• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2017

Төрінен қонақ үзілмейтін үлкен үй

495 рет
көрсетілді

Кез келген қаладағы келімді-кетімді жолаушыларға лайықты қызмет көрсетіп, адамдардың демалуы мен жүріп-тұруына жағдай жасау – жауапты міндет. Әлемнің дамыған елдері бұл бағыттағы жұ­мыстарды логистикалық карта аясында жүргізіп, қонақ қабылдау мен қызмет көрсетудің де озық үлгі­лерін қалыптастырып отыр. Яғни, туризмнің дамуына күш, қай­рат, қаржы жұмсау арқылы оны есе­леп қайтарып алу қамында көптеген жұ­мыстар жасалуда. Қуанарлығы, еліміздегі логистика бағытындағы дамыту жұмыстары өз деңгейінде жүріп жатыр. 

Жалпы, «Әлемнің логистикалық картасы» деген ұғымның қолданысқа енгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Бұл қазіргі уақыттың стратегиялық құжаты санатындағы бағдар. Өйткені, экономикалық интеграция дәуірінде ел мен ел, құрлық пен құрлық арасындағы тауар алмасу мен сауда-саттық байланыстарының маңызы артып отыр. Құлаққа сіңісті болған жаһандану ұғымын былай қойғанда, мемлекеттер арасындағы іскерлік, өндірістік байланыстарсыз қазіргі әлемді елестету қиын. Ал осы логистикалық картаның маңыздылығы неде? Мәселен, ғаламшардың екі бөлігіне орналасқан дамыған мемлекеттер арасындағы қандай да бір тиімді келісімдердің толыққанды жүзеге асуы үшін оларға үшінші мемлекеттің көмегіне жүгінуге тура келетіндігі анық. Бұл жағдайда үшінші ел үшін мүмкіндік көзі ашылмақ. Аумақтық ерекшеліктерге сай ішкі қызмет көрсету тетіктерін іске қосудың тиімді жолдарын таңдаған елдер үшін бұл экономикалық табысқа жетудің де жолы болмақ. Хош делік...   Дүниежүзінде «Көлік логистикасы», «Көлік хабы» деген терминдердің кең таралғанын және оған ерекше маңыз беріліп отырғандығын айттық. Ал логистиканың түпкі негізі «Барлығы адамдар үшін, адамдардың лайықты өмірі үшін...» қағидасынан бастау алатынын ескерсек, мемлекеттер жалпы адамзат баласының игілігі үшін қолдан келгеннің барлығын жасауы тиіс. Дәл осы қағидаттың көрінісін және ең озық үлгісін елордамыз Астанадан анық  байқаймыз. Соның жарқын мысалы әуежайдан басталады. «Құрметті жолаушылар! Біз мінген ұшақ Астана қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына келіп қонды. Қош келдіңіздер...» Ендігі жерде Астананың әуе кеңістігіне енген барлық бағыттағы ұшақ бортындағы алғашқы хабарлама жолдары осылайша айтылатын болады. Өйткені, ел Үкіметінің 2017 жылғы 20 маусымдағы № 381  қаулысына сәйкес Астана халықаралық әуежайына Елбасы, Қазақстан Республикасының  Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді... Осылайша әлемнің әуе кеңістігі арқылы жолаушылар мен жүк тасымалдау қызметіндегі хабарламаларда өзгеріс орын алып, дүниежүзінің барлық тілінде «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» атауы айтылатын болды. Иә, біз қателесіп отырған жоқпыз, әлемнің адам мен адам ұғыса алатын және жазбаша тілдерінде Елбасы атындағы Астана әуежайының атауы жүреді. Қараңыз, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан ТМД елдерінің Мәскеу, Ташкент, Омбы, Санкт-Петербург, Красноярск, Киев, Минск, Екатеринбург, Баку, Новосібір қалаларына тұрақты рейстер ұшады. Мұның сыртында Франкфурт, Вена, Әбу-Даби, Ыстанбұл, Бейжің, Анталия, Үрімші, Шарджа, Лондон, Бангкок қалаларына тікелей рейстер тағы бар. Әуежай «Эйр Астана», «СКАТ», «Жетісу», «Бек Эйр», «Трансаэро», «Люфтганза», «Этихад Эйруэйс», «Австрия авиажелілері», «Туркиш Эйрлайнз», «Аэросвит», «Узбекистон Хаво Йуллари», «Белавиа», «Украина халықаралық авиажелілері», «Чайна Саузен Эйрлайнз», «Эйр Арабия», «Ресей Аэрофлот» желісі сияқты көптеген отандық және шет мемлекеттердің әуекомпанияларымен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Айтпақшы, Астана қаласының әуе­жайы 1931 жылы салынып бітіп, ашыл­ға­нын білесіз бе? Сол көне әуежай Еу­разия кеңістігіндегі заманауи әуе­жай­лардың біріне айналды. Қазір әуе та­сымалы қызметінде кірпік қақпай қыз­мет етуге толықтай көшкен әуежай был­тырғы жылы 3 миллион 419 мың 484 жолаушыны күтіп алып, шығарып сал­са, 49 365 рет үздіксіз ұшақ рейсін  қабылдаған. Осындай деректердің арасынан елордаға ұшақпен ұшып келушілердің қатары жаз айында еселеп артады деген айғақ кездестіріп қалдық. Астана тұрғындары біледі: елорданың әсем безендірілген көшелері мен мәдени-демалыс орындарындағы адамдардың қарасы маусым, шілде, тамыз айларында толастаған емес. Демек, Астана қаласы – жерлестеріміз бен шетелдік қонақтар үшін төрінен қонақ үзілмейтін үлкен үй, берекелі босаға болып асқақтай береді...