Кәсіпкерліктің көкжиегін көтеру ісі де осы қатарда тұр. Биылғы Жолдаудың басты өзгешелігі – бұл мәселелердің әлемдік ауқымдағы бүгінгі заманғы үрдістермен тығыз ұштастырылуында. Ақтөбе облысы кәсіпкерлері палатасының директоры Нұрлыбек Мұқановпен әңгіме осы бағытта өрістеді.
– Біз Елбасының сарабдал саясатының арқасында бүгінгі заманғы, қашанда достыққа арқа сүйейтін, кім-кімге де ашық түрдегі Қазақстанды құру жолындамыз. Жолдаудағы келелі міндеттер жұмыстарыңызға серпін бере алды ма?
– Өте орынды сұрақ қойып отырсыз. Бүгінгі күні әлемдік қауымдастық бізді дамушы әрі болашағы зор ел ретінде тани бастады. Егер ойымды әңгімеміздің басты тақырыбы бизнеске қарай бұрсам, бүгінгі күні «Маde in Kazakhstan» деген тауарлық белгі соғылған азық-түлік өнімдері барша әлем жұртшылығына ұсыныла бастады десем, шындықтан алшақ кете қоймаспын. Мұны біріншіден Мемлекет басшысының отандық өнімді қолдай білуінің нәтижесі әрі оған деген шын жанашырлығының көрінісі деп ұғынуымыз керек шығар. Сөз жоқ, мұндай қолдау агроөнеркәсіп кешенін қоса алғандағы өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға үлкен септігін тигізе алады.
– Жолдауда көрсетілген екінші басымдық бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту екені белгілі. Сонымен бірге, Президент елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде елу пайызға жеткізу міндетін қойды. Осы өте өршіл мақсатқа байланысты не айтар едіңіз?
– Менің ойымша, дәл осы басымдықта отандық бизнесті дамытудың барлық жинақтаушы факторлары түгелге дерлік қамтылған. Кәсіпкерлер палатасында қызмет жасай жүріп мен іс жүзінде қаржылық қолжетімділік мәселелерімен күн сайын бетпе-бет келіп жүрмін. Бизнес ортаның өкілдеріне әр түрлі негізсіз талап қойғысы келетін тексеруші органдар да кездесіп тұрады. Тіпті екі арада қосымша жүктеме арқалайтын сәттеріміз де жеткілікті. Сондай-ақ, әр түрлі тексеруші органдардың тым біржақты шешім қабылдайтын кездері де орын алып тұрады. Мұндай жағдайда кәсіпорынның келешектегі тағдыры күмәнді болып қала бермек. Айтайын дегенім – бизнес өкілдеріне алаңсыз өнім өндіруге жағдай туғызылса, Елбасы айтқандай көрсетілген міндетке қол жеткізуге әбден болады.
Қалай дегенде де қазіргі күнге дейін бизнестік ортада жүргендердің заңсыз талап-тілектері бірқатар жағдайларда аяқсыз қалып келгені жасырын емес. Егер нақты мысалға кезек берсем, өткен жылы өңірде кәсіпкерлер ұсыныстарының дені прокуратура органдары тарапынан қолдау тауыпты. Сөйтіп, бизнесмендердің заңды құқықтары қалпына келтіріліпті. Біздің Палата 2013 жылдың қазан айында құрылған еді. Содан бері сот сатылары арқылы 6,5 миллиард теңгенің мүліктік құқы қорғалыпты. Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, бизнестің барлық шығынын жаппай азайту жөнінде шаралар қабылдау керектігі жөнінде тапсырма бергені үлкен сенім туғызады. Мұндай жағдайда ел экономикасындағы шағын және орташа бизнестің үлесін Президент көрсеткен межеге жеткізу мүмкіндігі де біршама жақындай түседі.