Еуразиялық медиа-форумның халықаралық пікірсайыс алаңы ретінде он бес жылдан бері 60-тан астам мемлекеттің 600-ден астам өкілдерінің басын қосып, Қазақстанның төрінде үн қатып келе жатқанын білеміз. Биылғы медиа-форумның бір ерекшелігі – ол ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында өтіп, соның Конгресс-орталығында жұмысын жүргізетін болады. Осы көрменің өзі де Батыс пен Шығыстың арасындағы аралас-құраластықты ғана емес, ортақ проблемаларды шешудің озық тәсілдерін, әсіресе, экономикалық мәселелердің шешімін табуда ұтымды жолдарды іздейді емес пе?! Енді медиа-форумның қалай жұмыс істейтіндігіне тоқтала кетейік. Маусымның 22-сі күні медиа-форум жұмысын алдымен «Шығармашылықпен ойлау контент пен сауданың өрістеуін қалай қолдайды» деген тақырыпта шеберлік-сабағын өткізуден бастайды. Оны Англияның «Файнэншл таймс» газетінің арнаулы өкілі Дэвид Эплфид жүргізеді. Одан кейінгі шеберлік-сабақтарын да ұлыбританиялық өкілдер жүргізетін болады. Мәселен, «Медиадағы табысты науқанның тетіктері» тақырыбындағы шеберлік-сабағын Ұлыбритания Премьер-министрі баспасөз қызметінің бұрынғы басшысы Джайлис Кенингам, «Бизнес-жаңалықтар және жаңалықтардағы бизнес» деген тақырыптағы шеберлік-сабағын халықаралық «Bloomberg» агенттігінің халықаралық директоры Тодд Байер және т.б. жүргізеді. Медиа-форум жұмысының ашылып, пленарлық отырыстары басталатын күні – 23 маусым. Оны «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов құттықтау сөзбен ашады. Одан кейін Еуразиялық медиа-форумды ұйымдастыру комитетінің төрайымы, сенатор Дариға Назарбаева сөйлейтін болады. Алғашқы отырыс «Көпірлер тартқан ба әлде қабырғалар тұрғызған қолайлы ма?» деген тақырыпта әлемдік жаңа тәртіпке арналады. Мұнда жаһандық тәртіпті ескі қағидаттан жаңа сападағы өзгеріске өткізудің сценарийлері қандай болуы керек деген мәселелер қозғалады. Соның ішінде әлемдік картаның трансформациясы, қатерлер мен қорытындылар туралы ойлар ортаға салынады деп күтілуде. Қазіргі әлем тұрақсыздықтың қатерлеріне жауап бере ала ма, жаһандық интеграциялардың өзгерісі ескі жағдайдан әлемдік жаңа тәртіпке көшіре ала ма деген сияқты пікірлер айтылып, оларды басқалардың қалай қабылдайтындығы осы пікірсайыстарда көрінетін болады. Отырыстың модераторы болып, Ұлыбританияның танымал тележүргізушісі Ник Гоинг белгіленген. Ал спикерлер қатарында Еурокомиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэль Боррозу, Түрік Республикасының 11-президенті Абдолла Гүл, АҚШ-тың БҰҰ-дағы бұрынғы елшісі Билл Ричардсон, Ресей Мемлекеттік Думасының халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Леонид Слуцкий сөйлейді деп күтілуде. Екінші жалпы отырыстың тақырыбы «Болашақтың энергиясы: жасыл экономиканың қуаты» деп аталып, ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбын қаузаған. Онда болашақтың энергиясының басымдықтары, тиімділіктері туралы әңгімелер айтылмақшы. Модераторы Ресейдің РБК телеарнасының жүргізушісі Андрей Левченко болып белгіленген бұл отырыста Үндістаннан шыққан Нобель сыйлығының лауреаты Раджендра Пачаури, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, АҚШ-тың Колумбия университетінің профессоры Грасиэла Чичилниски, Қазақстанның қайталама энергетика қауымдастығының бас директоры Арман Қашқынбеков және Орталық Азиядағы ЮНЕП (UNEP) офисінің басшысы Наталья Алексеева сөйлейтін болады. Үшінші жалпы отырыстың тақырыбы «Азия экономикалық ғажайыбының құпиялары» деп аталған. Онда Азияның озық экономикалық елдерінің ғаламдық дағдарысқа қалай төтеп беріп, тұрақтылығын сақтап отырғандығы туралы сөз болады. «Азия барыстарының» жалпыәлемдік қаржы дағдарысы кезінде экономикалық өсімді сақтап отыруының сыры неде? Қытай мен Азияның басқа да индустриялы дамыған елдерінің жоғары даму қарқынының тұрақты болуына қандай әдіс-тәсілдер, амал-айлалар әсер етіп отыр деген мәселелер медиа жұлдыздардың аузымен қалай бағаланатындығы ерекше қызықты болатыны сөзсіз. Отырысты жүргізу құрметі халықаралық «Bloomberg» агенттігінің бас директоры Тодд Байерге жүктеліпті. Ал сөйлейтін шешендер қатарында Сингапурдегі Ли Куан Ю мектебінің аға ғылыми қызметкері Параг Ханна, «Астана» қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов, АҚШ-тың «Еуразия» қоры кеңесінің мүшесі Арюна Намсраи, Қытайдағы қосылу және жұтылу нарықтары қауымдастығының төрағасы Ванг Вей, Ресейдің «Сбербанк» басқармасының төрағасы Герман Греф енген. Бұдан әрі де төрт жалпы отырыс болады деп күтілуде. «Ақиқаттың жеңетін уақыты бола ма?» деген төртінші отырыстың модераторы болып Катардың «Әл-Жазира интернейшнл» телекомпаниясының жүргізушісі Джейн Даттон белгіленген. Спикерлер қатарында Қазақстанның Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Ұлыбританияның «Trafalgar Strategy» телеарнасының негізін қалаушы Джайлс Кенингам және басқалар бар. Барлық отырыстардың тақырыптары да адамзат тағдыры үшін өте өзекті мәселелерді қамтыған. Солардың ішінде бесінші отырыста қаралатын «Сирия дағдарысы: соғыстың аяқталар шағы бола ма?» деген тақырып та барынша маңызды екені даусыз. Бұл отырыс 24 маусым, сенбі күніне белгіленген. Онда Сирия проблемасын шешудің саяси жолдары бар ма, кикілжіңге араласып отырған үлкен державалардың арасында ымырашылдық бола ма деген сияқты мәселелер талқыға салынбақ. Отырыстың модераторы – Эдуард Шеварднадзенің немересі, Мәскеудегі халықаралық RT («Russia Today») телеарнасының жүргізушісі Софико Шеварднадзе. Ал спикерлер қатарында Түркияның экс-президенті Абдолла Гүл, Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Израиль ұлттық қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Гилад Шер, Иранның Таяу Шығыс стратегиялық зерттеулер институтының директоры Кайхан Барзегар және т.б. болады. 6-8 отырыстар да осы, сенбі күніне белгіленген. Олардың тақырыптары бейбіт өмірге, экономикалық даму проблемаларын қамтуға бағытталған. Соның ішінде алтыншы отырыстың тақырыбы – «Капитал, еңбек және интеллект – ертеңгі күннің үш киті» деп аталса, жетінші отырыс «Цифрлық төңкеріс» тақырыбын қамтыған. Ал соңғы отырыстың тақырыбы «Жайлы жаһандағы өмір» деп аталады. Бұл отырыстардың модераторлары мен спикерлері де азуын айға білеген саясаткерлер, публицистер және халықаралық көзқарасты қалыптастыруға ықпал етіп жүрген атақты медиалардың басшылары. Мәселен, Ресейдің ИТАР ТАСС ақпарат агенттігі бас директорының бірінші орынбасары Михаил Гусман, АҚШ-тың экс-конгрессмені Дон Бонкер және т.б. Сөйтіп, елімізде тағы бір халықаралық маңызды шара өзінің есігін кезекті рет ашқалы отыр. Онда айтылған әлемдік озық ойлар мен пікірлерді қазақстандық жас журналистер мен саясаткерлердің естіп-білуі өздері үшін үлкен табыс болары сөзсіз.
Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»