.

Соғады сағат тілі Мәңгілікке,

Ұмытпа! Адамнан соң адам барын.

Қай ақын тауыса алған жыр ғып бәрін,

Сарқып айт, сарайыңда сыр бұқпағын.

Саналар шарқ ұруда шартарапқа,

Ұмытпа! Құрлықтан соң құрлық барын.

Аптықпа! Айт дегенде – асырмағын,

Шаптықпа! «Шатағыңды» жасырмағын.

Анығын айтады әлі тарих өзі,

Ұмытпа! Ғасырдан соң ғасыр барын.

Шулайды... тарқамайды алаңдарым,

Зулайды... жеткізбейді замандарым.

Мынау ұлы дүние – тұтас, бүтін,

Ұмытпа! Ғаламнан соң ғалам барын.

Тыңдайды бейтаныс та, таныстарың,

Естиді аш-арығың, арыстарың.

Он сегіз мың ғаламың – көз бен құлақ,

Ұмытпа!

Құдай барын...

Ғарыш барын...

Күрделі өлең! Хрестоматиялық өлең! Күрделі өлеңді үлкен ақын ғана жаза алса керек. Жай, ақырын ғана басталған өлеңнің бірте-бірте рухани рупоры көтеріліп, ақыл-ой шекарасының ендіктері мен бойлықтарын дендеп, адамдардың өмір сүру ғұрпымыздағы кемшіліктер мен қайшылықтарды көзге шұқып, саусаған сілтеп көрсетпесе де, тірліктің бірлік, өмірдің ұжымдық тү­сі­ністік, заманның жер бетіндегі пенде­лер­ге ортақ жатақхана екенін терең­нен түсіндіріп тұрған жыр. Алатау­ды меншіктеп, Сарыарқаны бөлшектеп, Атырауды еншілеп ғұмыр кешудің залалы мен зиянын тартудай-ақ тартқан елдің әлі де психологиялық үркектік пен әсіресақтық қамыттан арылып бол­ма­ған халін бәріміз де білетін жағ­дай­­ларды ақын бүгінгі замандық зердеде қа­растырып отыр.

Бұл өлеңнің үлкен мағынасы мен мұратты мазмұны бар. Ал, ең бастысы, қарапайым жанға да, көкірегі көк тіреген пендеге де Бір Құдайыңды ұмыт­па, он сегіз мың ғаламның бәрінде де көретін көз бар деген адами-имани идея ұсынған.

Ақын – заман шежіресін бедерлеуші. Заманның көңіл-күйін ақ қағазға түсі­ру­ші. Ол өз өлеңдері арқылы өзі бастан кеш­кен уақыт пен кеңістіктің қыр-сырын көңіл айнасына түсіріп, жылдар жылнамасын жырмен жазады. Оның тек тоқсаныншы жылдар ғана емес, ақын­ның одан кейінгі жылдарда жазған жырларын байыптап қарасақ, жаңа, үшінші мыңжылдықтың бастауындағы адамзат көңіл күйі мен арман-мүддесі, ғасырлар тоғысындағы тіршілік пен уақыттың арасындағы қоғамдық қарым-қатынас пен адамның беймаза көңілі, дүдәмал шақтары, алмағайып кезеңдегі аласапыран күндердің айқай-сүреңі мен күш пен билікке шексіз ұмтылудың келер болашаққа тигізер ауыр да алапат зардаптары ақын көңілін бірде мұзға, бірде жалынға айналдырады.

Қорқам қатты…

Өзімнен өзім кейде,

Бір сұрапыл ішімде безілдей ме?

Жүрегім атылатын жанартаудай,

Жұртым соны, япыр-ай, сезінбей ме?..

Жалғасардай ызғарлы желге құйын,

Осы ма еді?

Жоқшылық – келмек үйім?

Қызыл жалын кеудені қайнатуда,

Қарғыс атқыр күн туды елге қиын.

…Қорқам қатты…

Өзімнен өзім кейде,

Бір сұрапыл кеудеде безілдей ме?

Жүректер – атылатын жанартаудай,

Жанартауды мына жұрт сезінбей ме?!

Япыр-ай сезінбей ме?

Осы өлеңді ойланып оқып қарасаңыз, көп нәрсе көңілге келеді. Ең алдымен, заман жанартауының атылар сәті туды деп шыбын жаны шарқ ұрған ақынның кейпі көз алдымызға келеді. Заманның аумалы-төкпелі кезеңдегі адамзаттың ай­қаса ғұмыр кешіп, қысқа күнде қырық­пы­шақ болып, пенделікке бой алдырған сә­тін сезінген ақынның жан дауысын ес­тисіз. Заман бастан кешіп отырған қа­тер мен кесапат мына жұртты неге сес­кендірмейді, ойландырмайды деп жа­ны жай таппаған ақынның алға ұм­тылған азаматтық көзқарасын айқын аңғарасыз. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы...» демеуші ме еді абыз ақын. Сөз сарасы – ақынның көзқарасы. Сөз тү­зеліп, тыңдаушы да соған сай болатын уақыт келер ме екен? Заман өзгерсе де, заң өзгерсе де әлі өзгеріп үлгере алмай жат­қан жұртымыздың болмысын бағам­дап, алаң болған ақынның осындай өлең жазуы заңдылық.

Ақын Нұрлан Оразалиннің өлең­дері туралы, жалпы оның ақындық ерекшелігі мен көркемдік ізденістері туралы ойланғанда, ең басты айтар нәрсе, ол – төгіліп тұрған тамаша лирик. Лирика – поэзияның негізгі жаны, тамы­ры мен нәрі десек, оны да бірнеше түр мен мазмұнға, ішкі және сыртқы қуатының құндылығы мен мәнділігіне қарап бірнеше топқа шартты түрде бөлуге болады. Лирикада өлеңнің әуені мен сазын, ішкі динамикасын, ақынның айтар ойының нәзіктігі мен мазмұнын бір-біріне қабыстырып, лирикалық ке­й­іп­кердің ойымен ақынның айтар идея­сы бірге өріліп жатады. Бұл, негізінен, Нұр­лан Оразалин өлеңдеріне тән қасиет. Се­зімде жатқан серпінді қуатты жеткізіп тұрған жырдың нәзік саусағы жүрек есі­гін қағады.

Нұрлан Оразалин өзінің қай өлеңінде де тек өзінің ғана ішкі сезімі мен ойын, арманы мен үмітін айтып отырғандай болғанмен, шын мәнінде, осы жырды оқыған адам ақынның осынау барлық сезімі мен ойын өзінің басынан кешкен халдей сезініп, туындының ішіне кіреді, ойындағысын табады немесе өзін мазасыздандырған өмірлік сұрақтарға жауап табады.

«Лирика – адам жанын, сол арқылы қоғам келбетін аса жіті ұғып, аса нәзік бейнелейтін ең бір сезімтал өнер. Оған тұрпайы социологияның атымен зақымы тиген жоқ десек, ол да ақиқатқа сыймас еді. Оның өлеңге жасаған қиянаты – жалғыз дәріпшілдік қана емес. Ең алдымен, лириканы адамның тебіреніп шыққан жан сырынан айырғанын, ондағы рухани белсенділікті, өзіндік дара үнді кеміткенін, лирикада адам бей­несі, лирикалық герой көрінбей кет­ке­нін айтуы­мыз керек. Көптеген өлең­дер­де жөнді-жөнсіз «біз» деп сөйлеп, жұрттың бәрі білетін жалпы ұғым, жалпы қағидаларды ұйқасқа түсіретін болды. Ара-тұра өлеңде «мен» кездескенмен, оның ар жағында өз ойы, өз пікірі, өз дүниетанымы бар дара сипатты адам көрінбеді. Тұрпайы социология тұсында өлеңге жасалған ең үлкен қиянат та осы еді», деп ой толғаған еді бір кезде ақын Әбіш Кекілбаев.

Қазіргі қазақ өлеңінің талантты ақын­дарының шығармаларын қарап отыр­сақ, олар енді бұл кінәраттардан арыл­ған сыңайлы. Ақындық «мен» төр­ге­ шықты. Көрпелі ойдың көктеуі ой жас­тығына бас қойып келеді.

Себебі, қазіргі ақындарда білім мен білік, интеллектуалдық әлеует едәуір өсті. Ақпараттар ағыны алды-артын орады. Алты құрлық алақанға түсті. Өркениеттер тоғысының да игі әсерін бойына сіңіру арқылы қазақ өлеңі рухани-интеллектуал жағынан жаңа белеске көтерілді. Енді ұраншыл патетика мен жадағай эпосты жұрт, оқырман тапсырыспен жазылған жайдақ жыр деп қабылдайтын болды. Ал Нұрлан Оразалин жырында мұндай жағдай жоқ. Ол өзінің алған жолынан адаспайтын, өзінің ішкі адами қасиеті мен ақындық қуатына сенетін, өзгенің ықпалы мен әрекетін намыс көретін қаламгер. Мезгіл мінбесінен жиі көрінетіні де содан. Оның драма­тур­гиядағы, публицистикадағы, аудар­мадағы, қоғамдық қызметтің сан алуан саласындағы еңбектерін біз бүгін Оразалиннің ақындық орбитасында ғана қарап отырмыз. Шығармашылық ау­қымы кешендік көлемге жеткен аза­мат­­тың тындырғаны ақындық ірге­тас­та жатқаны даусыз.

Ақын Нұрлан Оразалиннің өлең­де­ріндегі тақырыптық проблема жоқтың қасы. Қай өлеңінде де лирикалық тон басым болғандықтан, тақырыпты игеру оған бір қарағанда жеңіл болған сынды көрініп тұруы мүмкін. Алайда, өлең ақын жанының арпалысы мен шарпылысы болғандықтан, ол жырлардың туу, оқырманын тарту процесі табиғилықтан еш алшақ кетпейді.

Нұрлан Оразалин өлеңге кездейсоқ, ет пен терінің арасындағы желді шығару үшін келмеген ақын. Поэзияның алдын­да­ғы ақын жауапкершілігін барынша сезінген, барынша түсінген және әде­биет храмына арын да, аяғын да сүртіп кір­­ген суреткер. Және қаламгерлік жа­у­ап­кершілік пен парызды ерте сезінген аза­мат. Әйгілі некрасовтық қағиданы ұс­танған ақын. Әйтпесе, үлкен азамат болмаса ол адамнан үлкен ақындық та шықпайды.

Ақындығы алаш жұртына адал қыз­мет етсе – абыройдың биігі, азаматтығы алаш жұртына адал қызмет етсе – бақыт­тың биігі. Екі биікке қатар шыққан қа­лам­герді мерейжасында құттықтап қойсақ, бұл – оқырманның құрметі.

Ол ақындық тұғырды атақ шығару үшін емес, азаматтық қоғамның тыныс-тіршілігін бедерлеу үшін қолданып, елеулі еңбек етіп келе жатқан қайраткер. Өлең­ді серт сөз деп сезініп, өзінің өмі­рін өлеңіндей сазды, өлеңіндей мәнді де мағыналы ұстап келе жатқан кісі. Кісіліктің келбетін өлеңге көшіре алатын, кішіліктің орнын үлкендіктің үлгісіне сала алатын, аға ақындарға іні, жас ақындарға аға болған, толысқан талант. Ол туралы айтылған, жазылған әде­би-сын мақалалар мен талдауларды оқы­ғанда түйгеніміз, Нұрлан Оразалин – қа­зіргі қазақ поэзиясының даусыз таныл­ған қайраткер қаламгерлерінің бірі.

Адал сырдың ажарын, байыпты ой­дың базарын, қоғамдық пікірдің назарын тарқата білген ақынға құрметпен қарау – кісіліктің қалыбы. Кісілік – жанын жақсылыққа бейімдеудің өкілі. Ендеше, жақсы жыр, алғаусыз сыр ақын жанын тербей берсін. Қайталап айтсақ, қапы кетпеспіз, сөз сарасы – ақынның көзқарасы. Елінің алдындағы еңбегін шығармаларымен шынайы көрсетіп келе жатқан ақынның жемісті жеті белесі миуалы баққа айнала бергей.

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты