• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Маусым, 2017

Әскерилер өнері көпшілікті тәнті етті

202 рет
көрсетілді

Астанада әскери оркестрлердің халықаралық әскери фестивалі өтті. Гала-концертпен өз мәресіне жеткен VІ халықаралық «Әскери керней» фестивалі «Қазақстан» спорт сарайында еліміздің ішкі істер органдарының 25 жылдық белесіне арналған болатын.

Осымен алтыншы рет ұйымдастырылып жатқан бұл байқауға еліміздің маңдай алды әскери оркестрлерімен бірге көрші Қытай мен Ресейдің үздік әскери өнер ұжымдары қатысты. Ал іріктеу сындарынан сүрінбей өткен үздік әскери оркестрлердің қатарында Ұлттық ұланның үлгілік көрсетімді оркестрі, Әскери институттың оркестрі, Ұлттық ұланның «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының әскери оркестрлері өз өнерлерін көрермен назарына паш етті.

Сонымен бірге фестивальдің ақтық өнер кешінде Мемлекеттік күзет қызметінің (Президенттік оркестр) әскери оркестрі мен Құрмет Қарауыл ротасы, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бірлескен оркестрі мен  Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрі қатысты. Өнер додасының көркін шет елдерден келген Ресей Федерациясы Ұлттық ұланы әскері Орал округы штабының әскери оркестрі мен Қытай Халық Республикасы Халықтық қарулы полициясының оркестрі қыздыра түсті.   

Отансүйгіштік пен ұрпақтар сабақтастығы рухында өрілген Плац-концерт «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі іс-шаралары аясында ұйымдастырылып, ондағы классикалық, халықтық және эстрадалық музыкалық туындылармен қатар, жауынгерлік парад-дефиле, әскери-қызметшілердің қару-жарақпен көрсетілген танымдық көрсетілімдері Астана және оның қонақтары үшін есте қаларлықтай әсер қалдырды.

Әсіресе, жұртшылықты Президенттік оркестр мен Ұлттық ұлан үлгілік көрсетімді оркестрі орындаған туындылар ерекше тәнті етті. Еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Тілек Ерғалиев жетекшілік ететін Президенттік-үрмелі оркестр Мәскеуде өтетін әйгілі халықаралық «Спасская башня» фестивалінің тұрақты қатысушысы. Сондай-ақ, өнер ұжымы еліміздің даңқын түрлі әлемдік байқауларда абыроймен танытып жүргенін де айта кетейік. Бұл кеште өнерпаздар тамаша шоу ұйымдастырып, көрермен қауымның көз қуанышына айналды.

Ресейдің еңбек сіңірген әртісі подполковник Валерий Беликов дирижерлік ететін Екатеринбург қаласынан келген Ұлттық ұлан әскері Орал округы штабының оркестрі де қалың қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Кәсіби деңгейде орындалған туындылар көрермен қошеметіне бөленді. Өйткені, өнер ұжымы қазақ еліне құрмет ретінде Абайдың «Көзімнің қарасы» мен «Наурыз» әуенін домбырамен сүйемелдей орындап, кешке жиналған жұртшылықтың ерекше ықыласын тудырды.

Қытайлық Ли Сычен жетекшілік ететін Халықтық қарулы полициясының «Защитник» оркестрі осымен екінші рет Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлделері үшін өткен халықарлық фестивальға қатысты. Құрамында дарынды да шебер орындаушылары бар музыканттар бұл жолы бар өнерлерін ортаға салды. Әсіресе, қытайлық композиторлардың туындыларын орындаған оркестр жиналған қауымды өздерінің төл мәдениетімен тәнті етті.

Кеш барысында 150 адамнан құралған ұландық жауынгерлер ішкі істер органдарының 25 жылдығына тарту ретінде «ІІМ», «25», «ҰҰ», «KZ» әріптері мен сандарын сап түзеп салып, Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің солистері «Полиция қыранымыз» бен «Ұландар» атты Ұлттық ұлан әнұранын орындады.

Фестиваль қатысушыларының бірге орындаған «Дружба» әуені үш ел арасындағы мызғымас ынтымақтастықты әспеттегендей болды. Сонымен қатар, оркестр мүшелерінің «Қазақ елі» әнін нақышына келтіре орындауы, салтанатты шараның шарықтау шегін шалқыта түскендей.

Жалпы, фестиваль қорытындысы бойынша Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов өз атынан арнайы сыйлықтар мен дипломдарды Ресей, Қытай және еліміздің Президенттік, Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрі мен Шекара қызметінің бірлескен оркестрлерінің жетекшілеріне тарту етті. 

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»