• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Театр 13 Маусым, 2017

Дәстүр дәріптелген алаң

194 рет
көрсетілді

КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы, әйгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің 85 жылдығы құрметіне арналған халықаралық V «Сахнадан сәлем!» театрлар фестивалі кеше елордалық Жастар театрында «Асауға тұсау» спектаклімен ашылды. «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылып отырған мәдени шара 17 маусымға дейін жалғаспақ.

Фестивальдың биыл елорда күні мерекесінен сәл ертерек бас­талып кету себебі, біріншіден, әлем көз тіккен ЭКСПО көрмесіне мерекелік шашу десек, екіншіден, одан кейін іле-шала КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің 80 жылдығына арналған Бірін­ші дүниежүзілік театр­лар фес­тивалінің шымылдығы түріл­гелі тұр. Оған Ресей, Қытай, Жа­пония елдерінен танымал өнер ұжымдары қатысады деп жоспарлануда. Ал дәстүрлі «Сахнадан сәлем!» фестиваліне оралсақ, сахна алаңында әртістердің бір-бірінен озық дәстүрлерді үйреніп, өзара тәжірибе алмасуына, кәсіби бір­лескен жобаларға қатысуға мүм­кіндік туғызған фестивальдың би­ыл­ғы ерекшелігі, сахна саң­лағы, театр абызы Әзірбайжан Мәм­бетов­тің мерейтойына арналуында.

Сарапшылыққа Германиядан ЮНЕСКО жанындағы театр сыншылары халықаралық қауым­дастығының мүшесі, театр сыншысы Нина Мазур, Грузиядан мемлекеттік «Илии» университеті жанындағы Қазіргі заманғы грузин театры зерттеу орталығының директоры, өнертану докторы Лаша Чхартишвили, Молдовадан Музыка, театр және бейнелеу өнері академиясының кафедра меңгерушісі, өнертану докторы, профессор Анджелина Рошка ат терлетіп жетсе, Қазақстан тарапынан драматург, өнертану кандидаты Еркін Жуасбек, Қазақстанның халық әртісі, режиссер Талғат Теме­нов, театртанушы Сәния Қаб­диева бар.

Бұл ретте тағы Жастар театры­ның «Асауға тұсау» туындысынан кейінгі эстафетаны «Соғыс» драмасымен жалғас­тыратын Әзер­байжан мемлекеттік жас көрер­мендер театры, 14 маусымда «Лю­бовь и голуби» комедиясымен шығатын Орынбор мемлекеттік М.Горький атындағы облыстық драма театры, 16 маусымда «Илегилек» психологиялық драмасын ұсынатын Бішкектің (Қырғызстан) «Тунгуч» жастар театры, сондай-ақ «Человек в футляре» қойылымын әкелген Санкт-Петербургтегі мем­ле­кеттік А.Брянцев атындағы жас көрермендер театры елорда фес­тиваліне алғаш рет қатысып отырғанын айта кеткен жөн. Со­нымен қатар, отандық өнер ұжым­дарынан мемлекеттік акаде­миялық М.Горький атындағы орыс драма театры «Мәңгүрт. Мәңгілік құл» мистериясын, Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театры «Шы­ңырау» драмасын, 15 маусымда фестиваль бағдарламасына сәйкес С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры «Қасірет...» психологиялық драмасын және Жамбыл облысының орыс драма театры «Дон Жуан» комедиясын көпшілік назарына ұсынбақ.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

АСТАНА