Ақмола облысының әкімі Мəлік Мырзалин Бурабай ауданы активінің жұмысына қатысып, депутаттардан жаңа әкімнің кандидатурасын қолдауды сұрады.
Ұсынған кандидатураны аудандық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдап, дауыс бергеннен кейін облыс әкімінің өкімімен Қанат Қарауылов Бурабай ауданының әкімі болып тағайындалды.
Аудан активіне жаңа басшыны таныстырған облыс әкімі өңірде бірінші кезекте шешілуге тиісті міндеттер мен Елбасының тапсырмаларына тоқталып, ауданның жаңа әкіміне алда тұрған ауқымды жұмыстарды ерекше атап көрсетті. Сонымен бірге, ол аудан активі алдында жаңа әкімге сенім білдіріп, белсенді жұмыс істеуге шақырды.
Өз кезегінде ауданның жаңа әкімі Қанат Қарауылов өзіне көрсеткен зор сенімдері үшін облыс әкімі мен депутаттарға алғысын білдіріп, осы сенімнен шығуға бар күш-жігерін аянбайтындығын жеткізді.