«Кітапхана» арт-галереясы мен Әуезхан Қодар атындағы зияткерлік клубы қазақстандық арт-қауымдастықтың туындыларын көпшілікке кеңінен таныстыру мақсатында өткен көрмеде тақырыбы, жанры және стилі сан алуан суретшілердің айрықша туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Отандық алты бірдей автордың кескіндеме, графика, кестеленген картина, сәндік-қолданбалы өнер сияқты дәстүрлі бейнелеу өнер түрлерімен қатар, инсталляция, сомдау сияқты жаңа түрлері де өнерсүйер қауымға таныстырылды. Қазақстандық бейнелеу өнерінің талантты өкілдерін тек елімізге ғана емес, әлемге де таныту мақсатында көптеген іс-шаралар атқарыла бастағанын айтқан «Кітапхана» арт-галереясының жетекшісі Дина Досполова: «Қазіргі уақытта тек бейнелеу ғана емес, басқа да өнер түрлеріне, сол өнер иелерінің ұлттық сипаттағы айрықша туындыларына деген көпшілік назарын халықаралық деңгейге көтеру арқылы мәдениетімізбен қатар, экономикамызды да көтере түсуге мүмкіндік бар», деді. Көрмеге жиналған қауым туындылары Париждегі әйгілі Лувр мұражайының көрме залдарына қойылған жас суретші-пейзажист, әлемнің айтулы байқауларының жеңімпазы Анар Әбжанованың еңбектерімен қатар, ежелгі қазақ кестесінің негізінде жаңа өнер түрі саналатын «біз кестені» ойлап табушы Зейнелхан Мұхамеджанның да жұмыстарын тамашалады. Сондай-ақ, суретші-зергер әрі мүсінші Сержан Башировтің сүйікті композициялық тәсілі – ағаштарды түрлі тәсілмен әрі қарама-қарсы фактурадағы күміс, тас, сүйектермен үйлестіре қолданған еңбектері де келушілердің ыстық ықыласына бөленді. Авторлық техникасының арқасында танымал болған кескіндемеші Оразбек Есенбаевтың да қоршаған ортаның дәлме-дәл көшірмесін бере білу қабілеті, поэтикалық шығармашылығы ежелгі ұйғыр халқының сәндік асқабақтардан қуыршақ жасау өнерінен бастау алатын ұйғыр суретшісі Хашим Құрбанов кескіндемелері, мүсінші, дизайнер Арман Баймұратовтың шығармашылық нақышы, реализм мен абстракцияның тоғысуынан туындаған жұмыстары да көпшілікті тәнті етті.
Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ