Үш өзеннің арнасын қалдықтардан тазарту бойынша атқарылып жатқан шаралардың нәтижесі бойынша, соңғы апта ішінде жұмысшылар 10 тонна қоқыс жинаған.
«Үш өзеннің ішінде «Сарыбұлақ» қоқысқа толып, қатты ластанған. Есіл және Ақбұлақ, сондай-ақ Сарыбұлақтың жағасы күн сайын тазартылады. Бірақ күннің күрт ысуы балдырлардың көптеп өсуіне септігін тигізуде», - дейді М.Бақбергенұлы.
Жазғы мерзімде тұрмыстық қалдықтар мен қоқысты жинауға 30 жұмысшы тартылады. Маманның пікірі бойынша, қала өзендерінің қатты ластануына адамдардың да қатысы бар.
«Үш өзеннің арнасынан қоқыс пен қалдық таңның атысы мен кештің батысына дейін жиналады. Есіл өзенінің жағасы күн сайын тазартылып, сол аумақта қоқыс тастайтын жәшіктер мен бейнебақылаудың бар болғанына қарамастан, қалдық көп жиналып, өзен арнасы қатты ластанады. Сарыбұлақ өзенінің арнасынан күн сайын бос бөтелке құтылары мен темекінің қалдықтары секілді ондаған пакет қоқысты сыртқа шығарамыз. Бұл тұрғыда адамдардың табиғатқа, өз қалаларына жанашырлықпен қарамайынша, жұмысшылардың еңбегін бағаламайынша, нәтиже осы күйінде қала береді дегім келеді. Сол себепті тұрғындардың тазалық мәселесіне салғырт қарамауын өтінеміз», -деді М.Бақбергенұлы.