• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Медицина 15 Маусым, 2017

Электрондық медицина бойынша жаңа жобалар таныстырылды

155 рет
көрсетілді

Астанада «Қазақстанда электрондық денсаулық сақтауды дамыту» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Оған Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Электрондық денсаулық сақтауды дамыту» республикалық орталығы бас директорының міндетін атқарушы Олжас Әбішев, «Қазақтелеком» АҚ Ақпараттық жүйелер дирекциясының басшысы Жанар Мұрзаханова мен БАҚ өкілдері қатысты.

Конференция барысында Олжас Әбішев «Электрондық денсаулық сақтауды дамыту» республикалық орталығының Дүниежүзілік банк, «Қазақтелеком» АҚ және ЮНИСЕФ-пен бірігіп әзірленген бірнеше жобаны таныстырды. Олардың қатарында бала күтіміне және патронажға арналған қосымша да бар.  

«2017 жылдың соңына дейін патронаж мейірбикелері мен жас ата-аналардың кішкентай балаларға күтім жасауына көмектесуге арналған арнайы мобильді қосымша іске қосылады. Осыған ұқсас қосымшалар Ұлыбритания, Австрия, Шығыс Еуропа елдерінде пайдаланылады», деді Олжас Əбішев. Оның айтуынша, биыл қараша айында іске қосылатын бұл жоба Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесіп әзірленген.

Жиын барысында белгілі болғандай, "Патронаж мейірбикесі" мобильді қосымшасын пайдалану бала туралы деректерді толтыру жұмыстарын жеңілдетеді. Яғни, мейірбикелер үй жағдайында балаға көбірек көңіл бөлетін болады. «Бала екі жасқа толғанша ата-ана үй жағдайында баланы қаратып, мейірбике сол жерде отырып мәліметтерді қосымшаға енгізе алады. Сондай-ақ онлайн-режімде баланың жағдайы туралы мониторинг жасау мүмкіндігі туады», дей     ді бас директордың міндетін атқарушы.

Жиында таныстырылған екінші жоба – Электрондық денсаулық төлқұжаты. Оны Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп әзірлеген.

«Емделушілерге арналған Электрондық денсаулық төлқұжаты (ЭДТ) әр адамға өз денсаулығы туралы ақпаратты, дәрігерлердің ұсыныстары мен ескертулерін, клиникалық шешімдерді көруге мүмкіндік береді», дейді Олжас Әбішев.

Бір айта кетерлігі, жобаның дәрігерлерге және емделушіге арналған екі нұсқасы болады. Мысалы, халықаралық стандарттар мен дәрігерлер этикасына  сәйкес емделушіге диагнозды белгілі бір психологиялық дайындықтан кейін хабарлайтын жағдайлар болуы мүмкін. Ондай жағдайда ақпарат емделушіге дәрігерлер консилиумынан кейін 20-25 күннен кейін қолжетімді болмақ.  

Денсаулық сақтау министрлігінің «Қазақтелеком» АҚ–мен бірлескен жобаларының бірі – Бірыңғай электрондық пошта сервисі. Ұлттық mail.kz электрондық сервисінің порталында @med.mail.kz атты домен денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне арналмақ. «Аталған сервис барлық медицина қызметкерлеріне бірыңғай ақпарат алмасуға мүмкіндік береді», деді «Электрондық денсаулық сақтауды дамыту» республкалық орталығының бас директорының міндетін атқарушы. Бұл жоба биылғы жылдың соңында іске қосылып, 2018 жылы барлық медицина қызметкерлеріне қолжетімді болады деп жоспарлануда.

«Бұл қызмет арқылы медицина қызметкелері Қазақстан бойынша кез келген әріптесіне поштамен хат жібере алады. Қазір олардың саны республика бойынша 220 мыңнан асты. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі де осы қызмет арқылы қызметкерлерге тікелей хат жолдау мүмкіндігін алады», дейді Олжас Әбішев. Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрі Қазақстан бойынша барлық денсаулық сақтау мамандарына құттықтау хатын жолдап көрген.

«Қазақтелеком» АҚ Ақпараттық жүйелер дирекциясының басшысы Жанар Мұрзаханованың айтуынша, бұл жоба домені Қазақстанда болғандықтан, ақпарат алмасу жылдамдығы өте жоғары болады.

 «Медицина саласы мәліметтерді сақтаудың және алмасудың жоғары қуаттылығын талап етеді. Аталған жоба қызметкерлердің ұсыныстары бойынша жаңартылып отыратын болады», дей келе Жанар Мұрзаханова Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп тағы бірнеше жоба қолға алынғанын атап өтті.

«Қазақтелеком»АҚ Министрлікпен бірлесіп дәрігерлерге электрондық түрде жазылу, дәрігерлер мен емханалар рейтингі секілді жобаларды қарастыруда. Сонымен қатар емханалардың бухгалтерлік есеп жобасын ерекше атап өтуге болады. Ол бюджеттік процестердің айқындығын қамтамасыз ету және медициналық ұйымдар қызметінің қаржылық-шаруашылық қызметін есепке алуды қамтамасыз ету мақсатында министрлікпен бірлесіп жүзеге асырылуда», деді Жанар Мұрзаханова.

Бұл жобаның басты ерекшелігі – Денсаулық сақтау министрлігі емханалардың бюджетті игеруін бақылап, тіпті, кассалардағы қызметтер туралы да мәлімет алып отыратын болады

Естеріңізге сала кетсек,  «Электрондық денсаулық сақтауды дамыту» республкалық орталығы - Қазақстан бойынша денсаулық сақтау саласын ақпараттандыруға және ақпараттық жүйелерді дамытуға жауап беретін Денсаулық сақтау министрлігінің құрылымдық бөлімі.

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

«Егемен Қазақстан»