Салтанатты шараға университет ректоры, профессор Марат Ибатов және Mitsubishi Electric концернінің бас директоры Хироши Фурута мен «Казпромавтоматика» компаниясының өкілдері қатысты. Қарағанды техникалық университеті бұған дейін де Total, Ersai, Siemens, Festo, Leica Geosystems Kazakhstan, Schneider Electric сияқты әлемдік компаниялардың өкілдіктерімен бірлесе отырып, оқу орталықтары мен тәжірибелік зертханалар ашқан болатын. Мұндай орталықтардың артықшылығы – студенттер мен магистранттар университет қабырғасында жүріп-ақ өндірістік тәжірибемен кеңінен танысу мүмкіндігіне ие болады. – Бұл зертханалар университетпен тығыз жұмыс істейтін металлургия, тау-кен, энергетика салаларындағы өндіріс орындарының жұмыскерлері үшін тренингтер өткізуге де өте қолайлы. Сондықтан, мұндай білім беру орталықтарын жоғары оқу орны базасында өндірістік компаниялармен бірігіп ашу бәсекеге қабілетті шынайы маман-инженерлерді дайындап, өлкеміздің кадрлар мәселесін шешуге тікелей ықпал етеді, – деді университет ректоры М.Ибатов. Оқу орталығы Mitsubishi Electric ұсынған әлемдік стандарттарға сай құрылғылармен жабдықталған. Онда өндірістік машиналарды ұзақтан, тіпті, мобильдік телефон арқылы басқару бағдарламаларын жасайтын құрылғылар, бақылаушы құрылғылар, оператор панелі, қондырғылардың жұмыс істеу жиілігін бақылау құралдары, сондай-ақ жиілігі жоғары тоқпен жұмыс істейтін өндірістік құрылғылар мен роботтардың жұмысын бақылау және өзгерту процестерін қадағалайтын сервопривод бар. Орталықтың ашылу рәсіміне арнайы шақырылған жапон концернінің бас директоры Хироши Фурута кездесу барысында университеттегі маман даярлау шарттарымен танысып, концерннің ресми өкілі «Казпромавтоматика» компаниясы арқылы университетпен үшжақты серіктестікте жұмыс жасауын жалғастыра беретіндігін мәлімдеді.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы