• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Маусым, 2017

Мектеп медиациясы қандай дауларды шешеді?

3250 рет
көрсетілді

«Қоғамдық пікір» зерттеу институты мен Қазақстанның саяси ғылымдар ассоциациясы бүгін Астанада К.Охридский атындағы София университетінің профессоры, халықаралық медиатор, саяси ғылымдар докторы Татьяна Дронзинамен кездесу өткізді.

Кездесу барысында «Мектеп медиациясы: проблемалары мен болашағы» атты тақырып талқыланды.

Әлем бойынша кең тараған медиация дауларды сотқа дейін реттеуді көздейтіні белгілі. Ал мектеп медиациясы ұғымы нені меңзейді? Халықаралық медиатор Татьяна Дронзинаның айтуынша, мектепте ата-ана мен мұғалім, мұғалім мен оқушы, басқа да мамандар арасында дау-дамайлар туындауы мүмкін. Ал кейде олар тым шектен шығып жатады.

«Ең алғаш мектеп медиациясы 1980 жылдары АҚШ-та пайда болған. Менің ойымша, білім саласындағы кез келген маман мектеп медиациясы ұғымымен таныс болуы керек. Мамандардың айтуынша, әр мектепте бес-алты медиатор болғаны жөн. Олар мектептегі кикілжідерді шешетін болады», дейді Татьяна Дронзина.

Оның айтуынша, мектептегі медиация – кешенді әдістеме. «Оның мақсаты – балаға тәрбие беру, білім беру салаларында қауіпсіз орта қалыптастыру. Яғни, осы саладағы кез келген субъект арасындағы дауларды шешуге медиацияның осы түрі атсалысады», дейді сарапшы.

Татьяна Дронзина айтып өткендей, бұл әдіс тек мектептерде ғана қолданылмайды. Сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие, ЖОО, орта білім беретін мекемелер, қиын балалармен жұмыс істейтін орталықтар үшін, ата-аналар үшін де пайдалы.

«Бұл әдістеме балалардың үлкен өмірге аяқ басуына, үлкен әлеуметтік ортаға тез бейімделуіне көмектеседі. Мектеп медиаторы ең алдымен білім беру саласында қызмет ететін адам болғаны жөн», дейді Дронзина.

Жиында белгілі болғандай, оларды дайындау модульді принцип бойынша белгілі бір бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады. Осы ретте бұл мамандарды психолог немесе әлеуметтік педагогтардан қалай ажыратуға болады деген сұрақ туындары сөзсіз. «Мектеп медиаторы ретінде ұстаз да, педагог, психолог, әлеуметтік педагог та қызмет ете алады. Мектеп медиациясы осы мамандықтарды толықтырып тұр деуге болады. Оның негізгі қызметі  - білім беру саласындағы адамдар арасындағы қарым-қатынастарды реттеу», дейді сарапшы.

Кездесу барысында саяси ғылымдар докторы медиацияның бұл түрі өте маңызды екенін ерекше атап өтті. Сондықтан да оның болашақта кең тарайтынына сенім білдірген медиатор қазірден бастап медиацияның осы түрін назарға алу керектігін атап өтті.

Естеріңізге сала кетсек, 2017 жылдың 26 қаңтарында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәми даулардың жекелеген санаттары бойынша оларды медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы ережеге қол қойған болатын. Ал мектеп медиациясы Қазақстан тәжірибесіне әлі енгізіле қойған жоқ.

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

«Егемен Қазақстан»