Бұл құрылыстың алғашқы кезегі «Нұрлы жер» бағдарламасының қанатқақты жобасы аясында бой көтеріп келеді. Аталған ауқымда жалпы саны 2529 отбасы қоныс тойларын тойламақ. Құрылыстың алғашқы кезегі бойынша белгіленген жиырма үй алдымыздағы тамыз-қыркүйек айларында тапсырылады деп күтілуде. Ал оның екінші кезегінде 194 аз қабатты тұрғын үй салынбақ. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жеке тұрғын үй құрылысына жергілікті құрылыс материалдары қолданылады. Бұл өз кезегінде құрылыстың өзіндік кұнының арзан болуына септігін тигізеді. Әрі өңірде құрылыс индустриясының бұрын-соңды болмаған кең деңгейде дамуына алғышарт қалайды. Осы арқылы құрылыс материалдарын шығаратын меншік нысандарын жүз пайыз жүктемемен қамтуға жол ашылады. «Нұрлы жер» бағдарламасының ел-жұртқа тигізетін басты шапағатының бірі – жер телімдерін алу үшін кезекке тұрған азаматтардың кезегін қысқартуға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні облыс орталығында 111 мың 570 адам жер телімі кезегінде тұрғанын ескерсек – бұл мәселенің қаншалықты күрделі, қаншалықты өзекті және қаншалықты көкейкесті екендігін байыптау аса қиынға түспейді. Бір сөзбен айтқанда, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында баспаналы болғандар «Бір оқпен екі қоянды атады», яғни олар жер теліміне де, тұрғын үй кілтіне де бір мезгілде қатар ие бола алады. Сірә, мұндай мүмкіндік егемен еліміздің арғы-бергі тарихында бұрын-соңды болып көрмеген шығар. Міне, «Нұрлы жердің» шапағаты! Әлгінде айтып өткенімдей жер телімі кезегінде тұрғандар саны аз емес. Оны тек аз қабатты тұрғын үй тұрғызу арқылы азайту еш мүмкін емес. Сондықтан да, өңірде осы түйінді де түйткілді мәселені оңтайлы шешудің өзге де жолдары қарастырылуда. Айталық, жер кезегіне 2006 жылы тұрған тұрғындардың біраз бөлігі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй алуға өтініш беріп отыр. Олардың құжаттары – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» жолданды. Биыл облыс орталығының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы бойынша 36 жобаны жүзге асыру белгіленген. Осы жобалардың бірқатары жеке тұрғын үй құрылысы мәселелеріне бағытталған. Қазіргі кезде осы бағыттағы учаскелерге инженерлік желілер жүргізу ісі басталды. Оның бәрі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бой көтермек. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласында «Нұрлы жер» шеңберінде тұрғын үй салушыларды ынталандыру шаралары қолға алынды. Бұл бағыт бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалы, «Сбербанк» және «Соллерс» ЖШС арасында тиісті келісімге қол қойылды. Мұның өзі республика облыстары арасында жүзеге асқан тұңғыш ынтымақтастық туралы келісім екенін айтқан жөн. Облыста соңғы бес айда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 204 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру кестесі бұзылған жоқ. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бауыржан Жуасбаев салымшылар өз пәтерлеріне қолжетімді несие арқылы ие бола алатынын мәлімдеп отыр. Бүгінгі кезде облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан несиелік тұрғын үй құрылыстары қарқынды жүргізілуде.
Серік ТӨЛЕНБЕРГЕНОВ, Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы