Биыл жетінші рет өткізіліп отырған шараны ЕҰУ кәсіподақ комитетінің төрағасы Талғатбек Жанайдаров, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ұлықбек Есдәулет, белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп және профессор-ғалым Намазалы Омашев құттықтау сөзбен ашып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жылдағы дәстүр бойынша жарысқа қатысушылар алпыс жастан асқан қаламгерлер және алпыс жасқа дейінгі журналистер мен БАҚ саласының қызметкерлері болып екі топқа бөлінді. Нәтижесінде алпыс жастан асқандар арасынан І орынды ЕҰУ оқытушысы, заң ғылымдарының докторы, профессор Жұмабек Бұсырманов иеленсе, ІІ орынды Қазақ радиосының ардагер журналисі Ғалым Есенсариев алды. ІІІ орын белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлына бұйырды.
Алпыс жасқа дейінгілер арасындағы екінші топтан бірінші орынды көрнекті фотограф Шүкір Шахай жеңіп алса, екінші орынды танымал журналист Серік Жанболат, үшінші орынды Нұрділда Ораз иеленді. Сондай-ақ, ерекше ойындарымен көзге түскен Несіп Жүнісбай, Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Омархан жеңіске деген ұмтылыстары үшін марапатталды.
Турнир соңында ұйымдастыру алқасы барлық қатысушыларға алғыс айтып, естелік суретке түсті. Осындай шаралар арқылы әр қазақтың жадында Ақселеу Сейдімбектей арда азамат әрдайым сақталары сөзсіз.
«Егемен-ақпарат»